Денсаулық сақтау

Сапалы иммунды плазма өмірді сақтап қалады

Облыстық қан орталығында COVID-19 вирусына антиденелер бар иммунды плазма дайындау шілде айынан бері қолға алынған. Қазір күзде қайталануы мүмкін коронавирустың екінші толқынына дайындық ретінде бұл жұмыс белсендірек жүріп жатыр. Бүгінгі таңға дейін коронавирустен жазылып, қан тапсырған жетпіс донордың тек жиырмасының ғана қаны плазма жасауға жарамды деп танылды. Иммунды плазма алған алғашқы төрт пациент әлі стационарда жатыр. Дәрігерлер олардың денсаулығында жағымды динамика байқалғанын айтады.

Донорлар зертханалық зерттеулердің екі кезеңінен өтеді

– Негізінен, ковидтің орташа және ауыр түрімен ауырғандар донор бола алады. Жеңіл және симптомсыз түрімен ауырғандарда антиденелер донор болуға жеткіліксіз. Тағы бір шарт – науқастың дертінен жазылып шыққан соң кемінде екі апта өтуі керек. Осы мерзімде ағза оңалып, қалпына келеді. Бірақ қанды ауырғаннан бастап екі айға дейін тапсыру қажет, өйткені екі айдан кейін қандағы антиденелер азая береді. Басымдық ер адамдарға және жүкті болмаған, бала көтермеген әйелдерге беріледі. Неге? Себебі жүктілік кезінде әйелдің ағзасында ұрықтың лейкоциттеріне антиденелер бөліне бастайды, ал бұл антиденелер плазмаға түсіп кетсе, жағымсыз әсер беріп, пациентте өкпе жағынан асқынулар болуы мүмкін, – деп түсіндірді облыстық қан орталығы директорының орынбасары Светлана Шмурыгина.


Донорларға қойылатын талаптарға қарап, олардың денсаулығы космонавтың денсаулығынан кем болмауы керек деп ойлайсың. Ол түсінікті де. Басшының айтуынша, басты мақсат – сапалы плазма алу болғандықтан, донорлардың денсаулығы мұқият тексеріледі, зертханалық зерттеулердің екі кезеңінен өтеді.
Бірінші кезеңде жалпыклиникалық, биохимиялық, иммунологиялық көрсеткіштерге, антиденелердің мөлшеріне және сифилис, АИТВ, В,С гепатиттеріне, бруцуллез сияқты инфекцияларға жан-жақты тексеріледі. Егер талдаулардың қорытындысы жақсы болса, онда пациент екінші кезеңге жіберіледі. Бұл жерде де қанындағы гемоглобиннің мөлшері, бауырдағы ферменттердің деңгейі анықталады. Осы екі кезеңнен де өткен адамдар ғана плазма тапсыра алады. Дәл плазма тапсырардың алдында оларды терапевт дәрігер тағы бір мәрте медициналық тексеруден өткізеді. Плазма автоматты плазмаферез әдісімен дайындалады. Донордан 600 мл плазма әзірленеді, бұл – үш емдеу дозасы. Процедура аяқталған соң, ол тағы бір рет барлық көрсеткіштерге тексеріледі.
– Жүргізілген сараптамалар жарамсыздықтың басым бөлігі қанға жасалған жалпы талдаулардың қорытындысы бойынша болатынын көрсетті. Донорлардың елу пайызының қанында СОЭ көрсеткіші жоғары немесе лейкоциттер төмен. Науқастарға тромбоздың алдын алу үшін қанды сұйылтатын антикоагулянт препараттары берілетіні белгілі, сол себепті донорларда тромбоциттер мен қанның ұю мерзімінің төмендігі байқалады. Бұл көрсеткіштер жазылғаннан кейін де біраз уақыт нормадан төмен болып тұрады. Қан тапсырғандардың тағы отыз пайызында коронавирусқа антиденелер аз не болмаса мүлде жоқ болып шығады. Тексеру барысында кейбіреулерінде инфекциялар кездесті. Біз скринингтік тексерулер жүргізгендіктен, ондай пациенттермен әңгімелесеміз, ары қарай кімге қаралу қажеттігін түсіндіріп береміз, – дейді Светлана Шмурыгина.

Үйде ауырғандар да қан тапсыра алады

Директордың орынбасары қазір плазмаға қан тапсыру үшін коронавирусқа тест нәтижесінің оң болуы шарт емес екенін айтады. Халықтың бір бөлігі үйде ауырып, өз беттерімен емделгендіктен, оларда ешқандай анықтама қағазы жоқ. Бірақ олар дерттің ауыр не орташа түрімен ауырғанын сезсе, дене қызуының жоғарылауы, жөтел, ентігу, иіс пен дәм сезбеу сияқты симптомдар айқын білінсе, ондай жандарға облыстық қан орталығына хабарласуға болады.


