Сайлау ТӨЛЕУОВ, журналист, жазушы: Марқакөл мәртебесі ерекше брендті аймақ болуы керек
«Дидар» газетінің бүгінгі қонағы – Марқакөл өңірінің тумасы, бүгіндері Семей қаласында тұрып жатқан қаламы қарымды журналист, көркем тілді жазушы, баспагер жерлесіміз Сайлау Төлеуов.
«Семейге құштар еткен Сейсенбаев…»
– Баспасөз беттерінде оқырман көңілінен шыққан көптеген тұщымды әңгімелеріңіз жарияланып келеді. Жуықта «Қаройдың қоңыр самалы» деген кітабыңыз жарық көріпті. Әңгімеміздің әлқиссасын осы соңғы туындыңыздан бастасақ.
– Бұған дейін негізі, очерк, эссе, мақалалардан тұратын төрт-бес жинағым шыққан. Сіз айтқан кітап деректі прозаға жуық келетін дүние. Жыл басында «Дидар» газеті үзінді берген. Алтайдың бір бөктеріндегі туған ауылым, сонда тіршілік еткен адамдар жайлы кітап. Әр ауылдың өз тарихы, өмірбаяны, қызық-шыжығы бар емес пе. Асығыстау жазылып, аздау данамен шықса да, ел пышақ үстінен үлестіріп алып кетті. Қазір прозалық стильде, ерекшелеу үлгімен, «Алтай аясындағы ауыл» деген шартты атаумен екінші бөлімін асықпай қағазға түсіріп жатырмын.
– Сіз Марқакөл өңірінің тумасы болғанымен талай жылдан бері Семейде тұрасыз. Онда тұрақтап қалуыңыздың сыры неде?
– Семейде қоныстанғаныма жиырма жылдан асыпты. Семейдің дәмі тартып тұрған болды ғой. Семейге мені құштар еткен – жазушы ағамыз Роллан Сейсенбаев. Бозбала шақта, оның 1977 жылы шыққан «Өзімді іздеп жүрмін» деген алғашқы кітабын оқып, «Осылай да жаңаша проза жазуға болады екен-ау?!» – деп таңғалып, Роллан ағам өскен, мен үшін осы бір беймәлім қалаға аңсарым ауып еді. Кейін, 1990-шы жылдардың аяғынан жақын араласып кеттік.
Ертістің ернеуінде, қарағайлы орманның қалқасында еңсесін түсірмей келе жатқан керім қала ғой Семей. Ол маған осы бір қайсарлығымен де ыстық боп кеткен секілді.
– Журналистикаға, әдебиетке қалай келдіңіз? Қазір немен айналысып жатырсыз?
– Орта мектепті бітіріп, екі жыл қатарынан КазПИ мен КазГУ-дің филология факультеттеріне кезек-кезек барып, түсе алмадым. Сөйтіп екі жыл совхозда жұмыс істеп, 1980-ші жылы әскерге кеттім. Әскерден келгесін Марқакөл аудандық «Маяк»-«Шамшырақ» газетіне тілшілік жұмысқа қабылдандым. Бұл 1982 жыл болатын. 1984 жылы КазГУ-дің журналистика факультетінің күндізгі бөліміне түскенде, мен екі жыл аудандық газеттің ыстық-суығына күйіп, кәдімгідей ысылған журналист едім. Бірер жылдан соң КазГУ-ден кері оралып, аудандық газеттегі қызметті жалғастырдым. Орысша да жазып жүрген талпынысымды байқаған марқұм Сәкең, Сағатбек Салықбаев аға «Маяк» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындап кеп жіберді.
Сәкең өте терең білімді, қазақша да, орысша да сужорға, қос тілде бірдей жазатын керемет жүйрік журналист болатын. Сондай-ақ адал, турашыл, адамға зәредей қиянат жасамайтын таза адам еді. Редакцияға орысша-қазақша газет-журналдарды пәшкі-пәшкісімен алдырады. Оларды біз сияқты газетқұмарлар оқып үлгере алмай жатады. Мәскеуден ай сайын шығатын қалың «Журналист» журналын жіліктеп оқитын екі адам болса, бірі – сол кісі, бірі – мен.
Бүгінгі күннің тұрғысынан қарап кейде ойлаймын, сол аудандық газетте бейнелі түрде «Сағатбектің мектебі» өмір сүргенін сезбеппіз. Орыс тілінде жазатын Рысбек Кәкіжанов, Ғабдол Мәуітханов, Айнаш Көксегенова сияқты терең білімді, тілді ғажап меңгерген журналистер шоғыры болды.
– Қазір шекара бойында орналасқан аудандардың тұтастай бос қалу қаупі төніп тұр. Өзіңіз өскен Марқа жақта да жұрт жыл өткен сайын сұйылып барады. Елге барып тұрасыз ба?
