«Дидардың» қонағы

Сандуғаш ҚАДЫРБЕКОВА, білім беру ісінің үздігі: – Жетпісінші жылдары Өскемен педучилищесінде қазақ бөлімін ашуға атсалыстым

Сандуғаш ҚАДЫРБЕКОВА, білім беру ісінің үздігі:  -	Жетпісінші жылдары Өскемен педучилищесінде қазақ бөлімін ашуға атсалыстым

Мынау өмірде көргені мен көңіліне түйгені көп шежіре адамдар болады. Ондай адамдармен әңгімелескен сайын көкірек көзің ашылып, тұп-тұнық бастаудан су ішіп, шөліңді қандырғандай керемет күйге бөленесің. Міне, Өскемен қаласының тұрғыны Сандуғаш Долданқызы Қадырбекова сондай жан. Төменде бар ғұмырын ұстаздыққа арнап, туған тілінің тағдыры үшін күрескен Сандуғаш Долданқызымен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Еңбекпен шыңдалып өстік қой

– Сандуғаш апай, сіз соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақтың өкілісіз. Сіздің есіміңізді неге Сандуғаш деп қойды екен…
– Мен 1945 жылдың тамызында егін ора бастаған уақытта дүниеге келіппін. Әжем Баянды «Молшылық уақытында туды, сандықтың аузы ашылды, жібектің бәрі шашылды» деп ырымдап, атымды Сандық ашылды деп қойса керек. Бірақ әкем сельсоветке барып, куәлігімді алмақ болғанда, ондағылар Сандық ашылды деген ат болмайды деп атымды Сандуғаш деп жазуды ұйғарыпты.
Біз, соғыстан кейін туған балалар, еңбекпен шыңдалып өстік қой. Өздігінен келген дүниені көрмедік. Керекті ойыншықтарды өзіміз қолдан жасап алатынбыз. Ол кезде дүкен деген жоқ еді. Ауыл балалары біріне-бірі қамқоршы. Ес білетіндері кішілерге қарап, ие болып өстік. Мынау менікі, мынау сенікі деп ешқашан таласып, бөліспейтін едік. Соғыстан кейінгі жылдардың заңы өте қатал болды. Егін даласынан масақ жинаймыз. Оны өткіземіз. Егер бір уыс масақ жинап, оның басындағы бидайын ешкімге айтпай алып кетсең, соттайды. 10 жыл түрмеге кетесің. Ал ойыншық допты көктемде түспей қалған сиырдың құйымшақ жүнін жинап алып, ішіне тас салып, дымдап домалақтап жасаушы едік. Кімнің добы жоғары көп секірсе, сол жақсы деп танылатын.
– Бүкіл саналы ғұмырыңызды ұстаздық қызметке арнапсыз. Білетіндер сізді жаңашыл ұстаз болатын дейді.
– Иә, қарап отырсам өмірімде біраз қызметтің тұтқасын ұстаппын. Аудандық комсомол комитетінде де жұмыс істеп, пионерлер сарайының директоры да болыппын. Спорт мектебінің тренері, райононың әдіскері, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі, облыстық этнографиялық музейінің қазақ бөлімінің меңгерушісі қызметін де атқардым. Өскемендегі №25, №34 мектептерде мұғалім де болып қызмет атқардым. Десе де 1962 жылдың 15 тамызынан басталған педагогикалық қызметімнің орны мен үшін тым бөлек. «Андреев» бастауыш мектебінің директорлығынан басталған ұстаздық жолымның елу жылдан астам тарихы бар. Ұстаздық жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Сондай-ақ, 1972-1973 оқу жылында облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру курсында лекторларды дайындадым. Олардың арасында Ұлан ауданынан Баяқбаева Замза, Барыс Оқасов, Зайсан ауданынан Хасенова Қатыш, Әукебаев Мәкеш, Күршім ауданынан Балабаева Сара, Тарбағатай ауданынан Мұқашева Кәмеш, Бітібаева Қанипа бар. Семей пединститутын қызыл дипломға бітіріп, 1969 жылы «Ласты» совхозының Ленин атындағы орта мектебіне мұғалім болған Қанипа кейін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Қарапайым мұғалімдер ішінен ең біліктісі мен білімдісін таңдап алу маған оңай болған жоқ.
Өскемендегі №25 орта мектепте, №34 мектеп-лицейінде орыс сыныптарында қазақ тілінен сабақ бердім. Ол кез орыс балаларының қазақ тілін оқуға деген ынтасы өте төмен кез еді ғой. №34 мектеп-лицейінде жүргенімде өзімнің «авторлық» бағдарламамды жасап, сол бағдарлама бойынша сабақ өткізе бастадым. Мен сабақты тек мектеп қабырғасында ғана емес, мектептен тыс жерлерде де көп өткізетінмін. Бірде «Киіз үй» тақырыбын мұражайда өткізсем, «Қазақ халқының ұлттық тағамдары» атты тақырыпты «Мирас» ресторанында өткіздім. Сондай-ақ, «Қонақ күту», «Телефонмен сөйлесу», «Дәріхана», «Аурухана» және тағы басқа әр тақырыпты өткенде де өз бетіммен демеушілер іздеп, солардың көмегіне жүгінетінмін. Мысалы, «Киіз үй» тақырыбына этнографиялық музейдің директоры Николай Зайцев демеуші болған еді. Музей қызметкерлері оқушыларға қазақша «шай ішіңіз, құрт алыңыз, бауырсақ жеңіз. Киіз үйді бұрын көрдіңіз бе?» деген сауалдар қойып, дарынды мектеп оқушылары білгендерінше жауап беріп жатты. Осылайша балаларды ең алдымен ауызша сөйлесе білуге үйреттім. Сабақта сөз сөйлеу мен іс әрекетті бірге үйлестіре көрсететін едім. Менің байқағаным, сөзден сөйлемді өзі құрай білген оқушы еш уақытта әріп қатесін жібермейді. Менің осындай біраз сабақтарымды журналистер мен тележүргізушілер талай түсіріп әкеткен болатын.
1992-1993 оқу жылындағы барлық сабақтарымды «ашық сабақ» деп жариялап, мектеп бойынша «Тегіс қазақша сөйлесейік» деген бастама да көтергенмін. Менің бұл бастамам мектеп директоры Вячеслав Владимирович Кленин тарапынан қолдау тапқан болатын.

