«Дидардың» қонағы

Сәдібек ТҮГЕЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – «Ұлы Дала Даңқы» мұражайын салуды қолға алдым

Сәдібек ТҮГЕЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері:  - «Ұлы Дала Даңқы» мұражайын салуды қолға алдым

Ұлттық құндылықтардың ұлықтаушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, жерлесіміз Сәдібек Түгел асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Жақында мерейтой иесін құттықтап, сұхбат алған едік.

Шығыс Қазақстан туралы кітап шығармақ ойым бар

– Шығыс елі Сіздің Тәуелсіздігіміздің 23 жылдығы қарсаңында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ қолынан «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын алғаныңыздан жақсы хабардар. Әркімге бұйыра бермейтін бұл мәртебе Сізге қаншалықты жауапкершілік жүктейді?
– Иә, былтырғы 15-желтоқсанда Өскемендегі Орталық Мәдениет үйінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Даниал Кенжетайұлының қолынан осы атақты алдым. Содан келесі күні Астанаға орала салысымен қолыма қалам алып, туған еліме Алғыс хат жолдадым. Жалпы, туған жер бәрінен қымбат, бәрінен ыстық қой. Көп жылғы еңбегімнің еленіп, бағаланғанына шүкіршілік айтамын. Несін жасырайын, алтын бесігім – Шығысымның Құрметті азаматы атанғаныма әлі де көңілім шалқып, жүрегімді қуаныш кернеуде. Мұндай құрметтері үшін облыс әкімі мен барша шығысқазақстандықтарға рақметімді айтамын. Өз тарапымнан өр Алтайдың табыстарын «Өсе бер, өрлей бер, Шығысым!» деген атпен «ТҮГЕЛ МЕДИАҒА» қарайтын барлық басылымдар мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттай беруге уәде беремін. Құдай қаласа, келесі жылы Шығыс Қазақстанға арналған кітап жазып, жарыққа шығаруды да жоспарлап отырмын.
– Осы тұста ұшқан ұяңыз, өскен ортаңыз жайында да айта кетсеңіз.
– 1955 жылы Ұлы Жеңістің он жылдығын бүкіл ел болып тойлауға дайындалып жатқан шақта қарапайым еңбек адамдары, «Қызыл Ту» колхозы жылқышылар бригадасының бригадирі Түгел Құмарұлы мен колхоз жұмысшысы Мәрия Түгел келінінің шаңырағында жетінші бала болып дүниеге келіппін. Әкем мен шешем біздерді ел қатарлы оқытып, жақсы тәлім-тәрбие беріп өсірді. Менің балалығым өткен Ұлан ауданы Төр Алтайдың құт қонып, бақ дарыған аудандарының бірі де бірегейі десем артық айтпаған болар едім. Өйткені, суы мөлдір көлдері, Айыртау мен Шыбындыкөл, Сандықтас жайлауы, Көктау, Қалбатау таулары, Сібе, Ұлан, Ұраңқай өзендері, Шешекті мен Атығай асулары – ауданға көрік беріп тұр. Қазақстандағы суы балдай, тау бұлақтары ең көп өлке де осы аудан. Жалпы, дүниежүзінде ең бағалы металл болып саналатын тантал да осы аймақтан табылған. Ал Ақбауырға байланысты ғалымдар Ұлан ауданын «жер кіндігі» деп те атауда. Бес Кеңес Одағының Батыры мен бір Халық Қаһарманы туып-өскен өлкемен қалай мақтанбауға болар?! Мен асыр салып өскен Амангелдіден төмен қарай басын Бескөлден алып, кәрі Ертіспен қауышуға асығып бара жатқан Сібе өзенін ерекше мақтан тұтамын. Міне, осы айтылғанның бәрі мен үшін жер жаннаты дер едім.
– Бала Сәдібек қандай еді?
– Бала Сәдібек өршіл, өткір, алғыр еді. Әлі күнге сол мінезім қалған жоқ.
– Журналистикаға келуіңізге не түрткі болды?
– Оның сыры бар. Мен үшін журналистикаға оқуға түсу мектеп қабырғасында жүргенде-ақ түбегейлі шешілген мәселе болатын. 1968 жылы Точка ауылындағы «Амангелді» сегіз жылдық мектебінің 6 сыныбында оқып жүргенмін. Есімде жатталып қалыпты, біздің үшінші бөлімшенің меңгерушісі М.Боранбаев пен мектебіміздің директоры Н.Қалиевтың өздері бастап оқушыларды «Жоғарғы Есір» қыстағына совхоз қойларын селеуден тазартуға апарды. Жақсы жұмыс істеп, бір отар қойды селеуден арылттық. Жұмыс аяқталған соң кішігірім жиналыс өткізіліп, бөлімше басшылары мен мектеп директоры Нәби Қалиұлы: «Балалар жақсы жұмыс істедіңдер. Осы шаруа жайлы біреулерің аудандық газетке мақала жазсаңдар дұрыс болар еді» деген ұсыныс айтты. Мен үйге келген бойда болған оқиғаны қағаз бетіне түсіріп, пошта арқылы газетке жолдадым. Содан арада екі-үш күн өткенде аудандық «Өркен» газетінде «Совхозға көмек» атты он жолдық мақалам жарыққа шыққаны. Мақаланың соңында «Сәдібек Түгелов, жас тілші» деп жазылыпты. Оған әсіресе, марқұм әкем ерекше қуанып, менің кішкентай ғана мақалам басылған газетті қолына ұстап, бүкіл ауылды аралап шықты. Міне, әкенің балаға деген көңілі қандай болады? Сол мақала мені үлкен журналистикаға алып келді.
1972 жылы мектепті ойдағыдай тәмамдап, аттестат алған тұста кейбір жанашыр ағайындардың бірі инженер, екіншісі зоотехник болуымды қалады. Ал мен өз қалауымды жасадым да, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Өте дұрыс жол таңдадым деп айта аламын. Қазірде шүкір, еліміздің ақпарат кеңістігінен өз орнын алған «ТҮГЕЛ МЕДИА» атты бірлестік құрып, соның жұмысын жүргізіп отырмын. Оның құрамына «Қазанат», «Құлыным», «Біз, Астаналықтар!», «Ұлы Дала Қырандары», «Керемет той», «Журналистер әлемі», «Ұлттық спорт» атты жеті республикалық журнал енеді. Мұның сыртында бір газет, екі баспасөз клубы, сегіз сайт қарымды жұмыс істеуде. Ал жеке шығармашылығыма келсек, азды-көпті 13 кітабым жарық көрген екен. Олар: «Көк Күмбезді Астана», «Астана – город солнечной мечты», «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!», «Джигиты и аргымаки Казаната», «Қазанат», «Астана – Триумф Независимости страны», «Астана – жерұйығы елімнің», «Ертуған», «Бүркіт – Ұлы Даланың символы», «Беркут – Символ Великой степи», «Алғашқы астаналықтар» және «Первопроходцы Астаны» жинақтары, сондай-ақ, «Астана хикаялары». Бұйырса, биыл өскен аймағым жайында сыр шертетін «Өсе бер, өрлей бер, Шығысым!», «Атбегілік – асыл өнер» және «Астана журналистикасының шежіресі» атты кітаптарымды жарыққа шығарып, көпшілікке ұсынбақпын.

