«Дидардың» қонағы

Сайра НҮСІПБАЕВА, «Қазақстан» РТРК Семей қалалық филиалы директорының орынбасары: – Телеарналарда күшеншек жүргізушілер көбейіп кетті

Сайра НҮСІПБАЕВА, «Қазақстан» РТРК Семей қалалық филиалы директорының орынбасары: -	Телеарналарда күшеншек жүргізушілер көбейіп кетті

«Қазақстан» РТРК Семей қалалық филиалы директорының орынбасары Сайра Нүсіпбаева – уақыт ауанын дәл аңғарып, қоғамдық маңызы салмақты мәселелерге дер кезінде назар аударып, кесек-кесек бағдарламаларымен көзге түсіп жүрген белгілі журналист. Ол өзінің жеке шығармашылығына Семейдегі сынақ полигонының жабылуы, оның зардаптарын жою, Ертіс өзені үстінен көпір салу, қарағайлы ормандағы өртті ауыздықтау сияқты өзекті тақырыптарды арқау етті және көтерген проблемалары оңды шешімін тауып та жатты. “Хабар” агенттігінің алғашқы аймақтық тілшісі болған Сайра бес жыл бойы ЮСАИД-тың даму бағдарламасы бойынша хабарлар дайындағанда, республикалық бірқатар ірі басылымдармен тығыз байланыста қоян-қолтық жұмыс істеді. Жақында Сайра Нүсіпбаевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Семейде қалуымен ықпал еткен – Сағат Әшімбаев

-Сайра Қажыоспанқызы, сізді Баспасөз қызметкерлері күнімен құттықтаймыз. Бұл мамандықты таңдауға не себеп болды? Оқырмандарымыз туып-өскен жеріңіз, өмірбаяныңыз жайында да білгісі келеді.

– Туған жерім – бұрынғы Мақаншы ауданының Көктерек ауылы. Тарбағатай-Барқытбелдің күнгейіндегі шағын мекенді көптің білмеуі де мүмкін, бірақ ауылдың қара домалақтарының бүгінде аяқ баспаған түкпірі жоқ шығар. Бұл ауылдан талай сәулетші, философ, ұшқыш, физик, заңгер, әнші-күйшілер шыққан. 1985 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түскенде арманыма жеткендей сезінген едім. Факультет деканы Темірбек Қожекеев бұл ойымыздың дұрыстығын, бізге жүктелетін міндеттің оңай еместігін аудитория табалдырығын аттаған алғашқы сәттен-ақ аңғартқан. Кураторымыз Әбілфайыз Ыдырысов болса алғашқы күннен-ақ шығармашылық жұмыстың қызығы мен қиындығынан хабардар етуге тырысты. Журналистиканың ұстаханасы саналатын сол кезеңдегі жалғыз қарашаңырақта студенттермен кездесу үшін қазақ баспасөзінің көш басындағы қаламгерлер жиі келетін. Журналистік шеберлік жайында әңгімелер айтылатын. Ал шеберлік сабағы өндірістік сынақпен қатар жүретіндіктен, республикалық басылымдармен, радио-теледидармен тығыз байланыста болдық. Танымал қаламгерлермен қоян-қолтық араласу болашақ мамандығымыздың жауапкершілігін ұғындырып, елдің ертеңіне, адамдардың тағдырына сергек қарауды үйретті. Сол кездері Алматының жоғары оқу орындарында оқыған, жұмыс істеген қазақ жастарына қатысты оқиғалар мені де айналып өткен жоқ. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы уақыт ұзаған сайын жадымызда жаңғырумен келеді. Ол жайындағы айтылар ақиқаттар, тарихтың даму қозғалысына қосқан әсері толық бағасын алады деген үміттемін. Кейінгі кезде бұл оқиғаны әлеуметтік мәселелерін шешудің амалына немесе саяси ұпай жинаудың құралына айналдыруға тырысушылардың кездесіп жатқаны өкінішті. Алаңға пайда іздеп шыққан жоқ едік. Уақыт – бәріне таразы.