Қазақ тілі орыс сыныбында аптасына міндетті түрде екі сағат оқылсын дегенге қол жеткіздік

– Сандуғаш апай, сіздің сонау қиын кездері қазақ тілінің тағдыры үшін күрескен қыздардың бірі екеніңізді біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті, сіз осы тіл тағдыры үшін шырылдап, мемлекет қайраткері Сұлтан Сартаевтың да алдына барыпсыз ғой.
– Иә, мемлекет қайраткері Сұлтан Сартайұлының алдына өзіммен 24 қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдерін Алматыға ұйымдастырып апарып, кездескеніміз рас. Кеудеміздегі қайнап тұрған басты мәселе қазақ тілінің тағдыры еді. «Тіл жойылса, халық та жойылады» деген ой жатсам-тұрсам өзегімді өртейтін. Сұлтан Сартайұлының ол кезде Қазақстанның үшінші Конституциясын жазып жатқан кезі. Ол кісіге Конституцияға «Қазақстанда іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілсін» деген бір ауыз сөз жазыңыз деген ұсынысымызды айттық. Төрт сағаттық әңгімеден соң, 23 мұғалімді босатты да, маған «қызым қалшы» деді. «Алаш азаматтары да «қазақ», «қазақша болсын» деген сөздері үшін «ұлтшыл» атанып, қудаланған. «Қазақ тілін білетін ұлт өкілі болсын» деп сөйле, әйтпесе «ұлтшыл» деп қудалап жүрмесін. Біз, қазақтың элиталары да, қарап жүргеніміз жоқ. Осы мәселені ойлаймыз. Сенің бүгінгі ісің, Өскеменнен мұнша адамның басын қосып, осыншама шырылдап, қазағым, елім, жерім деп жүргенің батырлық екен» деп біраз ақыл-кеңесін айтқан болатын. Ол кезде орыс сыныптарындағы қазақ тілінің мәселесі мәз емес еді ғой. Аптасына бір сағат қана болатын. Оның өзінде де жұлдызша белгі қойылатын. Бұл деген оқимын деген ғана оқиды, оқығысы келмейтіндер оқымайды дегенді білдіретін. Сөйтіп, жұлдызшаны алдырып, қазақ тілі орыс класында аптасына міндетті түрде екі сағат оқылсын дегенге қол жеткіздік қой.
– Естуімізше, Өскемендегі педагогикалық училищенің қазақ бөлімінің ашылуына да өзіңіз себепші болған екенсіз. Бұған қалай қол жеткіздіңіз?
– Ол кезде мен облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі едім. 1974 жылдың тамыз айында Тарбағатай ауданындағы оқушылардың мектепке тартылуын тексеруге бардық. Осы сапарда Шілікті ауылын аралаған кезде, маған Өскемендегі педагогикалық училищеде неге қазақ бөлімін ашпасқа деген ой келді. Тарбағатай ауданының түлектері неге Семей педучилищесіне барып оқуға тиіс? Осы ойымды орталық партия комитетінің үшінші хатшысына айтқанымда, ол «Бұл ойыңның негізі дұрыс екен, ертең Ася Афанасьеваның көзінше айт» деді. Өз ойымды Ася Афанасьеваға айтқан болып, ертеңінде қайта айттым. Хатшы тыңдап тұрды да:
– Это вопрос не ко мне. Местный власть должен решит, да Ася Афанасьевна? – деді. Ол кісі де:
– Да, да, думать стоит. К приезду в город Александром Протозановым посоветуемся, – деді. Осылайша 1974 жылғы 24 тамызында обком партияның шешімімен Өскемен педучилищесінде тұңғыш қазақ бөлімі ашылды.

