«Дидардың» қонағы

САУЫРҒА СЫРДАН КЕЛГЕН СЫРҒАЛЫ ҚЫЗ…

Сауыр мен Сайқанның бауырын еркін жайлап жатқан Зайсан өңірінде «Әу!» деп ән салмайтын адам, әй, жоқ шығар. Осы бір жайсаң елде өнерді қадірлей білетін көптің алғысына бөленіп, қызығына кенеліп жүрген өнерлі жандардың бірі – Нұрғазиндер отбасы.

Әңгімемізді сәл шегіністен бастайық. Мына қызықты қараңыз. Зайсан қаласы. 1985 жылдың күзі. Әскерден былтыр ғана оралған жас жігіт пен 20-ға енді ғана толған бойжеткен шаңырақ көтеріп, сол кезеңнің өлшемімен дүркіретіп той өткізеді. Ауладағы палаткада өткен ұлан-асыр тойды елге танымал термеші, суырыпсалма ақын Бақытбек Нұрғазин мен оның жұбайы, театр актрисасы Алмагүл Сүлейменова жүргізеді. Үш күнге созылған тойдың тамаша өткендігі сондай, куә болған адамдар осы күнге дейін тамсана айтады.

Сондағы үйленген бозбала осы жолдардың авторы, яғни, мен едім. «Зымыраған уақытқа дауа жоқ» деген рас екен. Содан бері де табаны күректей 35 жыл өте шығыпты.

     Сағынышқа айналған сағым жылдар

Арада өткен осынау жылдарда Бақытбек аға мен Алма жеңешемді жиі көріп, жақын араласып тұрмасам да, шығармашылық салада байланыста болатынбыз. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген. Бұл жолы мен үшін, менің жанұям үшін аса ыстық, ерекше аяулы жандарға сәлем бермек ниетпен әдейі іздеп бардым.

Қашан барсаң да, майлы табағына, жайлы қабағы жарасқан Алма жеңешем әдеттегідей жарқылдай күліп қарсы алды. Көптен көрмеген, сағынысып қалыппыз. Амандық-саулық сұрасып, қауқылдасып жатырмыз…

Төрт бөлмелі үйдің қай бөлмесіне кірсең де, өнерлі жұптың осы күнге дейінгі жүріп өткен өнегелі жолдарынан сыр шертетін фотосуреттер. Үлкенді-кішілі спектакльдерден, түрлі деңгейлерде өткізілген ақындар айтысы мен термешілер сайысынан, ел ішінде өткен небір той-томалақтардан хабар беретін көріністер.

– Андағы суреттердегі алаңсыз, уайымсыз күндердің барлығы да бұл күндері әлдебір бұлдыр сағымға, емі жоқ сартап сағынышқа айналды ғой, Серікжан, – дейді дастарқанын жайып жатқан жеңешем.

Үнінде, өтіп кеткен сонау бір жастық шаққа деген сағыныш бар. Сағыныштан гөрі, сол бір келмеске кеткен қызыққа толы күндеріне «Әттең!» деген өкініш те жоқ емес секілді…

Сырттағы шаруаларын ыңғайлап келген отағасы  домбырасын қолына алып, қағып-қағып жіберді. Жарықтық күмбірлеп, бәйге атындай тықыршып-ақ тұр екен. Кезінде Батыс әндерінің әйгілі майталманы атанған ұстаз Ғарифолла Құрманғалиевтың алдын көріп, тікелей тәлімін алған кәсіби әншінің анау-мынау домбыра ұстамайтыны белгілі ғой.

Бәкең қайсыбіреулердей «Ән айтып беріңізші» деп жалындырған да, домбырасының құлағын қайта-қайта бұрап баптанған да жоқ, сонау 80-ші жылдардан бері айтып жүрген әндердің бірін бастап кетті.

– Әзілің қайда қарағым,

Әжімге несін қарадың?

Бақытын тілеп баланың,

Отыздан асып барамын…

 

…Солай да, солай қарағым,

Көңілдің таппай қалауын.

Жастықтың жықпай жалауын,

Отыздан асып барамын… – деп тыңдаған адамның сезімін селт еткізер осы бір ерекше ән баяулап барып аяқталған.

Бақытбек ағамыздың домбыра шертісі де, сыңғырлаған тұнық дауысының бояуы да арада өткен уақыт көшінің шаңына титтей де тұншықпай, сол қалпы сақталып қалыпты.

