Мемлекеттік қызмет

Салтанатты түрде ант қабылдады

Ата Заңымыздың мерекесі қарсаңында шығысқазақстандық мемлекеттік қызметшілердің қатары жас мамандармен толықты. Өскемен қалалық әкімдігінің басқармалары мен бөлімдеріндегі бос лауазымды орындарға қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер қызметтерін адал атқаруға салтанатты түрде ант берді.

– Бүгінгі күні мемлекеттік қызметші лауазымына орналасудың басты өлшемдері білім мен біліктілік, жеке қасиеттер болып табылады. Ата Заң  күні қарсаңында жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы дәстүрге айналған. Қызметке жаңа қабылданған азаматтарға міндеттерін абыроймен орындауға, берген сертіне берік болып, бар күш-жігерлерін қоғамның сенімінен шығуға жұмсауға тілектестік білдіремін, – деп атап өтті  жас мемлекеттік қызметшілерді маңызды оқиғамен құттықтаған облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан Еркебаев.

Айта кету керек, облыста мемлекеттік қызметте істейтін қызметкерлердің 17% – ы жастар, 65% – ы қыз-келіншектер болса, 35% – ы ер адамдар. Сондай-ақ 48 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді. Қызметкерлердің 89%-ның жоғары білімі бар, жеті адам ғылым кандидаты, 217 адам магистр дәрежесіне ие. Соңғы  бес  жылда облыс бойынша мемлекеттік қызметке 4410 адам қабылданды.

Жас мамандарды өмірлеріндегі айтулы күнмен облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ринат Арыстанбекұлы құттықтады.

– Мемлекеттік қызметшілердің мойнына жүктелген әдеп нормалары мен шектеулер болады. Мен осы қызметке алғаш келіп отырған жастарымызға анттарына адал болуға, қоғамда қабылданған әдеп нормаларын бұзбауға, мемлекеттік қызметтегі шектеулерден шықпауға, өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқарып,  жаңа қазақстандық болмыстың талаптарына сай болуға тілектеспін. Жас әріптестерімнің еңбектеріне табыс тілеймін, – деді Ринат Арыстанбекұлы.

Айна Ескенқызы

 

 

Осы айдарда

Back to top button