Инфрақұрылым

Сегіз ауылға газ тартылады

Зайсан ауданындағы Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра ауылдарының үйлеріне газ тартылады.

– 2020 жылы Зайсан ауданының осы сегіз ауылына құны 852,5 миллион теңге болатын магистральдық желілерді салу жобасы аяқталған болатын. 52 шақырым жоғары қысымды газ құбыры төселіп, сегіз газреттегіш пункт орнатылған, – деп түсіндірді облыстың энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Рузиля Абдурашитова.

Оның айтуынша, осы ауылдардағы үйлерге газ жеткізу мақсатында былтыр ауылішілік және орамішілік желілер салу жобасы іске аса бастаған. Жобаның құны – 1203,2 миллион теңге. «StroyGazCompany» ЖШС мердігер ұйымымен шарт жасалды. Өткен жылы жоба бойынша 215,0 миллион теңге игеріліп те қойған еді.

Алайда мемлекеттік сатып алу туралы конкурста екінші орын алған компания конкурс қорытындысына келіспей, сотқа шағымданады. Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымынша, былтыр құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылған болатын.

Жуырда сот рәсімдері аяқталып, «StroyGazCompany» ЖШС биыл нысандағы жұмысты жалғастыратын болды, осы мақсатқа 939,0 миллион теңге бөлінді. Жобаға сай ұзындығы 96,5 шақырым ауылішілік және орамішілік желілерді төсеу көзделген. Нәтижесінде 5400 адам табиғи газға қол жеткізетін болады.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button