Абай - 175

Семей көрікті шаһарға айналды

Биыл Абайдың 175 жылдығына орай қалада ауқымды шаралар жоспарланған болатын. Мерейтойға орай солардың біразы қолға алынды. Десек те, пандемия жағдайына орай біраз дүниелер кешіктіріліп орындалды.

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, аулалардың абаттандырылып, көріктендірілуі халық көптен күткен шаруалардың легі болатын. Нақты қолға алынып әрі атқарылған шаруаларға келсек, Абай атындағы театр толық жөнделді. Жұмыстарға қаражат өткен жылдың қыркүйегінде бөлінген. Мұнда театр шатыры, қасбеті, баспалдақтары жөнделіп, аумағы абаттандырылды. Жөндеу барысына облыс басшылығы тарапынан қатаң бақылау болды. Театр іші де өзгерді. Фойе мен көрермендер залы жаңартылды. Абай мерейтойына орай театр әртістері жақында жаңа сахнаға шығып, өнер көрсетті.

Абайдың 175 жылдығына орай маңызды іс-шаралар «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында да болды. Қазір музей залдарында қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Музейдің айналасы да абаттандырылды. Мұнда тротуарлық плиталар ауыстырылып, гүлзарлар орнатылды.

Семейдегі аулаларды абаттандыру бойынша келісімге еліміздің бес өңірінен келген мердігерлер қол қойған болатын. Олардың барлығы ақынның туған жеріне деген құрметке орай бастама көтерген. Шымкент пен Жамбыл облысының мамандары жұмысқа дереу кірісті. Ал Атырау, Ақтөбе, Павлодар қалаларының мердігерлері әлі қаражат қарастыруда.

Жобаға сай дереу қолға алынған аулаларда балалар және воркаут алаңдары, автотұрақтар, футбол алаңы және тұрғындардың демалуына арналған орын орнатылды. Сондай-ақ аулаларға асфальт төсеу және жарықтандыру жұмыстары қарастырылған.

– Абай мерейтойына орай Шымкент қаласының әкімдігі Семейдегі Қарменов, Рысқұлов, Глинка, Шайжүнісов, Павлов көшелеріндегі төрт нысанды қаржыландырды. Жұмыс жақсы жүрді, кедергі жоқ. Жергілікті ТҮКШ-пен тығыз байланыста жұмыс істедік. Материалдарды Семейден алдық, – дейді Шымкент қалалық «Talap Stroy Service» мердігер компания қызметкері Сухраб Салметов.

Тұрғындар мердігерлер мен жергілікті билікке өз аулаларында жүріп жатқан жұмыстар үшін алғыс білдіріп жатыр.

– Құрылысшылар жаз бойы жұмыстарын күн-түн демей істеді. Барлығы қауіпсіздік техникасын сақтаумен жасалды. Ауламыз немерелеріміз үшін жайлы болады деп ойлаймын, – дейді жергілікті тұрғын Есен Әбішов.

Жобалық құжатқа сәйкес жұмыс мерзімі үш айға есептелген, алайда мердігерлер жұмысты тамыз айында аяқтап үлгерді. Мұның барлығы Абай тойына тарту болып есептеледі.

Облыс басшысының бастамасымен қолға алынған Семейдің сыртындағы Қарағайлы шағын ауданының аулалары да, көшелері де күн сайын көріктендірілуде. Жасыл желектер отырғызылуда. Бұл  – жергілікті халықты жігерлендіретін тамаша көрініс. Бүгінде Семейден Қарағайлыға қарай жүретін көше де жөнделуде. Бұл жұмыстар да ақынның 175 жылдығына орай қолға алынған.

default

Биыл Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі төрт жобаға қатысып отыр. Олар: Абай мен Мұхтар Әуезов алаңдарын жөндеу, Әуезов даңғылын жаңарту, Жаңасемейдегі Селевин көшесінен ет комбинатына дейінгі бөліктің көшелері мен аулаларын абаттандыру.

– Әуезов даңғылында, Селевиннен ет комбинаты маңын көріктендіру, жөндеу бойынша мерейтойға орай Алматы облысы көмектесуге ұсыныс жасады. Сараптамалық комиссия олар үшін жоба дайындады. Қаржыландыру Алматы облысынан болды. Бірақ жалданғандар – жергілікті маман, жұмысшылар. Барлық инертті материалдар жергілікті жерден болды. Жұмыс қызу жүрді, – деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев. – Қазір Абай алаңының жобасы сараптамадан өтіп, онда атқарылған жұмыс халық көңілінен шықты. Сонымен бірге жобаға екі үйді жаңарту да кірген, бұлар – Абай көшесі, 67 мекенжайы және ағайынды Мусиндердің үйі. Бұл – тарихи үйлер, Абай алаңының жаңа келбетіне сай болуы үшін олардың сәулеттік келбеті қалпына келтірілді, қасбеті әктелді, шатыры жөнделді. Мұхтар Әуезов алаңын жаңарту жобасы да сараптамадан өтіп, құжаттама дайындалды. Бүгінде жүзеге асуы тиіс іс-шараның бірі – осы. Бұл мәселе бойынша Батыс Қазақстан облысы бас мердігермен қатар жұмыс істемек. Мұхтар Әуезовтің ескерткіші толығымен мәрмәр тақтайшалармен қапталады. Сондай-ақ алаң жарықтандырылып, кейбір көше жарықтары өзгертіліп, субұрқақ пен көгалдар жаңартылады.

