Сел қаупі әлі сейілген жоқ
Селден құтқару қызметінің мамандары мен төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері апта сайын тау басындағы көлдердің деңгейін бақылап жүр. Өйткені бұлардан келетін қатер қыркүйек айының ортасына дейін созылады.
Өңірде сел қаупі бар 23 ошақ бар, олар Катонқарағай, Зайсан, Үржар, Тарбағатай, Алтай аудандары мен Риддер қаласында орналасқан. Осы аудандардағы таулардың басында 13 елді мекенге қауіп төндіретін 146 мореналық көл пайда болған. Мамандар жыл сайын оларды әуеден бақылап отырады.
Облыста көшкін қаупі бар 9 учаске бар. Олар Громотуха, Үбі, Бұқтырма, Хамир, Чернова, Кендірлік өзендерінің аңғарында орналасқан.
«Төтенше жағдайлар департаменті «Қазселденқорғау» мекемесімен бірлесіп, сел және көшкін қаупі бар учаскелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Өзен арналары мен қауіпті учаскелерді қадағалау кестесі дайындалды. Алдағы уақытта мореналық көлдерде батиметриялық жұмыстар жүргізіледі. Сел қаупі бар учаскелерде 46, көшкін қаупі бар учаскелерде 18 ескерту және тыйым салу қалқаны орнатылды, көшкін қаупі бар аудандардың атқарушы органдарына, кәсіпорын басшыларына, үй иелеріне 32 хабарлама-ұсыным берілді», деп түсіндіреді департаменттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар сел мен көшкін жағдайына мониторинг жүргізу үшін тұрақты 3 гидробекетке қосымша 9 маусымдық бекет ашылды.
Төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына сай күш-құралдар тобы жасақталған. Оған 547 адам, 77 техника, 15 тіркеме, 122 жылжымалы мотопомпа, 30 жүзу құралы еніп отыр.
Бүгінгі шекті көшкін қаупі бар учаскелер 53 рет, сел қаупі бар учаскелер 180 рет арнайы тексерілген.
Қазір облыстағы сел және көшкін жағдайы тұрақты, барлық қауіпті учаскелер «Қазселденқорғау» мамандарының бақылауында, төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары сақадай сай.
Ержан Әбіш