– Егер айқын клиникалық картинасы болса, ПЦР нәтижесі маңызды емес. Бізге келген пациенттердің барлығына зерттеулерді өзіміз жүргіземіз. Қан тапсырғысы келетіндерге қойылатын тағы бір шарт – шынтақ ойығындағы күре тамырдың анық көрінуі. Егер ол жөнді көрінбесе, бізге келіп қажеті жоқ, өйткені иммунды плазма плазмоферез аппараты арқылы автоматты түрде дайындалады. Плазманы жинап алған соң аппарат қандағы эритроциттерді қайтадан донорға күре тамыры арқылы қайтарады. Осы кезде қысым жоғары болғандықтан, жіңішке тамырлардың жарылып кету қаупі бар. Бүгін донор болуға ниеттенген екі қыз келді, екеуінің де тамырлары нашар, олардың қызметінен бас тарттық. Сондай-ақ донардың салмағы 50 келіден кем болмауы тиіс, – деп ескертті маман.
Орталық плазма алу үшін қажетті құралдармен толық жабдықталған. Бір мезгілде сегіз адамнан плазма жинауға мүмкіндік бар. Светлана Александровнаның түсіндіруінше, кәдімгі қан тапсырғаннан көп айырмашылығы жоқ. Процедура 30-45 минутқа созылады және донор үшін қауіпсіз деп саналады. Пациенттің жағдайына трансфузиолог дәрігерлер мен операциялық медбикелер бақылау жасап тұрады. Біз келген кезде донация залында коронавирустан жазылып шыққан бір дәрігер плазма тапсырып жатты.
– Бұрыннан қан тапсырып жүргендер аса қобалжи қоймайды. Ал бірінші рет келгендердің көңілін жайландыруға тырысамыз, – деп сөзге араласты донация залының медбикесі Наталья Григорьевна.
Қанда жоғарыда айтқан белгілі инфекциялардан басқа да донорда анықталмаған көптеген бактериалды, вирусты қоздырушылар болады. Сол себепті алынған плазмаға вирусты инактивация жүргізіледі. Барынша сапалы плазма алудың барлық талаптары қатаң орындалады. Дайын плазма бірден мұздатылады. Мұздатылған қалпында үш жылға дейін сақталады.
– Иммунды плазма – Қазақстанда енді қолға алынып жатқан әдіс. Өскеменде маусым айында коронавирус өршіп кеткендіктен, біз дерттен жазылғандардан иммунды плазманы әзірлеуді он алтыншы шілдеден бастадық. Тамыз айының басында алғашқы төрт пациент осындай плазманы алды. Олардың денсаулығында қазір жағымды динамика байқалады. Кейін плазманың тиімділігіне сараптама жасау үшін науқастарға берілген әр дозаға дәрігерлер есеп беріп отырады. Мысалы, америкалық ғалымдардың зерттеулері бойынша, 100 мың доза плазма құйылғаннан кейін дерттен болатын өлім көрсеткіші үш есе азайған. Осы уақытқа дейін бізге қан тапсыру үшін жетпістен астам адам келді. Алайда олардың тек жиырмасынан ғана алпыс доза дайындадық. Бір науқасқа екі доза керектігін ескерсек, бізде қазір отыз пациентке ғана қор жиналды, – деп толықтырды Светлана Шмурыгина.
Облыс әкімі коронавирустың екінші толқынына дайын болу үшін облыста 1000 доза иммунды плазма банкін құру туралы тапсырма бергені белгілі. Өңірде осы жұқпалы дерттен төрт мыңнан астам тұрғын жазылып шыққанын ескерсек, бұл міндет орындалуы тиіс. Ол үшін облыстық қан орталығында барлық жағдай жасалған. Осы аптада Алтай ауданынан тексеру үшін қан пробиркалармен жеткізіле бастады. Аудандардағы болжамды донорлардың қанын антиденелерге тексеру нәтижесі ойдағыдай болса және алғашқы кезеңдегі зерттеулердің қорытындысы қанағаттанарлық болса ғана донор екінші кезеңге қан орталығына шақырылады.

Донорларға кеңес: Қан тапсырар алдында донорлар бір-екі күн майлы, қуырылған тағамдардан, жұмыртқа, жаңғақ сияқты өнімдерден бас тартқаны жөн. Сүт өнімдері мен көкөністерден тұратын диета сақтағаны абзал, таңғы ас жеңіл болуы керек. Қан тапсыруға он сегіз жастан асқандардың барлығына рұқсат етілгенімен, жасы ұлғайған сайын адамдарда қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті сияқты және басқа да қосымша созылмалы аурулар жиі кездеседі. Донор болғысы келетін адам коронавирустан жазылып қана қоймай, ағзасындағы барлық органдардың қызметі бұзылмаған, қалыпты болуы және созылмалы аурулардың болмауы маңызды.

Айна Ескенқызы

Суреттерді түсірген Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button