Амантай Өтелбаевтың айтуынша, бағдарлама аясында балалар алаңдары мен аула аумақтарын абаттандыру да жоспарлануда. Өткен жылы Семейде көпқабатты үйлердің ішкі аумақтарын абаттандыруға бағытталған «Менің аулам»  бағдарламасы басталған. Осы мәселеге тоқталып өткен бөлім басшысы 2025 жылға қарай бюджет есебінен қаланың барлық үйлері маңындағы аумақтар абаттандырылатынын хабарлады. Бірақ әзірге пандемия режиміне байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылды.

– «Менің аулам»  бағдарламасы уақытша жұмыс істемейді, бірақ жоспарда тұр. Бүгінде бізде 1400 тұрғын үй бар, оның ішінде 600-700 аула қамтылған. 2025 жылға дейін барлық аулалар жөнделеді. Барлық аулалардың стандартқа сай болуын жоспарлап отырмыз, – деді Амантай Өтелбаев.

Семейде абаттандыру, көшелерді жөндеу жұмыстары көктемнен бастап қолға алынған. Қалада алаңдар мен басқа да қоғамдық нысандарды абаттандыру жұмыстары түгелдей жүрді. Амантай Өтелбаевтың айтуынша, орталық алаңды көгалдандыру бірінші орында қолға алынды.

– Себебі орталық алаң – тұрғындардың қыста да, жазда да келіп, түрлі шаралар өткізетін орны, – деді Амантай Өтелбаев, –алаңды күтіп-ұстауға арналған байқау өткізілді. Биыл да көгалдар жасалып, гүлдер отырғызылды. Жұмыстар барлық талаптарға сай жүзеге асты. Сондай-ақ 1-ші шағын аудандағы жағалау жабдықталды. Салынып жатқан мешітке жақын аумақ та абаттандырылды. Қаржыландыру мәселесі шешілген.

Семейде жол жөндеу жұмыстары басталып, көптеген көшелер мен аулалар көрікті күйге енді. Биыл жол жөндеу жұмыстарына қала бюджетінен 1,359 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде 11 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Серғазинов мәлім еткен. Сол жағалауда жөндеу жұмыстары Семей – Қарауыл бағытындағы мектептен айналма жол айрығына дейін, Волгоградская көшесі болса, сол жердегі №49 мектептен Рыков көшесіне дейін, Селевин көшесі және Рыков көшесінен Автодорожная көшесіне дейінгі жолдар жөнделген. Бозтаев көшесін кеңейту жоспарда бар. Селевин көшесінен сол жағалаудағы айналма жол айрығына дейін қарастырылмақ. Сонымен бірге, әуежайға кіреберіс жол жөнделіп, әуежай айналасы жаңа келбетке ие болды.

– Абайдың 175 жылдығына орай жергілікті бюджеттен әуежайға іргелес аумақ абаттандырылды. Әуежайға баратын жол жөнделді. Іргелес аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Гүлзарлар пайда болды, 70 шырша отырғызылды. Жаяу жүргіншілерге арналған жол бар, орындықтар орнатылған. Бұл жұмыстарға 104 миллион теңге жұмсалды. Мердігер – «Гордорстрой». Жол толық аяқталды, – дейді Нұрлан Серғазинов.

Сонымен бірге, Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, Жангелдин – Омбы – Майқапшағай автожолын қайта жаңарту басталды. Жобаның құны 1,648 млрд. теңгені құрайды.

Нұрлан Серғазинов айтқандай, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында көшелерді орташа жөндеуге 1 миллиард теңге бөлінді. Қаланың 15 көшесіне күрделі жөндеу жүргізілген, олар – Би Боранбай, Кәрменов, Герцен, Рысқұлов, Дулатов, Тоқай көшелері және 17-шы отбасылық-дәрігерлік амбулатория аймағындағы жол, Жұқпалы аурулар ауруханасына кіреберіс жол.

– Қарағайлы шағын ауданындағы кварталішілік көлік жолдарының құрылысына облыстық бюджеттен 500 мың теңге бөлінді. Бұл қаражат жеткіліксіз, сондықтан қосымша екі миллиардтан астам теңге бөлінеді, – деді Нұрлан Серғазинов.

Бөлім басшысының орынбасары сонымен қатар мердігерлер кепілдік аясында жолдардағы ақауларды да жөндейтінін айтты, себебі оларды бақылайтын техникалық қадағалау жол жұмыстарын биыл да қадағалайтын болады.

Жалпы, биыл 40 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланған. Осының бәрі – халық үшін атқарылып жатқан шаруалар. Семейде сонымен қатар ақын мерейтойына орай «Абай жолы» жаяу жүргіншілер көшесінің құрылысы аяқталды. Бұл – Алматы облысының мерейтойға тартуы. Жаяу жүргіншілер аймағын құру жұмыстары маусым айында басталды. Әуезов даңғылы мен Селевин көшесі қиылысынан бастап ет комбинатына дейінгі аралықты қамтиды. Қазір құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. «Абай жолы» жаяу жүргіншілер көшесінің ұзындығы – 2100 метр. Көше бойына қырлы табиғи тастар төселген, орындықтар, балалар және спорт алаңдары, жарық орнатылған. Сонымен бірге, жобаға 1600 метр ұзындықты құрайтын веложол енгізілген. Ол темір жол өтетін жерден басталып ет комбинаты тұсында аяқталады. Екі мың ағаш отырғызылды. Көше бойына Абайдың нақыл сөздері жазылған жеті стела орнатылған. Аталған жобаға 600 млн. теңге бөлініпті.

Тағы бір жағымды жаңалық – Семейдің орталық алаңында көпфункционалды жаңа орындық пайда болды. Ол ауа температурасы мен уақытты көрсетеді, сонымен қатар смартфонды зарядтауға арналған арнайы USB қосқыштарымен жабдықталған. Орындық «Зеленстрой Семей» ЖШС-нің демеушілігімен орнатылды.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button