Журналистикаға еліміздің тарихындағы саяси-әлеуметік, экономикалық өзгерістер басталған 1990 жылы араластым. Жолдамамен Семей облыстық телерадиокомпаниясына қызметке келдім. Арнаның сол кездегі басшысы жалтақтық танытып бірден жұмысқа ала қоймады, кетсем деген өтінішімді де қанағаттандырмады. Екі-үш ай бұрын сол кездегі комитет төрағасы, белгілі қаламгер Сағат Әшімбаев бөлімдерді аралап, жұмысқа көңілі толмай «журналист мамандығы бар жастар неге жоқ?» деген екен. Журналистикаға қатысы жоқ адамдардың жекелей аймақтарда тамыр-таныстықпен орналасып, соның салдарынан шығармашылық жұмыстардың ақсап жатқаны сол жылы орталықта өткен үлкен алқа мәжілісінде көтерілген екен. Осы мәселе менің әсем Алматыға қайта оралмауыма себеп болды. Сөйтіп, жұмысқа қабылдандым. Орыс тілінде жаңалықтар дайындау үшін үш редактор жұмыс істейтініне қарамастан, екі жыл бойы жалғыз өзім қазақ тіліндегі жаңалықтарды дайындадым. Жауынгер жанр – жаңалықтарға деген көзқарас солай болғанын айтып сендіру қиын, бірақ – бұл факт. Әуелде жас ерекшелігіме қарай жастар бағдарламаларын жүргіздім, кейін менің журналистік жұмысымда әлеуметік-экономикалық мәселелер тұрақты тақырыпқа айналды. Сағат ағаның “Журналистика кім көрінгеннің қолы емес, шынайы қабілеті, арнайы дайындығы бар мамандар жұмысқа тартылуы керек” деген сөзінің жаны бар екендігін түсіндім. Кейін өзіме жауапкершілік жүктелгенде, басшылық қызметте жолы болмай, обкомнан қысқарып «ата даңқымен» келген немесе қызметте көтерілу кезегін күтіп уақытын өткізуді көксеген кездейсоқ адамдарды жолатпауға мән бердім. Семей облысы тарағанда, тарихы тереңде жатқан облыстық басылымдар жабылып, баспаханалар күйзеліске ұшырады. Кезек бізге келгенде қаланың белсенді азаматтары, сүйікті көрермендеріміз жергілікті арнаның қажеттігін күн тәртібіне қойып, оң шешімін шығаруға ықпал етті. Таратылатын төл өнімдеріміздің басым бөлігінің қазақ тілінде әрі ел сүйіп көретін тұрақты бағдарламалардың көптігі өз көмегін тигізді. Семейдегі телевидениені тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуден аман алып қалдық.

Мағауиннің «Бір атаның балаларын» жылап отырып оқығаным есімде

Сайра НҮСІПБАЕВА, «Қазақстан» РТРК Семей қалалық филиалы директорының орынбасары: -	Телеарналарда күшеншек жүргізушілер көбейіп кетті

-Телеарналардан ұнатып көретін бағдарламаңыз бар ма, қандай кітаптарды сүйіп оқисыз?

