«Дидардың» қонағы

Сағынтай СҰҢҒАТАЙ, шығыстанушы: – Наурыздың тарихы қола дәуірінен бастау алады

Сағынтай СҰҢҒАТАЙ, шығыстанушы:  -     Наурыздың тарихы қола дәуірінен  бастау алады

Наурыз мерекесі қарсаңында Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ғылыми қызметкері, шығыстанушы, тарихшы-археолог Сағынтай Сұңғатаймен жолығып, әңгімелескен едік.
Қазір айдың аты өзгеріп кетті

– Қазақ халқына Наурыз мерекесі араға 62 жыл салып, қайта оралды. Бұл аз уақыт емес. Сондықтан көп нәрсе ұмыт болып кеткені де даусыз. Осы орайда Наурыз туралы нақты түсініктеме бере кетсеңіз?

– Наурыз шын мәнінде қазақтың бағзы заманнан келе жатқан мерекесі. Қазірде айдың аты өзгеріп кетті. Бұрынғы кезде қазақ күнтізбесінде наурыз деген ай болмаған. Наурыз айын бірдің айы деген. Бірдің айы дегеніміз, жылдың бірінші айы дегені ғой. Осы бірдің айының ішінде көптеген амалдар болған: мәселен, от амалы, әз дейді, наурыз дейді. Соның ішінде наурыз – күн мен түннің теңелген уақытына тура келетін айдың 21 мен 22-ші жұлдызы. Қытайдағы қазақтар арасында бұл мереке ешуақытта үзілмеген шығар деп ойлаймын. Өйткені, сол жақта туып- өскендіктен, бұл біздің кішкентай кезімізден тойланатыны есімде. Бірақ, ол үлкен қоғамдық шара ретінде емес, отбасылық тұрғыда, туыс-туғанның арасында, ауыл көлемінде тойланатын. Ауыл адамдары бір-бірінің үйіне барып, көже ішіп, арқа-жарқа болып жататын. «Көжені неғұрлым көп ішсең, соғұрлым жақсылығы мол болады» дейтін де түсінік бар. Содан ол ауыл арасындағы тай шаптыру, балуан күрестіру сияқты көңіл көтеретін іс-шараларға ұласатын. Ең қызығы, бүкіл қазақтың туған күні деп саналатын. Өйткені, үлкендер наурыз күні балаларын ерте оятып: «тұрыңдар, бүгін бәріңе де бір жас қосылды» дейтін.
Кішкене кезімізде ауыл арасында ғана тойланатын мереке бүгінде мемлекеттік деңгейде тойланатын дәрежеге жетті. 1980 жылдан кейін Қытайда саяси жағдай жақсарды. Қытай ұлтының өкілдері өздерінің дәстүрлі мәдениетіне құрметпен қарап, ұлттық құндылықтарына көңіл бөліп, айтулы төл мерекелерін қалпына келтіре бастады. Осыған орай, Қытайда тұратын басқа этникалық аз ұлт өкілдерінің де ұлттық мерекелерін тойлауына мүмкіндік туды. Сол жерде тұратын көптеген басқа ұлт өкілдерінің өз ұлттық мерекелерін ресми түрде атап өтуін мемлекеттің өзі қолдап, арнайы демалыс беретін болды. Ресми мереке күндері жарияланды. Бейжіңдегі орталық ұлттар университетінде аз ұлт өкілдері көптеп оқиды.
1983 жылдары біздің сол университетте оқып жүрген кезіміз болатын. Біраз студент Бейжің қаласындағы ұлттық істер комитетіне барып, «біздің ата-бабамыздан келе жатқан, өзімізге тән Наурыз деген ұлттық мерекеміз бар, онда мынадай шаралар өтеді, мынадай дәстүріміз бар, сіздер осыны біздің қазақ халқының мерекесі ретінде ресми түрде белгілесеңіздер» деп ұсыныс-талаптар қойдық. Ондағылар мұны нақты белгілеп, бекітті. Наурыз 1983 жылы шағын көлемде ғана аталып өтті де, келесі жылдан бастап ресми өтетін болды. Әрине, Бейжіңдегі аз қазақ Наурызды өткізіп жатқан соң, қазақ көп шоғырланған жерлерде ол тіптен белең алып кетті. Тек қазақтар ғана емес, ұйғырлар мен қырғыздар да тойлай бастады.

