Сәбилерге МРТ тексеру сәтті жүргізілді
Айна Ескенқызы
Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығы базасында бір жастағы балаларға алғаш рет МРТ зерттеулері сәтті жүргізілді. Зерттеулер радиациялық диагностика және анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерінің қатысуымен Семей медицина университетінің жанындағы госпиталь мамандарымен бірлесе отырып өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында «Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деп айтқан болатын. Семей медицина университетінің жанындағы госпитальдің қызметі Президент тапсырмасын орындаудың жарқын көрінісі.
– Бұрын мұндай зерттеулер еліміздің басқа қалаларында жүргізілгендіктен аймақ тұрғындары облыстан тыс жерлерге баруға мәжбүр болатын. Бұл жас пациенттер мен олардың ата-аналарына қолайсыздық туғызатын. МРТ зерттеулер диагностикасы – аса маңызды және заманауи құрал, әсіресе біздің балақайлардың болашағы үшін өте маңызды, — деп атап өтті орталық мамандары.
Айта кетейік, елімізде балалар МӘМС жүйесінде мемлекет есебінен сақтандырылған. Біздің облыстың жас пациенттері де енді Астана мен Алматыға сабылмай, заманауи зерттеулерді Семейде өткізе алады.
–Өткен жылы бір жасқа дейінгі 160 сәбиді ата-аналары үлкен қалалардағы клиникаларға апарып, тексеруге мәжбүр болды. Бұл жерде жол мен жатын орынның шығынын айтпағанда бүлдіршіндердің жол азабын тартатыны қиын. Биыл облыста тағы 97 бүлдіршінге МРТ зерттеуі қажет. Енді ата-аналары іргедегі Семейге барып, балаларын тексерте алатыны қуантады, – деп атап өтті ӘМСҚ облыстық филиалының баспасөз қызметінде.
Бұған дейін осындай пікірді ӘМСҚ-ның Абай облысы бойынша филиалының директоры Ғалымжан Әбілов те айтқан-ды.
–Балалардың денсаулығына келгенде ешқандай кедергі болмауы керек, сондықтан мұндай жетістіктер жүйелі және жоспарлы жұмыстың бастамасы болмақ. Осындай жоғары технологиялы диагностикалық зерттеулер де Қор активтерінен өтелетін медициналық қызметтерге жатады. Біз орталық ұжымына осы бағыттағы еңбектеріне сәттілік тілейміз, — деді Ғалымжан Әбілов.