Ауыл шаруашылығы

Сапаға салғырт қарайтындар бар

 Сапаға салғырт қарайтындар бар

«Не ексең, соның орасың», дейді халық даналығы. Осы сөздің мәнін өзге білмесе де, диқандар жақсы ұғуы тиіс. Алайда, кейбір аудандар көктемгі егісті сапасыз тұқыммен өткергелі отыр. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте осы мәселеге қатысты бірталай ескертпелер айтылды.

Биыл облыс аумағында күздік дақылмен қосқанда 1,3 млн. гектар алқапқа дән себілмек. Соңғы әрі нақты дерек бұл. Оның 45 пайызына дәнді, 29 пайызына майлы дақылдар егу жоспарланған. Күнбағыстың үлесі барлық алқаптың 28 пайызына тең. Бірақ аудандар егіс науқанына сақадай сай екендерін жарыса мәлімдегенімен, тұқым сапасына келгенде кібіртіктеп қалып отыр. Облытық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков осылай деді.

Мысалы, Күршім ауданы себуге деп сақталған тұқымның тек 48 пайызын ғана тексеруге өткізген. Ал Аягөз ауданы осымен екінші жыл қатарынан сапасыз тұқым сепкелі отыр. Тексерілген тұқымның сегіз пайызы жарамсыз деп танылған. Жарма мен Өскеменде де осыған ұқсас жағдай байқалған. Облыс бойынша І және ІІ кластағы тұқымның үлесі 85 пайызды құрағанымен, Көкпекті Зайсан аудандарында бұл көрсеткіш 76 пайызға жетіп жығылыпты. Дүйсенғазы Мусин аталмыш аудандарға сапалы тұқымды алыстан іздемей-ақ, Глубокое, Зырян, Шемонайха сияқты аудандардан да табуға болатынын айтты. Глубокоелық «ОХМК» ЖШС-нің тұқымы бүгінде облысты қойып, республика көлемінде элиталы саналатыны министрлік жиындардында да айтылса керек.

Өз ішімізде осындай әлеуетті тұқым өндірушілер бола тұра, Жарма ауданы көктемгі егісті І класты тұқымсыз өткергелі отыр. Ал Үржар ауданы тек ІІ класты тұқымға басымдық берген. Дүйсенғазы Мусин мұндай қадамның өзін ақтамайтынын ескертті. Өйткені, екі кластың арасы жер мен көктей екенін күзгі орақ талай көрсеткен. Тұқым сапасын жыл сайын жырға айналдырып келе жатқан аягөздіктердің мәселесін арнайы топ барып, қарайтын болады.
Есесіне диқандар техникалық жағынан маусымға түгел дерлік дайын. Тек Көкпекті, Жарма аудандарында трактор мен тұқым себу кешендерінің дайындығы 83 пайыздан аса алмай тұр. Бұл техникаларды жанармаймен қамтуға жауапты операторлар маусымға қажет дизельді отынның 62 пайызын бөлген. Бірақ диқандар бөлінген жанармайдың ақысын төлеуге асығар емес. Көкпекті, Күршім, Жарма аудандарының шаруалары әлі күнге дейін жанармай үшін бір теңге де аудармаған.

Дүйсенғазы Мусин жанармайдың екінші траншы уақытында бөлінуі үшін бірінші транштың ақшасын кешіктірмей қайтару керектігін ескертті.
-Өткен айдың басында жанармайға қатысты мәселелер туындайтындай көрінген. Абырой болғанда, соңғы уақытта жұмыс қарқын алып, жағдай түзелді. Міндетін кешіктіріп орындаған операторларды анықтау қажет. Келесіде оларға қатысты басқалай шаралар қолданамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
2016 жылдың соңғы тоқсанынан бері облыс аумағында 162 кооператив құрылыпты. Алайда, мұнда да сан бар, сапа жоқ. Қонысбай Төлеубеков құрылған ұжымдардағы мүшелердің саны бағдарламаның талабына сәйкес келмей жатқанын айтады. Талап бойынша әр кооперативке тіркелген мүшелер саны 20-дан кем болмауы керек. Сонда ғана оларға субсидия бірінші кезекте беріліп, 50 млн. теңге көлемінде инвестициялық несие бөлінуі мүмкін. Осы талап орындалмайынша, құрылған кооперативтер сан түрлі субсидияға қол жеткізе алмайтыны анық. Бұл істе әзірге Аягөз ауданының аяқ алысы жаман емес. Ал Зырян, Глубокое, Шемонайха сынды жері құнарлы аудандарда бір-бір кооператив қана құрылған. Басқарма басшысы кейбір аудандардың кооперативтерді тек қағаз жүзінде ғана құрғанын мәлім етті. Сәйкесінше, ондай кооперативтерге тиісті жер де бөлінбеген.

Облыс әкімінің орынбасары шаруалардың кооперативке бірігуге қорқақтауының объективті себептері де бар екенін еске салды.
-Әсіресе, несиеге кепілдік қою мен түскен табыстың салығын төлеуге қатысты айқын емес тұстар бар. Осы сияқты түйткілдерді өңірде арнайы жүрген өкілге жасқанбай жеткізулеріңіз керек. Жуықта осы мәселеге қатысты Қ.Қайсенов кентінде арнайы семинар өткізіп, кіріс департаментінің өкілдерін шақырамыз. Сол жиынға өз ұсыныстарыңызды ала келіңіздер, – деді Д.Мусин.

Биыл облыстағы сүт зауыттарын 90 мың тонна шикізатпен қамту жоспарланған. Оның 68 мың тоннасын тауарлы-сүт фермалары берсе, қалған 22 мың тоннасын халықтан жинау қажет. Оған қажет жүйе өңірде толық қалыптасты. Енді тек белсенділік қажет. Мысалы, Көкпекті ауданында жыл басынан бері халықтан бір литр сүт те жиналмаған. Дүйсенғазы Мусин жоспардағы жүктеме әр ауданның өздері берген болжамдар негізінде жасалғанын айтып, айтқан уәдені орындау керектігін ескертті. Ол жоспар жүзеге асса, өңірдегі сүт өндірісі 10 мың тоннаға артуы тиіс.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button