Денсаулық сақтау

Семейде балаларды оңалту және катамнез орталығы ашылады

Didar ақпарат

ШҚОның денсаулық сақтау саласына бес жылда 135,2 млрд теңге, оның ішінде 2021 жылы27,6 млрд теңге инвестиция салынды.

Жалпы, соңғы бес жылда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін үш мыңнан астам заманауи жабдық сатып алынды, бұл жоғары технологиялық медициналық техниканың көлемін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік берді. Жедел жәрдем автокөліктерінің паркі 216 бірлікке жаңартылды. Ауылдық медициналық мекемелерді жабдықтау және оларды жоғары деңгейге көшіру бойынша шаралар қабылдануда.

Семейдегі онкологиялық диспансердің ядролық медицина орталығында Қазақстандағы алғашқы радионуклидтік терапия бөлімшесі ашылды, онда бүгінгі күні 106 пациент емделіп шықты, 378 пациент диагностикалық зерттеулерден өтті.

Биылғы желтоқсан айында Семей перинаталдық орталығының базасында балаларды оңалту және катамнез орталығын ашу жоспарлануда.

Өскеменде гематология орталығының құрылысы жалғасуда. Жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалану жобаның бірегей ресурсы болады.

– Біз шетел клиникаларында медицина кадрларын онкология, кардиология және кардиохирургия, инсульт орталықтары, нейрохирургия, медициналық оңалту, акушерлік және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша оқыту бағдарламасын жалғастырып жатырмыз. Биылғы қыркүйек айынан бастап 60 маман Израиль, Польша, Ресей (Татарстан) сияқты шет елдердің жетекші клиникаларына оқуға жіберілді. – деді Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Осы айдарда

Back to top button