Денсаулық сақтау

Сегіз аурухананың басшысына сөгіс беріледі

Сегіз аурухананың басшысына сөгіс беріледі

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы қандай? Өскемендегі №1 қалалық ауруханада облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында биылғы жылдың желтоқсан айында межеге жетуі тиіс мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланды.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының өңірде іске асырылу жайы туралы ең алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Попов баяндама жасады. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаның бірнеше негізгі мақсатты индикаторлары бар, олар: халықтың өмір сүру жасын ұзарту, ана мен бала өлімін төмендету, туберкулезбен, онкологиялық аурулармен ауыратындардың санын азайту және ВИЧ инфекциясының таралуына жол бермеу. Сергей Поповтың айтуынша, жағдай жаман емес, үстіміздегі жарты жылдың қорытындысы бойынша өңірде демографиялық жағдай тұрақталып, әлеуметтік-маңызы бар аурулардың көрсеткішінің төмендегені байқалады. Атап айтқанда, бала өлімі 11,3 пайызға, туберкулезбен ауыратындар 18 пайызға азайған. Сондай-ақ, онкологиялық аурудан көз жұмғандардың қатары да 1,6 пайызға кеміген. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылған соңғы төрт жарым жылдың ішінде шығысқазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзақтығы 70,77 пайызға артыпты. Бұл көрсеткіш болжағаннан әлдеқайда жоғары көрінеді. Өкініштісі, биылғы алты айдың ішінде ана өлімі мен қан айналысы жүйесі ауруларынан көз жұмғандардың қатарының артып кеткені белгілі болып отыр. Қазіргі күні ана өлімі бойынша көрсеткіш республика бойынша алғанда екі есеге жоғары. Жағдайдың бұлай күрт өзгеруіне ақ халаттылардың үш ананың өмірін сақтап қала алмауы да себеп. Сергей Попов тәуекелі жоғары медициналық мекемелердің атын атап, түсін түстеп те берді. Олардың ішінде Тарбағатай, Күршім ауданы мен Семей қаласындағы №4 емхана мен Өскемендегі «Вита» медициналық мекемесі де бар. Қайғылы оқиғаның бірі Тарбағатай ауданында орын алған. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осы ауданның денсаулық сақтау саласына жауапты адамнан оның себебін сұрады.
– Ана өліміне неге жол бердіңіздер? Соның себебін айтыңызшы. Ананың өмірін сақтап қалу үшін қандай шара қолдандыңыздар? Баланың тууы бізде үлкен мәселе екенін сіздер жақсы білесіздер ғой. Неге уақытында есепке алмадыңыздар? Тарбағатай ауданы 80 мың халқы бар Үржар ауданы немесе 90 мың халқы бар Аягөз ауданы емес қой. Дер кезінде ауданның орталығына апармай, не облысқа жібермей, бір ананың өмірінің үзілуіне себепкер болдыңыздар. Сіздің шалалығыңыздан, сіздің басшыңыздың шалалығынан осы жағдайға тап болып отырмыз. Ауданда қанша жүкті әйел бар, есебін жүргізіп отыру керек. Бізге осы жетіспейді. Тек қана бақылау керек, есеп керек. Басқа ешнәрсенің керегі жоқ, – деді облыс әкімі Жақсылық Омар.
Жалпы, ана мен бала өлімін азайту мақсатында облыста дәрігерлердің біліктілігін арттыруға зор маңыз берілуде. Көптеген дәрігерлер отандық ғылыми орталықтар мен шетелдік жетекші клиникаларға жіберілуде.
Биылдың өзінде мыңнан астам дәрігер маманның білімі мен біліктілігін көтеру жоспарланып отырса, олардың ішінде балалар дәрігерлері мен терапевтер де бар.
Сергей Попов алқа отырысында маман тапшылығы мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы төрт жылдың ішінде өңірімізге 864 жас маман келген көрінеді. Биыл медициналық жоғары оқу орындарының 155 түлегімен келісімшарт жасалынған. Десе де, аймағымыздың денсаулық саласы әлі де 134 дәрігерге мұқтаж. Әсіресе, акушер-гинеколог, педиатр, анестезиолог, реаниматолог, психиатр секілді мамандар жетіспейді.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жауапты адамдарға облыс әкімінің гранты бойынша жоғары медициналық оқу орындарында оқып жатқан студенттердің де есебін жүргізіп, кім қайда кеткенін бақылап отыруды тапсырды. Белгілі болғанындай, медициналық жоғары оқу орындарында барлығы 263 студент облыс әкімінің гранты бойынша тегін білім алу мүмкіндігіне ие болса, бүгінгі күні олардың 63-і оқуды жалғастырмаған. Бірі тұрмысқа шығып, баламен академиялық демалыс алып кетсе, екіншілері мүлдем оқуды тастап кеткен немесе басқа өңірге кетіп қалған көрінеді.
– Бұл қалай? Сонда біз ақшаны желге шашып жатырмыз ба? Судың да сұрауы болады емес пе? Кім қайда екенін, қалай оқып жатқанын біліп отыру қажет. Өңірдің медицинасы дәрігер мамандарға өте зәру, – деді Жақсылық Омар.
Сергей Попов халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірыңғай Call орталығын құрғанын, осынау орталыққа бір айдың ішінде алты мыңға таяу тұрғын қоңырау шалғанын да жеткізді. Қазіргі күні облыста медицина мекемелеріне корпоративтік басқаруды енгізудің алғашқы кезеңі басталып та кетіпті. Бүгіннің өзінде өңірдегі 79 мемлекеттік мекеме шаруашылық басқаруға көшкен. Оның 46-сында бақылаушы кеңестер құрылған. Сонымен қатар, өңірімізде жекеменшік медицина да дамып келе жатыр. Облыстағы 184 денсаулық сақтау мекемесінің 87-сі жекеменшік. Бұл 47 пайызды құрайды. 52 жекеменшік құрылым мемлекеттік тапсырыстың 35 пайызын орындап отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников бес мақсатты индикатор бойынша нашар көрсеткіштері үшін өңірдегі алты медициналық мекеменің бас дәрігерлерінің жауап беріп, істері тәртіптік кеңесте қаралатынын жеткізді. Сонымен қатар, облыстағы сегіз аурухананың жетекшісіне қатаң сөгіс берілмек.
– Әрине, жарты жылдың қорытындысы бойынша жетістіктер бар. Бірақ өзге өңірлермен салыстырғанда, бізде әлі де кемшіліктер жетерлік. Денсаулық сақтау – өте күрделі сала. Аурулар да көп. Мен мұны түсінемін. Бірақ жағдайды талдап, өзгерістер енгізу керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button