Экология

Саябақтан сән кетіп тұр

Семейдегі Орталық саябақ мүшкіл халде. Қаланың дәл ортасында орналасқан, ел демалып, таза ауа жұтып, серуендейді деген саябақ денсаулыққа зиянды ауру ағаштар мен шіріген түбірлерге толып кеткен. Саябақ соңғы отыз-қырық жылда мүлде қараусыз қалып отыр. Сонда демалуға кім келеді деген заңды сұрақ туындайды.

Саябақтан сән кетіп тұр– Біз саябақтың әуел бастағы міндетін айқындап, аумақты ретке келтіруіміз керек, – дейді «Орталық мәдени саябақ» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Орымбек Сәрсембин. – Кезінде Семей Қазақстан қалаларына өзінің көгалдандыру, сәулеттену саласы бойынша үлгі болған. Бұл демалыс саябағы болғандықтан да адамдар отырып демалатын орындықтарды жаңартуымыз қажет. Ескілері мүлдем жарамсыз. 80 сәкі қажет. Саябақтың ішін қоқыстан тазартып, абаттандыру керек. Шетен жидегі, қайың, қылқан жапырақтылардың бәрін алғанда 1500 ағаш отырғызуымыз қажет. Мына өсіп тұрған ағаштардың бәрі қартайған, көбі 1940 жылы отырғызылғандықтан да түбірімен қопарылып жатыр. Бұның бәріне, әрине, қаражат керек. Бірақ ол үшін қажетті жобалық-сметалық құжат жасату үшін де қаржы қажет. Саябақ ішінде адамдар тыныстап, денсаулықтары үшін жаяу жүретін жолдар тозып қопарылып жатқандықтан да, оларды асфальттау қажет.

Саябақты жарықтандыру – кезек күттірмейтін мәселе. Ол үшін трансформаторлық подстанция құрып, саябақ ішін қуат көзі 50 амперлік электр жүйесімен қамтамасыз еткен дұрыс. Саябақтағы сахнаны да жаңартуды талап етуде.

Саябақта қазір сегіз жұмысшы бар. Олардың бірі таңертеңнен кешке дейін су шлангісін әрі-бері сүйретумен әуре. Күні бойы аумағы үлкен саябақты өзі суарып үлгермейтіндіктен де жаңбыр жауса екен деп тілейді.

– Саябақтан су жүйелерін жүргізіп, фонтандар жасау керек. Ол ағаштардың өсуіне де игі әсер етеді, – дейді Орымбек Сәрсенбин. – Сондай-ақ, Орталық саябақта радио торабы мен байланысшы болу тиіс. Радио арқылы халық демалуға келгенде құлаққа жағымды қазақ әндері мен күйлерін, термелерін естіп, жырауларды, айтыс ақындарын тыңдап, көңілдерін көтеріп, жарнама, құлақтандыру естіп отырған жөн. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы Орталық саябақтың жөнделуі семейліктер үшін аса қажет. Олардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына да, бала-шағаларымен таза ауада, табиғат аясында серуендеуіне де саябақтың маңызы зор.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button