23 жылда 27 федерация құрыппыз

Сәдібек ТҮГЕЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері:  - «Ұлы Дала Даңқы» мұражайын салуды қолға алдым

– Сіздің соңғы жылдарға дейін кенжелеп қалған ат спортына сіңіріп жүрген еңбегіңіз көпке аян. Осы тұста әлі де толғантатын мәселелер бар ма? Таратып айтсаңыз.
– «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек» деп атамыз қазақ айтқандай, өз басым «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!» деп әлемге жар салып, елімізде алғашқылардың бірі болып халқымыздың ұлттық құндылықтарының бірі де бірегейі болып саналатын осы тақырыпты жете зерттей білдім және қазанат ұғымын қоғамда қалыптастыра алдым деп толық айта аламын. Сөйтіп, парасатты азамат Кеңес Рақышевпен бірлесіп, «Қазанат» кітап-энциклопедиясын жарыққа шығардық.
Сонымен қатар, менің бастауыммен «Қазақ атбегілерінің кодексі», «Ұлттық спорттың гүлденуі 2010-2020» мемлекеттік бағдарламасының және «Ұлттық спорт туралы» заңдарының жобалары дайындалып, жазылды. Басқа да көптеген шараның ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы болып келе жатқан жайым бар.
23 жылда қоғамдық негізде, мемлекеттен бір тиын қаржы алмай достарыммен ұлттық спорт түрлерінен 27 республикалық федерация, 16 облыстық, 80 қалалық, 195 аудандық, 325 ауылдық филиалдар құруға қатысыппын. Ұлттық ат спорты федерациясы мен ұлттық спорт түрлері қауымдастығын құру барысында барлық облысқа ат басын тіреуге тура келді. Әрине, ұлттық спортта әлі де күрмеуі қиын мәселелер жетерлік.
– Сіз Астана әкімі баспасөз қызметінің тұңғыш тізгінін ұстадыңыз ғой…
– Ол бір жігерді жаныған, арман мен мақсаты мол, тынымсыз да тамаша кезең еді. Асырмай айтарым, жаңа Астана баспасөзінің шежіресін жазған журналист болғанымды мақтан тұтамын. Сол жұмыстар еленіп, «Астананың 10 жылдығының қаһарманы» аталымының жеңімпазы атандым. Бүгінге дейін сол ардақты шаһар туралы жеті кітап жазған екенмін. Жоғарыда айтқанымдай, қазір «Астана хикаялары» атты кітап жазудамын.

