«Дидардың» қонағы

Семей полигонын жабуға қарсы күрес Қарауылдан басталған

Семей полигонын жабуға қарсы күрес Қарауылдан басталған


Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тарихи Жарлығының арқасында әлемдегі ең ірі бес полигонның бірі өз жұмысын тоқтатты. Адамзатқа қатер төндірген қауіптің бұлты ең алдымен қазақ жерінде сейілді. Осы қозғалыстың басында болған Олжас Сүлейменовті қолдаған – ең алдымен Абай ауданының халқы еді. Өйткені 1989-90 жылдары халықаралық жиындардың барлығы Абай ауданының орталығы Қарауыл төбеде өтті. Біз «Невада-Семей» қозғалысының сенімді өкіл дәрігері, сол заманның тарихи куәгері Болат Серікбаевтан осы мәселе туралы айтып беруін өтінген едік.

-Ядролық сынақ полигонына қарсы тұру Абай, Шәкерім, Мұхтар туған осы қасиетті жерде бастау алды, – деп бастады әңгімесін «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі, дәрігер Болат Серікбаев. – Бірінші күннен ,Олжас Сүлейменов бастаған қозғалыстың эпицентрдегі сенімді дәрігері болдым. Радиация әсерінен, ауыр жарылыстардан қаншама адам қатерлі дерттерге тап болды?! Солардың барлығы полигонның әсері екендігін дәлелдеуге тырысқан дәрігерлердің бірі болдым. Көбі сол кезде маған «полигон жері таза, сенікі бос әурешілік» деп қарсы шықты. Абай ауданында жас жігіттердің психикалық ауытқушылыққа ұшырап, асылып қалу фактілері кездесті. Тынысты тарылтқан сол бір көзге көрінбейтін шаң-тозаң, айлап, жылдап емес, ғасырлап кетпейтін радиация әсері адамзатқа ғана емес, қоршаған ортаға да шектен тыс зиян әкелді. 1991 жылы 4 тамыз күні Абай ауданының орталығы Қарауылда рұқсат етілмеген екі митинг өтті. Бұл митингтерге жеті мың адам жиналдық. Ол кезде «бұл полигонды жабамыз-ау» деген үміт те болды, «жабылмауы мүмкін-ау» деген шарасыздық та болды, несін жасырайық. Митингте оншақты адам сөйледік. «20 килотонналық жарылысқа жол бермейміз және өтемақыны халыққа жәрдем үшін бөліп беру керек» деген пікірді ұстандым. Облыс басшысы Кешірім Бозтаевтың екіұдай ойда тұрғандығы сөзінен белгілі болды. Иә, ол кісі полигонның жабылуын қалады. Бірақ компенсация, яғни өтемақы мәселесінде шешімге келе алмады. «Өтемақы халыққа берілсін, біреулер оны жеке бастарына пайдаланып, миллионер болып кетуіне жол жоқ! Хафиз аға, адамгершілікпен шешейік, зардап тартқан елге қаражатты таратып берген жөн, тіпті жұмысыңыздан айырылсаңыз да» деген пікірімді ашық айттым. «Мен халық жағына шығамын! Керек болса, жұмысымды да өткізейін, полигоннан зардап шеккендердің өтемақысы бір тиыны да қалмастан халыққа бөлініп берілсін!» деген ойын жеткізді менен кейін Хафиз Матаев. Кешірім Бозтаев та ақыры келісті. Сөйтіп, 1991 жылы 28 шілдеде және 4 тамызда екі митинг өтіп, полигонға соңғы нүкте қойылды. Бірақ 1991 жылы 9 тамызда аудандық прокуратура маған жазбаша ескерту жасады. «1991 жылы 12 тамызда Кеңес Одағының және Қазақ ССР-інің заңдарын бұзып, рұқсат етілмеген митингі жасадың» деп КГБ менімен әңгіме жүргізді. Ал сол 1991 жылы 15-16 тамызда Алматыға Борис Ельцин іссапармен келді. Одан кейін өздеріңізге белгілі, Мәскеуде 19-21 тамызда ГКЧП оқиғасы өтті. Сонда Борис Ельцин бронетранспортерлерге шығып алып, өзінің қанатты сөзін айтты: «Сколько хотите, берите свою независимость!». Осылайша КСРО құрамындағы 15 одақтас республика өз тәуелсіздігін алды, соның бірі – Қазақстан еді. 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өз Жарлығымен полигонды жапты. Сол жылы 25 қазан Республика күні болып жарияланды. 1991 жылы 19 қарашада Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.НАЗАРБАЕВ Абай ауданына арнайы келгенде: «Сендер эпицентрде маңызды көзқарас қалыптастыра білдіңдер. Сендердің ауызбіршіліктеріңнің арқасында мен полигонды жаптым», – деп айтқан сөзі әлі есімде.

