Сайлау комиссиясының мүшелері бекітілді
Азамат Темірбеков
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXII сессиясы өтті. Алқалы жиынға аймақ басшысы Даниал Ахметов қатысты.
Сессия жұмысы барысында депутаттар күн тәртібінде тұрған екі мәселені қарады. Олар: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу және округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы.
– Облыстық мәслихаттарды сайлаудың аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 2022 жылғы 28 желтоқсанда өз қаулысымен бір мандатты 16 аумақтық округ құрған болатын, – деді облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыпаков.
Отырыс барысында әрбіреуі бес мүшеден тұратын 13 округтік сайлау комиссиясының құрамы бекітіліп, жалпы саны 65 адам сайланды.
Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Владимир Пак өз міндетінен босатылып, оның орнына Шайзада Молдажарованың кандидатурасы ұсынылды. Халық қалаулылары облыстық сайлау комиссиясына ұсынылған жаңа кандидатураны бірауыздан қолдап, сайлады.