-Күнделікті жаңалықтарды үзбей көру, тыңдау, оқу – бала кезден қалыптасқан әдетім. Шамам келгенінше барлық арналардағы жаңалықтарды көріп,әріптестерімнің кәсіби шеберліктерін салыстырып отырамын. Дерек көзі жалғыз болса да, бір ақпараттың тонын айналдырып сан-саққа жүгіртіп, көрерменге түрлі сюжеттер берудің әдетке айналғаны қашан. Арналарды ақтара-ақтара, кейбір оқиғалар жайында толық ақпарат алынып, ортақ картина қалыптасады. Кейде осы ақпарат қалай беріледі екен деп көрші елдің арналарына құлақ түремін. Жекелей алғанда, білімді, азаматтық үні айқын, ұлттық болмысы қанық, көрерменді сүйсіндіретін журналистер жоқ емес. Қоғамдық пікірге оң ықпал ететін, жеріне жеткізіп сараптама жасайтындары да жеткілікті. Дегенмен, бірқатар арналардың арзан ұпай, рейтинг жинау үшін құрыққа сырық жалғап, оқиғаның бояуын қоюлатып жіберетіні, хабарларын иесінің көңіл-күйіне қарап жасайтыны қынжылтады. Экранда жас шамасы, өмірлік тәжірибесі, біліміне қарамастан кейбір жүргізушілердің күшейіп, түрін бұзып мәтін оқып,табиғатында жоқ дауыспен көмейге күш түсіретіні ұнамайды. Қазақы тәрбиені бойына сіңірген жанның бірімін, ата-аналарымыз этика туралы қалың кітап ақтармағанымен, айтатын ойын кісінің жанын жараламай, көңіліне қарап жеткізетін. Эвфемизм туралы түсініктен жұрдай жүргізушілерді кездестіріп қаламын. Сөзді қалай естиді, солай жеткізеді. Кейде онсыз да жаны жаралы, әлеуметтік қолдауға зәру жандардың мәселесін көтеріп тұрған журналист сөзді орынсыз қолдану арқылы кейіпкерін жер қылып жібергенін байқамай да қалады. Осы орайда Бөлтірік шешеннің «Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл» деген нақыл сөзі еске түседі. Қазіргі жастар соны түсінсе, әркім өзі шамасы келетін кәсіппен айналысса, жауапкершілігін түсінсе, ұдайы ізденісте болса деймін. Оқудан жамандық көрген адамды ешкім әлі кездестірген жоқ шығар. Әкем әдебиетке жақын болды. Кәсіподақтың жолдамасымен Алматыдағы «Алатау» демалыс үйіне барып тұратын, арқалап қайтатын базарлығының басым бөлігі кітап болатын. Шаруаға шығып кетіп, келгесін кітабын таба алмай қалса, оның менің қарауыма көшіп кеткенін бірден білетін. Шешем «Бұл үйдің адамдары шетінен қари, аман болыңдаршы, әйтеуір» деп зілсіз ренжитін.Бала кезімнен кітапқа құмар болдым. М.Мағауиннің «Бір атаның балаларын» жылап отырып оқығаным есімде. Нағашы атам екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, бір қолын жауға «сыйлап» келген адам еді. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы» шыққан кезі, біреулерден алдырып маған оқытты. Баукеңнің қанатты сөздерін естігенде, турашылдығын байқағанда арқаланып отыратын. Қасым ақынның өлеңдерін жақсы көретін. Атамның тегі мен ақынның аттары бірдей екеніне, әрі «Өзім туралы» өлеңін немерелерінің бәрі жатқа білетініне қарап, Қасым Аманжоловты өзімнің үлкен аталарымның бірі болар деп топшылайтынмын. Қазір соны ойласам ата марқұм еске түседі. Әлемдік әдебиетпен ұстаздарым Дмитрий Мадзегон мен Зоя Әшімханқызының арқасында таныстым. Кейбір шығармалар сағынысып көріскен туысымдай көрінеді, қайталап оқысам да, жалықпаймын.

-ХХ ғасыр басында алаштың қайреткерлері қазақ журналистикасының негізін қалады. Халықтың қоғамдық санасы мен саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Ал қазіргі уақыттағы журналистика қай бағытқа бет алды деп ойлайсыз?

-1923 жылы Әлихан Бөкейхан Д.Әділұлына жазған хатында: «Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі», – деген екен. Бұл ХХ ғасыр басында алаш арыстарының БАҚ-ты халыққа қызмет етудің құралы ретінде танығанын көрсетсе керек. Журналистика да табиғаттың өзі секілді ұдайы қозғалыста. Журналистиканың болашағы электронды баспасөзбен байланысты. Оның жеделдігі сондай, мұхиттың ар жағында отырған ағайын түшкіріп қалса, сол сәтте-ақ «жәрекім Алла» айтатын жағдайға жеттік. Осы жеделдікке мазмұн, ниет, сапа сәйкес болсын дейміз. Өйткені қазіргі заманғы журналистика, БАҚ қоғамдық үдерістерге қозғау салатын, тапсырыс болса, халықтың санасын жаулап алып, түрлі арнаға бұратын қуатты қаруға айнала бастады. Ақпараттық қауіпсіздікті де әркім өзінше түсінетін заман туды. Осы салада жинақтаған азды-көпті тәжірибем – ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүддесінің қорғалуы, жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шаралар кешені қажет деген ойға жетелейді. Елбасының тапсырмасымен құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігі бұл олқылықтың орынын толтырады деп үміттенемін.

«Абай әлемі» эфирден 15 жыл берілді

-«Қазақстан-Семей» танымал телеарнасының тың жобалары көпшіліктің көңілінен шығып келеді деуге болады. Кезінде өзіңіз абайтану, алаштану тақырыптарында құнды ойларға толы деректі фильмдер, бағдарламалар жасауға мұрындық болдыңыз. Осы туралы айтып берсеңіз.

– Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында басшылық тарапынан «қазақтың үш алыбы дүниеге келген ұлылар мекенінде отырсыздар,солардың мұрасын насихаттайтын тұрақты бағдарламаларың неге жоқ?» деген базына айтылды. Тәжірибесі бар әріптестер – аға буын оны қолдағанымен, бел шешіп кіріспеді. Айналып келгенде, бұл ұсыныс редакциялық тапсырма ретінде маған берілді. Бұл тақырыпқа үлкен ізденіс керек екенін біліп, жүрексінгеніммен, тәуекел деп кірісуге тура келді. Абайдың шығармаларының бәрін білемін, ақын туралы романды оқығанмын десем де, оның шығармашылығына арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының соншалықты ауқымды, құндыекенін түсінбеппін. «Толық адам» идеалына қанықтым, ақын шығармашылығына, оның қайраткерлік болмысына тәнті болдым, осыны қорытып, көрерменнің таным көкжиегін кеңейтуге тырыстым. Ақынның өмірі мен шығармашылығын, ақындық мектебін, абайтану ғылымындағы ізденістерді арқау қылған «Абай әлемі» айдары қызметім ауысқанша эфирден он бес жыл бойы беріліп, көрерменнің лайықты бағасын алды.

Ал алаш тақырыбына келетін болсақ, ол да «Абай әлемі» бағдарламасының әсерінен туындады. Өзің білесің, жаңа мыңжылдықта жаһандану процесі өте ашық, түрлі айла-тәсілмен жүріп жатыр. Әлихан Бөкейханның «Еуропаны мәдениетті дейміз, бірақ соның жыртқыштан несі кем?!» деген сөзі бар. Бұл үрдісте өзінің ішкі «менін» сақтап қалатын ұлт болу үшін оның бойында түрлі ішкі күштер, сыртқы әсерге төтеп беретін иммунитет жақсы қалыптасуы тиіс. Мен тарихшы, әдебиетші емеспін. Өзімнің журналистік қызметімде бұл тақырыпқа зиялы қауымның жариялылықтың жалауы желбіреген екі мыңыншы жылдықтың қарсаңының өзінде батылы бара алмай, ашық айта алмай жүрген жайлардың себебін түсінгім келді, қазіргі буын өкілдерінің алашордашылар ұсынған демократиялық бағыттан хабардар болғанын қаладым. Тарихи-танымдық мақсатты көздеген «Алаш» айдарын әуелде шамамыз келгенше қазақ тілінде, кейіннен орыс тілінде жүргіздік. Кейінгі оншақты жылда бұл тақырыпта түрлі мақалалар жарияланды.Алаштану мектебі қалыптасты.

Ал арнамыз жайында айтар болсақ, «Елу жылда ел жаңа» дегендей, жарты ғасыр өткенде кезекті оңтайландыруды бастан өткердік. Міндетіміз ауырламаса, жеңілдеген жоқ. З40 мыңнан астам халқы бар қаланың тыныс-тіршілігіне лайықты контент қалыптасқан. Менің әріптестерім қала тірлігіне қатысты кез келген мәселені терең біледі. Билік пен көрермен арасындағы іскерлік қарым-қатынасты тұрақты түрде дамыту үшін тікелей эфирдегі хабарларды өткізуге, «интерактив» режимінде пікірталасушылармен студиялық қайшылас сұхбаттар жүргізуге машықтандық. Бүгінгі телевидение шығармашылыққа негізделген өндіріс. Заманауи қондырғылар журналист ізденісін көрерменге жоғары сапамен жеткізуге, экраннан беріліп жатқан оқиғадан кадр сыртындағы мәтінмен бір мезгілде бейнеақпарат алуға мүмкіндік береді. Әр жылдары бірге қызмет еткен әріптестерімнің шығармашылық ізденістерінің арқасында аймақтың әлеуметтік –экономикалық дамуы, мәдени өмірі туралы бай телемұрағат қоры жинақталған. Ұжымның орта жасы қамал бұзатын 35-40-тың аралығы, ұрпақтар сабақтастығын үзбей, таудай талаппен еңбек етіп жатырмыз. Біз бүгінде жарты ғасырдан астам тарихы бар арна екенімізді мақтан тұтып қана қоймай, өзімізге жүктелген сенім мен міндетті ақтауға тырысамыз.

-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова.

Семей.

Осы айдарда

Back to top button