– Елге мүмкіндігінше жиі барып тұруға тырысып жүремін. Бірақ барған сайын өзіңіз айтқандай, халықтың сұйылып бара жатқанын көріп, «Не амал, қандай қайран жасауға болады?» – деп шыр-пыр боп қайтам. Марқакөл – Алла тағаланың қазаққа бере салған жер бетіндегі жұмағы ғой. Көрген жанның көз жауын алып, жан біткенді өз сұлулығына сұқтандырған ғажайып пұшпағына қайтадан жан бітіретін, мүмкін деген тетіктердің барлығын қосуымыз керек. Таудағы Ақжайлау (Успенка) ауылында Лозовой деген өте пысық ағамыз тұрды. Дүниеден бертін ғана озды. Қолдан шағын ГЭС тұрғызды ма, балық өсіретін көлшік жасады ма, әйтеуір неше түрлі экспериментке әуес еді. Сол кісі айтатын: «Марқакөлді мәртебесі ерекше бір брендті аймаққа айналдыру керек. Бұл Қазақстандағы бес жағырапиялық белдеуден тұратын бірден-бір «уникальный» жер», – деп. Лозовойдың омартасының балын жыл сайын ондаған флягалап Астананың өте лауазымды азаматтарының алдын ала тапсырыспен жыл сайын алдырып отыратынын көзімізбен көрдік. Марқаның Альпі жайлауында жайылған жылқы, қой-ешкі, сиырдың етінің емдік қасиетін білетін жұрт баяғыда мойындаған. Марқакөлдің сары майының құрамында басқа ешқайда кездеспейтін ондаған емдік шөптің нәрі барын, балының құрамында жүздеген нәрлі шөптің бар екенін Германияның арнайы лабораториясы анықтаған. Бренд деген осы емес пе?! Таптаурын болған туризм тақырыбын айтпай-ақ қоялық.
Бір-екі жыл бұрын көрші мемлекеттің бізбен шекаралас жағында болып, Қанас көліне дейін барып қайтқанбыз. Қанас – біздің Марқакөлдің кіші көшірмесі. Шанағаты ауылының тұсынан елу-ақ шақырым жерде тұр. Жолының барлығы жарқыраған асфальт. Жылына 4-5 миллион турист келеді екен. Қызу тіршілік. Самаладай жарқыраған қалашықтар. Біздің жақ қап-қараңғы, жым-жырт. Үңірейіп-үңірейіп тұрған ауылдардың қалдығы. Түнде кіруге қорқасың.
Енді шекара бойына жан бітірудің қандай амалы бар? Бұрынғы Марқакөл ауданының аумағында 8-9 мыңға жетер-жетпес халық қалды. «Ауданды қайта ашуға халық аз», – дейді. Осы тұрғыда жаңадан ашылған Райымбек (Нарынқол) ауданының жаңа басшыларымен сөйлестім. Оларда қызу жоспар жасалып, қайнаған тірлік жүріп жатыр. Кеше ғана баспасөзден оқыдық, рухтанған нарынқолдықтар картоптан бұрын-соңды болмаған түсім алыпты.
Ал Марқакөл бүкіл Қытаймен шекарадағы ең осал жерде тұрған аумақ. Ауданды қайта ашу керек. Халықты ұстап қалудың басқа жолы жоқ. Бұл жерде әңгіме – Ел мен Жердің болашағы жайында. Бұл жерде жалғыз Марқакөлдің емес, бүкіл Қазақ елінің кіндік тамыр мәселесі түйін боп түйіліп тұр.
Мораторий жариялатқан мақала
– Журналистік тәжірибеден кейбір сәттерді еске ала отырсаңыз…
– Атыраудан он шақты жыл дүрілдеп «Алтын Орда» деген апталық газет шығып тұрды. Сол газетте төрт-бес жыл меншікті тілші болып қызмет атқардым. 2000-ші жылдардың басынан бастап кемі жеті-сегіз жыл бойы Семейдің қалың қарағайы аяусыз қырқылып, сұмдық саудаға түсті. Сол шақта «Қара орманға кім араша болады?!» деп газеттің айқара бетіне зерттеу мақала жарияладым. Газет қалай да сол кезде Мәжіліс депутаты болып отырған Шерхан Мұртазаның көзіне түседі. Ол кісі іле «Егемен Қазақстанға» «Семейлік журналист Сайлау Төлеуов реликті орманға араша сұрап шырылдап жатыр. Бұны ізсіз қалдыруға болмайды. Ертең-бүрсігүні Мәжілістің бір топ депутаты Семейге аттанайық деп жатырмыз…» – деген мағынада жедел мақала жариялады. Расымен де, көп ұзамай 11 мәжілісменнен тұратын депутаттар десанты Семейге ұшып келді. Бүкіл Бесқарағайдың үстін тікұшақпен қарап, осы сұмдықты көздерімен көріп, Астанаға барған соң іле Үкіметтің қарағай кесуге мораторий жасаған қатаң қаулысын жариялатты. Орайы осылай болды ма, әйтеуір, осынау бір мақала Үкіметке мораторий жариялатқаны есімде.