Әр жұлдыздың қазақша атауы болған

– Осыған қарағанда, Наурыздың тарихы әріден бастау алатын сияқты. Жалпы, нақты қай кезден басталатыны туралы дерек бар ма?

– Бұл біздің дәуірімізге дейінгі 2000-ыншы жылдардан, қола дәуірінен бастау алатындығын тарих дәлелдеп отыр. Өйткені, сол уақыттағы археологиялық ескерткіштерде оның белгілері бар. Мысалы, Қазақстан мен Ресейдің шекарасында, Челябинск мен Қостанай аймағында 1980 жылдары ашылған Архаин деген үлкен археологиялық кешен бар. Онда әлі күнге дейін зерттеу жұмыстары тоқталған жоқ. Сол үлкен кешеннің құрылымында күнтізбенің бейнесі бар. Күн мен түннің теңелуі де көрсетілген. Оны үлкен ғалымдар мен астрологтар қызыға зерттеп жүр. Сондай ескерткіш Шығыс Түркістанның Тарым ойпаты, Көнші дариясының жағасындағы Кумугу қорымында да кездеседі. Қорғанға күн бейнесі салынған, ал жан-жағына таралған сәулелерінде жұлдызнамалар белгіленген. Ол да зерттелу үстінде. Тура сол ескерткіш өзіміздің Атыраудан да табылды. Дықылтас деп аталады. Оны менің ұстазым Зейнолла Самашев ашты. Сонда көне замандағы әр халық аспан әлемін өзінше бағалаған. Сол сияқты біздің де ата-бабаларымыз бүкіл аспан әлемін, жұлдыздарды, табиғатты бақылап отырған ғой. Бір ғажабы, аспандағы барлық планеталармен қатар, әр жұлдыздың қазақша атауы бар. Күн мен түннің теңелген уақытын ата-бабаларымыз дәл бақылап, сол күнді Наурыз деп белгілеген. Қазақ: «Әз болмай, мәз болмайды, шағала тумай, жаз болмайды», «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дейді. Күн мен түн теңелген уақыттан бастап, күннің жылынатынын, суыған күннің өзінде қыстағыдай ызғар болмайтынын білген.

– Негізінде «наурыз» сөзі парсы тілінен шыққан. Бұл қазақтың төл мерекесі емес» деген де пікірлер айтылып жүр. Сіз бұған қандай уәж айтасыз?

– Жоқ, бұл жерде аты ғана өзгеріске ұшырап тұр. Үндіеуропа халықтарының тілдері әлі ажырамаған. Үндіеуропа халықтарында «нау» деген жаңа деген ұғымды береді. Орысшадағы «новыйдың», ағылшыншадағы «неудің» барлығы сол «жаңа» деген сөздің түбірі. Ал біздер, Алтай тектес халықтар шашырап кеттік қой. Көп сөзіміздің түбірі қалған да, басқасы өзгеріске ұшырап кеткен. Әйтпесе, бұл – біздің төл мерекеміз. Үндіеуропа халықтарына ортақ мереке. Үндіеуропа халықтарының тарихи отаны – Солтүстік, Батыс Қазақстан. Бұл мерекені сақтар да тойлаған. Сондықтан да Наурыздың тарихы қазақ жерінен бастау алады. Жаңа жылдың көктемде тойлануы сол халықтардың табиғатының жағдайына байланысты сияқты.

Тұрмыс-тіршілігіміз табиғатпен біте қайнасып келеді

– «Ұлыстың ұлы күні» деп аталуына қарағанда, айтулы мереке болғаны анық. 1920 жылдары шыққан «Қазақ» газетінде «Наурыз – қазақтың жалғыз мерекесі» деп жазылған екен. Қыстан қысылып шыққан халық көктем келіп, күн жылынғанда табиғатпен бірге жанданып, қуаныш тойын тойлаған сияқты-ау?

