Сапалы құрылыс материалдарын шығарамыз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаларға орай, «Семей құрылыс материалдары» ЖШС (бұл– бұрынғы Семей шифер зауыты) еліміздегі ең ірі шифер өндірушісі ретінде пандемия кезінде де сапалы еңбек етіп жатыр.
Президент Жолдауында: «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды.Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 мың 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ. Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы – «Nur Otan» партиясы Төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен біржолғы қаржылай көмекке ие болды», –деп көрсетті.
Міне, ел Президенті экономикалық ахуалға да аса зор мән беріп отыр. Осыған орай айтарым, біздің компания қазіргі кезде өнеркәсіптік құрылыс материалдары саласында жұмыс істейтін жетекші салалық ұйымдардың бірі болып табылады. Семей шифер зауыты «Kusto» компаниясының тобына кіреді. Компания хризотильді цемент бұйымдары мен автоклавталған ұялы бетон өндірісіне маманданған. Зауыт елдің құрылыс материалдары нарығында 1961 жылдан бастап жұмыс істейді. Компания өндірістің заманауи ұйымдастырушылық-техникалық деңгейіне орай, озық энергия мен ресурстарды үнемдейтін технологияларды қолдануға, сондай-ақ озық шетелдік және отандық тәжірибені пайдалануға байланысты өз өнімдерінің тұрақты және жоғары сапасына кепілдік береді. Бүгінде шифер зауыты кең өнім түрлеріне ие және өндірістік қуаты жоғары тауарларды шығарады: хризотилді цементті гофрленген парақтар, автоклавталған газдалған бетон, асбест картон. Нарықта осылардың барлығы да сұранысқа ие.
Президент өз Жолдауында: «Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделуге тиіс.Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізуде.Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді.Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде.Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымыз керек», –деді. Айта кету керек, пандемия кезінде біздің назарымыздан әлеуметтік жағынан аз қорғалған, тұрмысы төмен отбасылар мен олардың мектеп оқушылары назардан тыс қалған жоқ. «Семей құрылыс материалдары» ЖШС Kusto.help қайырымдылық жобасы аясында семейлік 100 көпбалалы отбасында планшеттер табыстады, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға 641 дана азық-түлік пакеттері көмек ретінде жеткізілді. Қайырымдылықтың жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрады. Акцияның қайырымдылық пакеттері «Семей құрылыс материалдары» ЖШС (Семей шифер зауыты) Семей қалалық білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен таратылды.
«Шынында да, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет», – деген Президент Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға ден қойып отырмыз.
Асхат Мирманов, «Семей құрылыс материалдары» ЖШС бас директоры
Семей.