– Алға көбірек қарайсыз ба, артқа көбірек қарайсыз ба?
– Психологиялық мәтіндегі кітаптарды көп оқыдым. Әлі де солай. Қазір мода болып кеткен түрлі тренингтік сабақтарға кейде күмәнмен қараймын. Өткенге өкінетін сәттерім көп болғандықтан, артқа қарайлап қоюға мәжбүрмін. Алдыға да көз жүгіртіп қоямын.
– Өмірлік кредоңыз қандай?
– Орыстың «Век живи, век учись» деген нақыл сөзі бар.
Бұл кредо ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ «Бірдеңені үйрену, оқып-тоқу ешқашан артық болмас» деген нақылды дұрыс санаймын.
– Толықтырып отырмаса талант та тоқырауға ұшырауы мүмкін ғой. Сіз шығармашылығыңызды қалай шыңдайсыз? Қай жазушыны, қандай газеттерді оқисыз?
– Жаныма ең жақын жазушылар Сайын мен Оралхан ағалар. Бертін оларды қайта оқып шықтым. Тәкен Әлімқұловтың роман, повесть, әңгімелерін қайталап оқып қоямын. Жас кезде шетел жазушыларын қазақша аудармасынан оқыдық. Бәрібір аударманың аты – аударма. Түпнұсқадан оқығандай қайдан болсын. Бертін солардың көбін өз тілінде оқыдық. Ги де Мопассан мен Чеховтың, Шукшиннің сандаған әңгіме-повестерін қайталап оқып қоямын.
Бүгінде көп дүниенің электрондық версияларына көштік. Орысша-қазақша оншақты таңдаулы деген басылымдардың сайтын ашып, бірер сағат шолып шығам. «Фэйсбуктегі» мықтылардың постыларын қараймыз. Детектив жанрын жақсы көремін. Джеймс Чейзді бәрінен жоғары қоямын. Кемі он бес шақты романын оқыған шығармын. Ол оның елу-алпысын жазып тастаған. Чейз дегеніңіз сюжет ширықтырудың хас шебері ғой. Өзім де оқта-текте «қазақы детектив» жазып жүрмін. Жарияласаңыздар, біреуін сіздерге ұсынайын…
«Дидардың» соңғы жылдары пішіні де, пішімі де өзгергенін айрықша айту керек. Кез келген халықаралық газет көрмесіне ұялмай ұсынуға лайық. Мазмұны да, дизайны да жақсы. Кәсіби тұрғыдан қадалып қараймыз ғой. Анау бір жолы екі нөмірін қадағалап оқып шығу үшін тұп-тура 45 минут уақытым кетті. Яғни, ішінде алатын нәрсе аз емес деген сөз ғой.
– Кезінде Әзілхан ағамыздың «Махаббат қызық мол жылдарын» жата-жастана оқып өстік. Сол оқырмандар пір тұтқан махаббат пен қазіргі жастардың бір-біріне деген қарым-қатынастарын қалай салыстырар едіңіз? Үйдегі жеңгеміз қай жердің қызы, қалай және қандай жағдайда танысқандарыңыз есіңізде болар?
– Кәкім деген немере ағам 70-ші жылдардың басында Москва түбінде әскерде болған. Әз-ағамыздың осы романының аудармасын оқыған орыстілділер: бас кейіпкер Ерболды «Что за робкий, стеснительный парень?!» – деп мінейтінін бала кезімізде айтып отыратын. Ортекедей осқырынған орекеңдер қазақ баласының биязы мінезін қайдан түсінсін?! Сол сияқты қазақ жасының махаббат мақамы өзгеріске түсе қойған жоқ деп ойлаймын.
Жеңгеңіз Әлия да Марқакөлден. Аудан орталығы болған сол кездегі Алексеевканың тумасы болғандықтан, «Қаланың қызы» деп қалжыңдаймын. Қаржыгер мамандығын 80-ші жылдардың басында осы Семей қаласынан алып шыққан. Қаржы бөлімінде, банк саласында қызмет істеді. Қазір өзінің шағын кәсібі бар. Кеңес кезіндегі үлкен мейрамдардың бірі – 7-ші қараша күні таныстық. Одан бері де отыз бес жыл өтіпті.
Әңгімелескен – Жанаргүл Мұқатай