Халықтың денсаулығына қатты алаңдадым

-Сіз «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының сенімді өкіл-дәрігері болғаныңызды айтып отырсыз. Полигон жабылғанға дейін сізге қандай жағдайлар белгілі еді, қандай келеңсіз жағдайлардың куәсі болдыңыз? Сол бір кезең нағыз арпалыс пен күреске толы жылдар емес пе еді?
-Мен сол қиын-қыстау кезеңде халықтың сенімді дәрігері болдым. Өйткені полигоннан зардап шеккен тұрғындардың, Абай ауданы, Абыралы өңірінің мұңын тыңдау өз алдына, емдеу, сауықтыру керек еді. Оларды тексеретін Мәскеуден келген дәрігерлер «халық сап-сау, оларда полигонның әсері жоқ», деп алдап кете беретін. Бірақ жоғары білімді дәрігер болғандықтан, айтқандарымен келісе алмадым. 1989 жылы қыркүйек айында аудандық кәсіподақ ұйымының есеп беру, сайлау жиналысы өтті. Сонда полигондағы халықтың денсаулығы нашарлап, түрлі қатерлі дерттер қаптап кеткендігін, Абай ұрпақтарының ауруға ұшырағандығын айттым. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы сөзімді бөле берді. Оған сол кезде шыдай алмай: «Ты что, враг народа?!» деп кіжініп қалғаным. Онымен бірге келген обкомның медицина саласының маманы: «Қазір уақыт жаман, байқап сөйлеу керек, мына жігітті кәсіподақ ұйымынан шығарып тастайық!» деді. Сөйтіп, жиналыстың соңы менің жалғыз қалуыммен аяқталды. Сөйтсе де, мен қара халықтың мұңын жоғары жақтағы медицина саласының қызметкерлеріне жеткізуге белімді бекем будым. Полигон жабылғанға дейін 1990 жылы аудандық «Абай ауылы» газетіне «Атом – адам жауы» деген мақала жарияладым. Оны оқыған біраз дәрігерлер «Хромосомдық абберация түсінікті жазылған» деп менің қатарыма қосыла бастады.

Семей полигонын жабуға қарсы күрес Қарауылдан басталған

Уланған жер жарасы ушығып кеткен еді

-1989 жылы халықтың толқуы ушығып кеткені рас. Полигонның зардабы күннен күнге өршіп бара жатты. 1990-91 жылдары Мәскеудегі көсемдер түрлі бомбалық жарылыстар жасар алдында, ауылда мал бағып жүрген қаймана қазақтың, бір сөзбен айтқанда, 40 жыл бомбаның астында қалған абайлықтардың қарсылығына тап бола бастады. Абай ауданынан басқа Семей қаласында да жиындар өтіп жатты. Сондай бір жиын, барлық дәрежедегі депутаттар бас қосқан әрі әскерилер қатысқан мәжіліс 1991 жылы маусым айында өтті. Олар, яғни басшылар мен әскерилер «20 килотонналық жарылысты жасауға халықты қалай көндіреміз» дегенге ақылдасты. Көп ешкім ештеңе демеді. Кешірім Бозтаев: «БАҚ өкілдерін шақырған жоқпыз, халықты дүрліктіріп алмайық», деді. Мінбер біраз уақытқа дейін бос тұрды. Ешкім ештеңе демейді. Содан мінберге шықтым да, сөйлей бастадым: «Біздің ұрпағымыз меңіреу, ауру болып кетеді. Ұлтымыздан айырыламыз. Түрлі қатерлі дерттер, ақ қан ауруларынан алдыңғы орынға шықтық. Бұл полигонның әсері. Халқымызды, кейінгі жас ұрпақты жойып аламыз» деп ашынып-ақ айта бастаған едім, алдыңғы қатарда отырған М.Жангелова деген қоса қыстырылысып, «зиян екенін білеміз ғой, зиян екенін білеміз ғой» деп сөзімді аяқтатпай қойды. Қысқаша сөйледім. Менен соң орнынан тұрып, мінберге полковник Вялых шықты:
«Взрывы по 20 килотонн никакой вредности не имеет, это мощь страны, наш военный щит, мы должны взрывать…». Оның сөзіне ешкім ештеңе айтпады, мақұлдаған да, қарсы шыққан да жоқ. Шыдамай орнымнан қайта тұрдым. Өздеріңіз білесіздер, ол кезде бүкіл жиын атаулы әскерилер қатысып отырғандықтан да тек қана орысша өтуі тиіс болатын. Сонымен шықтым да: «Нам надо в первую очередь здесь открыть лабороторию и по результатом хромосомных аббераций ясно будет, что нельзя взрывать, и какие районы отнесем на какую категорию… » деп-ақ келе жатыр едім, тағы біреулер қарсы шықты, бір орыс әріптесім ғана, өзі дәрігер «Он правильно говорит!» деп мені қолдады. Жиыннан осылай тарадық. Абайда кіл қазақтар, ал Семейде 150 ұлттың өкілі өмір сүреді, полигоннан бүкіл адамзат баласы зардап шегіп отыр емес пе?! 25 жыл өтсе де, проблемалар әлі де баршылық. Семейліктер, қала тұрғындары экологиялық қосымша ақыны ала алмай отыр. Мәскеу түбіндегі Обнинск қаласынан келген профессор А.В.Савенкаевтың басшылығымен полигон жабылғаннан кейін ауыл және қала тұрғындарының қаны цитогенетикалық тексеруден өткізілді. Нақты айтқанда, ауыл тұрғындарының қанындағы лимфоцит «Петри» тостағаншаларында, қала тұрғындарындағы лимфоцит «Пенициллин» сауытында өсіп-өндірілді. Сөйтіп, хромосом клеткасындағы ауытқушылық өзгерістер ауыл тұрғындарында шамадан тыс 200-300 метафаз көрсетсе, қала тұрғындарыныкі 50 метафаз болды. Осының өзі-ақ, атом бомбалары жарылысынан болған радиацияның шектен тыс әсерін көрсетті. Дегенмен, алдағы уақытта қала тұрғындарын әлі де болса тексеруден өткізіп, олардың денсаулықтарын емдеу керек. Зардап шеккен халықты сауықтыру жұмыстарын жалғастыра беру керек.