Рафиға апайдан үйренгенім көп

– Ұстаздық жолда кімге еліктедіңіз?
– Кеңес Одағының Батыры, Алматыдағы №12 мектеп-интернатының директоры Рафиға Нұртазинадан үйренгенім көп. Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдіскер болып жұмыс істеп жүрген кезімде Алматы облысының Ұзынағаш ауданында семинар өткіздік. Сонда 6-сыныптың орыс тілі мұғалімі Рафиға апайдан жасқанып, сабағын қожыратып алды. Ол кісі де орыс тілін қазақ сыныптарына беретін. Сонда Рафиға мұғалімге: «Мені көрген соң, сасып қалдың ғой. Бар ана мұғалімдермен отыр да, қарап ал» деп, қолына оқулықты ала салып, сабақ өткізгені әлі есімде. Осы кезде менің де Рафиға Нұртазинаға ұқсағым келді. Көкірегімде әр тақырыпты жетік меңгерген ұстаз болу арманы оянған еді. Бұл арманымды №34 дарынды балалар лицейінде мұғалім болып жүргенімде жүзеге асырдым деп ойлаймын.
– Қазіргі кезде сізді қандай мәселе көп толғандырады?
– Ел тағдыры, тіл тағдыры көп толғандырады. Есіме мына бір оқиға түсіп отыр. 1971 жылдың маусым айында Тарбағатай ауданынан 35 оқушыны Мәскеуге апардым. Бұл оқушыларды алып жүретін вожатыйларды аудандық партия комитетінің бюросы шешеді. Екі тәрбиеші апаратын болыппыз. Біріншісі мен – Пионерлер сарайының директоры да, екіншісі Тоқтасын деген мұғалім. Тоқтасын екеуіміз оқушыларды аман-есен жеткізген соң, әрбір баланың қалтасына қай жерден келгенімізді, Мәскеуде қай жерде жатқанымызды қағазға жазып, тігіп тастадық. Сөйтіп, Мәскеуді аралап жүрдік. Бір күні жатақханаға келіп, оқушыларымызды түгендесек, бір оқушы жоқ. Барлығы -34. «Қарасу» совхозынан келген бір оқушымыз жоқ. У-шу болдық та қалдық. Сөйтіп, шулап тұрғанымызда жоғалтқан оқушымыздың өзі есіктен кіріп келді. Сөйтсек, аялдамада тұрғанымзда дүкенге кіріп кетіпті. Бұл кезде автобус келіп қалып, біз кетіп қалыппыз. Содан жанында тұрған милиционерге жағдайын айтса, автобусқа отырғызып жіберіпті. Осылай қалтаға тіккен адрес көмектескен.
Бірде бір милиционер «Динмухамбет Ахметович, Динмухамбет Ахметович» деп айғай салды. Сөйтсек, Қонаевтың аты-жөнін атағаны қазақстандықтар дегені екен ғой. Ол кезде қазақ дегенді Мәскеуде көп ешкім білмейтін болса керек. Әйтеуір, мына милиционер мемлекет басшысының аты-жөнін білетін адам болып шықты.
Қазір, тәубе-тәубе, Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ салихалы саясатының арқасында қазақ елін дүниежүзі танитын болып шықты. Халық НАЗАРБАЕВСЫЗ болашағын елестете алмайды.
Елбасының арманын ілгері апаратын қашан да кейінгі жас ұрпақ. Сол ұрпағымыз ұлағатты да білімді болса, арманымыздың орындалғаны.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button