– Қазақта көптеген мерекелер болған болуы керек. Бірақ бұған түрлі себептер болды. Ислам дініне ауысуға байланысты кейбір мерекелері өзінің мән-мағынасын жоғалтып немесе әлсіреп, басқа бағытқа өзгеріп кетуі мүмкін. Ұмыт қалғандары да жоқ емес. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі табиғатпен біте қайнасып жатқан. Былайша айтқанда, мал-жанын аман сақтап қалуында да табиғатқа тәуелділік болуы ықтимал. Ол заманда қазақтың қай-қайсысына да қытымыр қыстың оңайы болмаған ғой. Қыс ұзап кетсе, малы көтерем болып, қырылу қаупі туған. Көшпенді болған уақыттың өзінде қазақтар астрономияны, яғни, аспан әлемін өте жақсы меңгерген. Бүкіл жұлдыздардың атын, туатын уақытын, айдың шығуы мен батуына қарап, болжаған. Аспанға қарап, болжауды қойшы да, жылқышы да, бай да, кедей де, бала да, шаға да, қыз-келіншек те білген. Ай мен үркердің арасындағы байланысқа қарап, үркер айға жақындағанда сөз жоқ ауа райы бұзылып, боран-шашын болады деп дайындалған. Мәселен: «Бүгін үркер ерекше жарқырап тұр, ертең күн ашық болады екен, үркер суға түсіпті» деп жататын. Соның өзі олардың қыстың беталысын сол жұлдыздарға қарап болжағанын байқатады. Ел арасында әлі күнге айтылатын: «Көктем туғанда Желмаяға мінген Әз деген ақсақал жер жүзін аралап жүріп, қар жатқан жерді таяғымен түрткенде қардың көбесі сөгіліп, бір түйірі де қалмай еріп кетеді. Содан кейін барып күн жылынады» деген де аңыз бар.

– Ал осы Наурыз мерекесінде «селт еткізер» деген де сыйлық бар екен. Әсіресе, қыз-келіншектер наурыз айын асыға күтетін болған. Өйткені, бұл мереке қыз-келіншектер өздері ұнатып жүрген адамына көңілін білдіруі үшін жасалатын амал дегенді айтады. Көбінесе, кестеленген орамал берілетін көрінеді…

– Ол жағын білмедім. Сірә, ол кейін қосылған болуы керек. Мұның астарында батысқа еліктеу де жатқан сияқты. Бірақ, фольклорлық халық әндерін тыңдасаңыз, «беріп кет орамалың жыламасқа» деген жолдар кездесіп жатады ғой. Бірақ кестелі орамал тек наурыз айында ғана берілмегені рас емес пе? Мүмкін, бұл біздің жақта ұмыт болып кеткен дүние ме екен…

– Қазір Қазақстанда Наурыз мейрамының тойлануына қандай баға берер едіңіз? Ол өзінің жаңа жыл деген атына лайық тойланып жүр деп ойлайсыз ба?

– Менің Қытайдан келгеніме 20 жыл болды. Алғаш келген жылдары көше-көшеде киіз үйлер тігіліп, көже ішіп, мәре-сәре болатын едік. Әркім үйінен көже пісіріп әкеліп, дастарқанын жайып, наурыз мерекесіне біркісідей атсалысатын. Ол кезде бастамасы жаман емес еді. Бүкіл ел қатынасатын. Қазір ел жалықты ма, әлде намыс көре ме, көп шыға бермейді. Тек мемлекет тарапынан алаңға киіз үй тігіліп, концерт береді де, ел көп ұзамай тарап кетеді. Керісінше, жастар жағы әулие Валентин күнінде көшеге көптеп шығып, жақсы атап өтетін болды. Әлі де жаңа жылды желтоқсанның 31-інде тойлау жағы басымдау болып тұр. Соған ерекше дайындалады. Көп жылдар халық санасына сіңіп қалғандықтан, одан бірден арылу оңай емес шығар. Біз шынтуайтына келгенде, Наурыз сияқты мерекеміз тұрмақ, көптеген салт-дәстүрімізді, ең бастысы, ана тілімізді ұмыта бастадық. Оның жанында бұған қалайша өкпе айта аласың…

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова

Осы айдарда

Back to top button