Әнін орындап болған ағамыз:

– Е-е, аруағыңнан айналайын қайран Мұқағали, бар болғаны 30-дан енді ғана асып бара жатса да, санасы бар адамға қандай ой саларлық жыр жазып кеткен десеңші – деді ақиық ақынға деген ризашылығын жасыра алмай…

– Бақытбек аға, ол кезде сіз шынымен де 30-дан енді асып бара жатқан болатынсыз. Сондықтан бұл ән өзіңізге жарасып-ақ тұратын. Қазір құдайға шүкір 60-тан асып барасыз, немерелеріңіз бар дегендей… Сөйте тұра «Отыздан асып барамын» дегеніңіз қалай болар екен? – дедім сөзді әзілге бұрып.

Сөзден есе жібере қоятын Бәкең бе: – Ой, Секебай, мынауың бір жақсы идея екен! – деді жерден жеті қоян тапқандай, жанары жарқ ете қалып.

Сосын, жеңешеме көрсетпей, маған көзін бір қысып қойып.

– Сен онда маған:

Солай да, солай қарағым,

Кемпірдің бағып қабағын,

Тоқалдың иіскеп тамағын.

Алпыстан асып барамын… – деп өлең жазып бер, айтып жүрейін ел ішінде, – деп әзілге әзілмен жауап берді. Орнымен айтылған жарасымды әзілге отырғандардың бәрі ду күліп, бір қарқ боп қалдық…

Бір ұшқын шарпып өтті, өзіңе ғашық етті…

Алмагүл жеңешемнің балалығы қазақтың қаймағы бұзылмаған қасиетті Сыр елінде өткен екен.

– Сол жердің қара топырағына аунап, суына шомылып жүріп өстік. Ұлдармен алысып-жұлыса кететінмін. Өзімнен үлкен ағам екеуіміздің арамыз 18 жас болғасын ба, бетімнен ешкім қақпай, ерке өстім. Жастайымнан атқұмар болдым. Негізі қыз балалар атқа көп міне бермейді ғой. Мен керісінше атқа мінгенді қатты ұнатушы едім, – дейді балалық шағына ойша саяхат жасаған бір кездегі Сыр елінің сырғалы қызы, бұл күндері Зайсан халық театрының режиссері, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, бірнеше немеренің сүйікті әжесі. – Ауылымыздың іргесінде су жинайтын шлюз болды. Оған қыз балалар мүлдем жоламайтын. Өжет ұлдар сол шлюзге секіріп «ерлік» көрсететін. Бір күні «Ұлдардан менің қай жерім кем?» деп, өз-өзімді неше күндей қайрап жүрдім де, секірдім ғой… Құдай сақтасын, сүңгуін сүңгіп кетіп, ауа жетпей әзер шыққаным әлі есімде. Енді өзің ойла, шлюздің тереңдігі кемінде 7-8 метр. Жоқ дегенде 4-5 метрге сүңгисің…. Сөйтіп бір өліп қала жаздағаным бар болатын.

– Өзіңіз бала кезіңізден батыр болыпсыз ғой? – деймін, жеңгемнің көзсіз ерлігіне қайран қалып.

– Меніңше, мәселе «Батырлықта емес, намыста болар» деп ойлаймын. Сол намыстың буымен ұлдармен де талай төбелестім. Қазір сол қылықтарым есіме түссе, жатып кеп күлемін, рақаттанып тұрып. Жастайымнан кітапқа құмар болдым. Бірде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінің» үшінші томын тауып алдым. Содан әлгі кітаптан күндіз-түні бас алмаймын. Отырсам да, тұрсам да, оқи берем, оқи берем. Біздің елде сексеуіл деген ағаш бар, өте қатты боп келеді. Әлгінің шоғы керемет, қызуы тура көмір секілді. Шоғына нан, кәуәп пісіріп, балық қақтайды. Шоғын алу үшін оны әуелі өртейді, пештен бөлек алаңқай жерде. Кәдімгі пионерлер лагеріндегі костер секілді.

Бір күні жеңгем нан пісірмек болып сексеуіл өртеді. Мен сол маңда кітап оқып отыр едім, атымды атап бір нәрсеге жұмсады. Мен кітаптың қызығына кіріп алғам, жеңгемнің өзіне де, сөзіне де мойын бұруға мұршам жоқ. Содан бір емес, бірнеше рет жұмсап, әбден ашуланған жеңешем қолымдағы кітабымды жұлып ап, отқа қарай атып кеп жіберсін. Бұл өзі ойламаған жерде, қас пен көздің арасында болған оқиға еді. Әуелі отқа кітап кетті, кітаптан соң жалма-жан мен кеттім. Мұндай тосын әрекетті жеңгем өзі де күтпесе керек. Дегенмен дереу есін жиып, мені оттан жұлып алды. Қысқасы ол мені, мен кітапты құтқарып қалдық.