-Сіз үнемі өз әңгімелеріңізде осы Абай ауданын ұзақ жылдар басқарған, бүгінде абыз ақсақал Хафиз Матайұлын ерекше құрметпен атайсыз. Мүмкін бұл, сол қиын-қыстау кезеңде бірге жүрген кездеріңіздің, бірге еңбек еткен жылдарыңыздың сағынышы шығар?

-Хафиз Матайұлына бүкіл елдің құрметі әрқашанда айрықша болып қала бермек. Мен Абай ауданына Алматы медицина институтын бітірген соң, жолдама алып келген кезде, 27 пәтердің біреуін Хафиз аға «жас маманға көмек болсын» деп маған бергізді. Жас отбасыммен әйтеуір осыдан кейін үй жағдайынан қиналған жоқпын. Халыққа деген көмегін де аямайтын. Бірде, сонау 1990-ыншы жылдары мынандай жағдай болды. Бір жездеміз қоймада жұмыс істейтін. Қоймада жетіспеушілік болған соң, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. «Кінәсіз екендігіме сенбейді» деп қорыққан ғой. Оның үстіне күнара дүрсін-дүрсін жарылыс, полигон да адам психологиясына әсер етеді. Байғұстың асылып өлмекші болған сәтін әріптестері көріп қалып, жанын аман алып қалады. Бұл оқиғаны естіген соң, дәрігер ретінде ойға баттым. Бұл ертең суицидті тағы да қайталауы мүмкін, өйткені әбден күйзеліске түскен. Содан Хафиз ағаға келіп, «жетіспеушіліктің орнын толтырайық, бұл оқиға тағы қайталануы мүмкін» дедім, өйткені онсыз да полигон астында шыбындай қырылған халықтың бірлі-жарымын болса да сақтап қалған жөн еді. Ол кісі айтқанымды бірден түсінді. Полигонда тұрып жатқан халықтың сол кездегі басшысы, Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаевтың еңбегі орасан зор екендігін ұмытып кетуге болмайды. Бүгінде полигонды жабуға мен атсалыстым деушілердің қатары көп. Дегенмен, сол полигон орналасқан Абай, Абыралы өңірлеріндегі зардап шеккен халықты ең алдымен кім түсінді?! Әрине, Хафиз аға, ол кісінің сол қиын-қыстау жағдайда тездетіп шешімге келе алуы, халық қамын ойлауы да ерекше болды.

Семей полигонын жабуға қарсы күрес Қарауылдан басталған

-Қазір қандай жұмыстармен айналысасыз?

Семейде «DENTA BOSS» деп аталатын арнайы орталық ашқанмын. Өйткені, мен дәрігер ретінде халқымыздың денсаулығына қай кезде де алаңдаймын. Бүгінгі заман талабына орай тіс дәрігерінің жұмысы да азаяр емес.

-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Раушан Нұғманбекова,
Семей қаласы.

Осы айдарда

Back to top button