Сартеректе суармалы алқапты игеріп жатыр
Үржардың оңтүстігінде сексен шақырым жерге орналасқан «Бәтуа» ЖШС-нің диқандары биыл мыңдаған гектар жерге соя еккен еді. Серіктестіктің құрылғанына биыл үшінші жыл. Бас директордың орынбасары Нұрлан Биәділовтің айтуынша, серіктестік Сартерек өңірін бірінші жыл зерттеген, екінші жылы шағындап соя егіп, әртүрлі ғимараттарды тұрғыза бастаған.
Қазір олар 7000 гектар жердің 300 гектарына тамшылатып суару әдісін қолдануда. Сондай-ақ, суды үнемдеу мақсатында 1200 гектар жерге америкалық «Валлей» әдісін де пайдаланады. Бұл әр 11 метрде дөңгелектері бар, құлашы жарты шақырымдық, жаңбырлатқыш түтікшелермен суару, яғни, «Фрегаттың» автоматтандырылып, жаңартылған соңғы үлгісі. Жердің бұл өңірде өзі қат суды сіңірмеуі үшін арықтардың ішін түгелдей геотекстильмен қаптап тастауы да істің баянды болуына өз ықпалын тигізері сөзсіз, дейді олар.
Жаңа жүйемен жұмыс істеу үшін, алынған техникалардың қыр-сырын меңгеру мақсатында қондырғыларды құрып беріп, жергілікті жігіттерді үйретіп жатқан он шақты ұлты қытай азаматтары бар көрінеді. Мәселен, өзін Хума-Ю деп таныстырған жігіт өзінің миссиясы Қазақстан жағымен келісім бойынша техниканы орнатып, үйретіп болғасын бітетінін жеткізді. Бүгінгі күні соның 8-і америкалық «Валлей» тәсілін үйретіп, қалғандары біздің жігіттерді тамшылатып суару әдісіне машықтандыруда. Бір қуанарлығы, мұндағы техника зауыттан жаңа шыққандай. Бас механик Нұрбатыр Биәділов бізді самсап тұрған техникалармен таныстырды.
– Әзір осылардың қайсысы жергілікті жерге икемді және пайдалы. Соны сынап жатырмыз, – дейді бас механик. – Әсілі, қазір 90 аттың күші бар UTO-904-ке бүйрегіміз бұруда. Сол сияқты, 3 К-700, 38 тұқым сепкіш, АПК деп аталатын бес операцияны, яғни, өзі қопарып, тырмалап, тегістеп, уатып, дөңестеуді бірден атқаратын тоғыз техникамыз бар. Бұдан басқа сегіз «JOHN DEERE» комбайны, культиваторлар, КПШ-лар, т.б. жетерлік.
Бүгінгі күні дала қосында 300-ден астам жан еңбек етуде. Соның тоқсан пайыздан астамы жергілікті азаматтар. Жер Көкөзек ауылдық округіне тиесілі болғандықтан, округ әкімі Қали Рысқұлов Сартерекке жиі ат басын бұрып тұратын көрінеді.
– Өткен жылы бір мың гектар жерге соя егілген болатын. Әр гектардан бір центнерден алдық. Бұл осылай болуы заңды, табиғи құбылыс. Қаншама айтқанмен, тың жер, бірден мол өнім бере қоймасы анық. Биыл осы сояны 2 мың гектар жерге отырғыздық. 500 гектарға сұлы, 4 мың гектарға күздік бидай ектік. Жалпы, суармалы жүйені толық қуатында іске қосса, сояның әр гектарынан 4 тоннадан алуға болады. Әрине, бұл көрсеткішке біз үш жылда жетеміз деп мақсат қойып отырмыз. Сондықтан, қазір біз тек алдағы күндер есебіне жұмыс жасаудамыз десем қателеспеймін, – дейді директордың орынбасары Н.Биәділов.
Шынында да мұнда атқарылып жатқан істер ұланғайыр. 150 адамдық асхана, монша, жатақханалар бүгінгі күн талабына сай салынып, жабдықталған. Биыл 300-дің үстінде адам болса, келесі жылы 600-ден асып жығылмақ. Тиісінше, әрине, суармалы жердің көлемі де 10 мың гектар болады деп жоспарлануда. Одан арғы жылдары серіктестік басшылары бұл санды тіпті, 60 мың гектарға жеткізуді межелеп отыр.
– Ең алдымен еңбек етіп жатқан жұмысшылардың жағдайын жасау басты назарда тұр, – дейді осы жерде атқарушы директор Асқар Ізімғалиев. – Еңбекақылары 50-60 мың теңгені құрайды. Істегеніне байланысты, әрине. Мәселен, былтыр кейбір азаматтардың айлығы маусымдық шаруалар кезінде 120 мың теңгеге жетті. Болашақта бассейн, футбол алаңын салу көзделуде. Қазір асханадан бір демде 150 адам тамақтанса, олардың бір күндік ауқаттануы 1500 теңгені құрайды. Бұл серіктестік есебінен, яғни, тамақ тегін. Сол сияқты, улы химикатпен жұмыс жасайтындарға айран беріледі.