– Кітап үшін отқа қойып кеткеніңіз бұрын-соңды естімеген оқиға екен. Сол кездегі әдебиетке деген құштарлығыңыз ақыры сізді осы өнер саласына әкелген екен ғой?

– Иә, «Сол кітапқа деген, қазақтың қара сөзі мен ән-жырларына деген құштарлық мені осы театр саласына жетелеп әкелді» десем, еш артық айтқандық емес.

Сөздің реті келгенде, – Ағамызбен қашан, қалай танысып жүрсіздер? – деп сұрадым.

– Ол кезде ағаң Ғарифолла Құрманғалиевтың класында оқитын. Жатақханада студенттер би кештерін, түрлі ойындар мен концерттер ұйымдастырып тұрамыз. Сонда ағаң домбырамен құйқылжытып ән салады. Сыңғырлаған дауыс қандай. Өзі жап-жас. Бой десең бойы, түр десең түрі бар. Жатақханадағы қыздардың бәрі өліп-талып ғашық болатын. Қазір ғой, шашы ағарып, тісі түсіп мыжырайған шал болды. Онымен қоймай тоқалдан дәмелі, – деп ағамызды бір түйреп алған жеңешем:

– Ағаң «Жұлдызым» әнін өте шебер орындайтын, – деп әңгімесін әрмен қарай жалғады. – Сол ән ғой, мені осы ит арқасы қиянға алып келген. Көзі жәудіреп:

– Бір ұшқын шарпып өтті,

Өзіңе ғашық етті – деп сұңқылдағанына басқа ешкімге емес, тура маған арнағандай иланып қалғам ғой, мен байғұс, – деп өз әзіліне рақаттана күлген жеңгеміз, ендігі сөздің ләмін тұрып жатқан жерлеріне бұрды.

– Кім ойлаған, «Бұрын-соңды естімеген, көрмеген, қияндағы бір шекаралық ауданға келін боп түсем» дегенді. Ол кезде мен бар болғаны 18 ақ жастамын. Міне, бір әннің құдіреті деген. Содан бері табаны күректей 42 жыл болыпты. Осы елдің ақ сақалды қариялары мен ақ жаулықты аналарының сол кезде берген баталары қабыл болып, Зайсанға балдай батып, судай сіңдік. Осы елден туыс таптық, дос таптық. Осы елдің үлкендерін ата-ана, аға-әпке тұтсақ, жасы кішілері  бірге туған іні-сіңлілерімдей боп кеткен.

– Қазір сол қияндағы Зайсанда қалып қойғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Мысқалдай болса да өкінішім болған емес. Себебі, мен осы елден бақытымды таптым. Ел қатарлы отбасымыз, бала-шаға, немерелеріміз бар. Құдайдың берген азын-аулақ өнерінің арқасында ел алдында абыройсыз да емеспіз. Осының бәріне шүкіршілік етіп, Алла Тағалаға мың да бір алғысымды айтып отырам. Иә, айта берсе әңгіме көп. Бала күнгі естеліктерімнен бастап, студенттік шақтағы қызықты оқиғаларды, шығармашылық саладағы көрген-білгендерімді, ұстаздарым мен шәкірттерім, отбасым жайында естеліктерімді жиып-теріп, өзімше бір кітап шығармақ ойым бар.

Алла қаласа осы қаңтар айында өзімнен тәлім алған шәкірттерім Алматыдағы М.Әуезов театрында 60 жылдығыма арнап шығармашылық кешімді өткізіп береміз деп жатыр.

– Бұл тамаша жаңалық қой. Кешіңіздің жақсы өтуіне тілестеспіз.

Кейіпкеріміздің өзі айтып отырғанындай, ол кісінің шығармашылық жетістіктері мен тәрбиелеген шәкірттері жайлы жаза берсек, мақала емес, кітап жазуға да болады. Біздің мақсатымыз ел ішінде жүрген өнер адамдарын өзге төңіректегілер де танып, біле жүрсе деген ізгі тілек қана.

Мерейтойыңыз құтты болсын, Сырдан келген сырғалы жеңгей!

 Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button