Құлагердің ескерткіші – қазақ қазанатына қойылған белгі

– «Астана-Көкшетау» жолының бойында Ақан серінің тұлпары болып, қазақтың қазанатына айналған Құлагерге ескерткіш орнатудағы басты ұстанамыңызды білсек деп едік.
– Осынау ұлы даланың даңқты тұлпары – Құлагерге ескерткіш орнату көп уақыт жадымнан шықпаған дүние еді. Бұл тегі, жалғыз Құлагерге ғана емес, бүткіл қазақ қазанатына қойылған белгі деп білу ләзім. Оны жүзеге асыру үшін 2010 жылы барды-жоқты дүние-мүлкімді ломбардқа салып, достарыммен бірлесе, керемет ескерткіш тұрғыздық. Бұл жердегі басты ұстаным жастарға өткенді баянды ету мақсатында үлгі көрсету, ұлтқа адал қызмет жасау, зұлымдыққа тойтарыс беріп, ізгілікті насихаттау болып табылады. Ал қазір ұлт патриоттарымен бірлесіп, «Ұлы Дала Даңқы» – «Музей Славы Великой Степи» мұражайын салуды қолға алып отырмын.
– Оқырмандарымыз Сіздің бүркітшілік, көкпаршылық сияқты шаруалардағы үлесіңіз жайында білгісі келеді.
– Жақын досым, ұлт патриоты Марат Нәбиевпен бірге 2011 жылдың қазанында ұраны: «Ұлы дала қырандары» атты республикалық қоғамдық-әлеуметтік-мәдени қозғалысын құрдық. Мәселен, қозғалыс мүшелерінің «Ұлы Дала Даңқы» мұражайының алғашқы тасын қалауы, «Ұлы дала – ұлттық рух!», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Туған табиғатты аялайық», «Ауыл – алтын бесігіміз» атты акцияларды өткізуі, қытай қазақтарының тұрмыс-тіршілігімен таныстыру сапары және республика көлеміндегі жастарды биік рухани адамгершілікке, ізгілік пен инабаттылыққа, арды сақтауға тәрбиелейтін жұмыстарды тиянақты жүргізуі соның бір дәлелі дей аламын.
– Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз.
– Жан жарым, Зайсан ауданының тумасы Қайникамал екеуіміз балаларымыз Айдын мен Әйгерімнен тараған бес немеренің қызығына тоймай келеміз. Бәріне шүкіршілік дейміз. Әйгерім Л.Гумилев атындағы университеттің журналистика факультетін бітіріп, осы салада өнімді қызмет атқарып жүр. Қазір ол бірнеше журналдың бас редакторы.
– Сіздіңше, жаңа Қазақстанның жастары қандай болуы керек?
– Ең алдымен, еліміздің жастары өршіл, батыл, айбынды болулары керек.
– Өміріңіздегі ең бақытты, есте қаларлық күн деп қай күнді айтар едіңіз?
– 1991 жылдың 16-желтоқсаны – еліміздің Егемендік алған күні.
– Шығыс елі мен оның бүгінгі қадамы туралы пікіріңізді білсек…
– Күн Шығыстан шығады. Соның дәлеліндей, соңғы жылдары онда небір тың, тамаша шаруалар атқарылуда. Елінің еңсесі биік, келер күнге деген сенімі бекем екенін әбден білемін. Бұл тұста облыс басшылығының беделі зор екенін айтқым келеді. Алда да шығысқазақстандықтарға үлкен жетістіктер мен жеңістер тілеймін!

Сұхбаттасқан – Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button