Сахан Әкелеев, облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі, сазгер: -Мені қуғыннан құтқарып қалған – Ғазиза Жұбанова
Алтайдағы ат төбеліндей ұлтжанды азаматтардың бірі Сахан Әкелеев желтоқсан айында алпысқа толды. Өңір руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген өнер иесі аталмыш тойын келесі жылдың еншісіне қалдырыпты. Біз осы мерейтойға орай ақжарқын ағамызбен аз-кем сұхбат құрдық.
Сериалға түсіп жатырмын
-Құрметті Сахан аға, аяқ басқан алпысыңыз құтты болсын! Мерейтойыңызды өткізетін уақыт жоқ, отандық телетоптамаға түсіп жатыр деп естідік. Қазір қайда жүрсіз?
-Рақмет, бауырым! Соңғы жылдары киноға түсуге ұсыныстар жиі түсіп жүрген. Оған барлық күш-жігерімді театрға жұмсайыншы деген оймен барлығынан бас тартып келгем. Биыл алпыс жылдығым, соған орай режиссерлігімді, сазгерлігімді, әртістігімді қосып елге үлкен бір шығармашылық кеш берейін деп, соның жұмысын қолға алып жатқам. Аяқ астынан «Бақытсыздар бағы» деген сериалдан ұсыныс келіп, мерейтойыма орай түсуге келісім бердім. Енді, бұйырса, шығармашылық кешті көрермендеріме келесі жылы сыйлаймын деп жоспарлап отырмын. Биыл шығармашылықпен айналысқаныма да қырық жыл толады екен. Сол қос қуанышты қосып келесі жылы сәуір айында үлкен бенефис жасап, моноспектакль қойып, көрермендерге актерлік шеберлігімді паш етсем бе деген ой бар. Мәдениет басқармасы қолдау білдірсе, «Байжігіт» және симфониялық оркестрлермен опера әншісі ретінде таза, жанды дауыспен концерт берсем деген де арман жоқ емес. Бірақ алдымен мына сериалды аяқтау керек.
-Сериал туралы тоқтала кетсеңіз.
-«Бақытсыздар бағы» атты бұл мелодрамалық сериал 120 бөлімнен тұрады. Қазір 95 сериясын түсіріп болдық. Алдыңғы бөлімдерін «НТК» арнасынан көрсетіп те жатыр. Басында мұндай ұзақ дүние екенін білмей барып қалып, қазір екі жаққа шапқылап жүрміз. Бұл жерде мен алыс жолға жүк көлігін жүргізетін, оқуға түсе алмай қалса да, өмірден өз жолын тапқан біртоға, турашыл отағасының рөлін сомдаймын. Мелодрамада қазақ отбасының бүгінгі өмірі бейнеленеді.
-Өңірде ұлтқа қатысты даулы мәселелердің маңында шыр-пыр болып жүрген сізді көреміз. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қайда болдыңыз?
-Алаңда болдым. Консерваторияда оқып жүрген кезім ғой. Өзім содан үш күн бұрын, яғни 13 желтоқсан күні үйленгенмін. Жатақханада тұрамыз. Ұлан Кенжебеков деген жолдас жігіт келіп, жаңа келген орыс басшыға қарсы елдің алаңға жиналып жатқанын айтты. Барсақ, отыз-қырықтай адам бар екен. Біз кешкі сағат жетіде осы жерде жиылатын болып, өзара келістік те, зауыттар мен фабрикалардағы таныстарымызды шақырдық. 16-сы күні басыма дубинка тиіп, ауыр жарақат алдым. Емханаға баруға қорқып, жатақханада жатуға тура келді. Артынан өзіміздің қаны бір ағайындар ізіме түсті. Бірақ сол кездегі консерваторияның ректоры Ғазиза Жұбанова мен ұстазым Бекен Жылысбаев арама түсіп, аман алып қалды.
-Әлеуметтік желіден «100 жаңа есім» жобасына қатысып жатқаныңызды көріп қалдық. Бұл жоба сізге не береді?
-Мені облыстық кәсіподақтың атынан Түсағаңдар (Түсіпхан Түсіпбеков) ұсынған көрінеді. Әрине, ол кісілерге үлкен рақмет. Бір жағынан, үздік 100 адамның қатарына өтіп кетсең, қалған жұрт екінші сорттағы адам секілді болып ыңғайсыз жағдай туындататын секілді. Қалай болса да, адамгершілік, шыншылдық, турашылдық сынды ұстанымдарыма оның ешқандай көлеңкесі түспейді деп ойлаймын.
-Соңғы жеті-сегіз жылдың жүзі болмаса, көбінде туған жеріңізден тысқары жүрдіңіз. Сондықтан не істеп жүргеніңіз жерлестеріңіздің біразына беймәлім. Алпыстың биігінен артыңызға бір қараңызшы. Не тындырыпсыз?
-Ұзақ жылдар ұлттық консерваторияда сабақ бердім. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың марқасқа азаматтарымен бірге жүріп, тәлім алдым. Ал істеген істі марапат және жүлдемен өлшейтін болсақ, қызмет істей жүріп үлкенді-кішілі біраз байқауға қатыстық. Айталық, Шымкент қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы республикалық әнші, актерлер байқауына қатыстым, Ашхабад қаласында Орта Азия және Қазақстан әншілері байқауында лауреат атандық. 1994 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі орталық ансамблінің көркемдік жетекшісі лауазымында жүргенде, «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрдық. 2009 жылы Алматыда өткен «Шығыс жұлдыздары» жобасының продюсері болдым. Келесі жылы Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған «Батыр Бауыржан» кешінің ұйымдастырушысы болып, сценарйін жасадым. Халықаралық патриоттық әндер байқауының, ТМД саяси әндер фестивалінің, республикалық патриоттық және саяси әндер байқауларының лауреаты, бірнеше әннің композиторымын. Сол аздаған еңбегіміз бағаланбай жатыр деп те айта алмаймын. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10, 20 және 25 жылдығының төсбелгілерімен және Президент Жарлығымен Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» төсбелгісімен марапатталдым.
Сардар Сағадат пәтер әперді
-Алатау бауырынан Алтайға оралған соң, облыстық драма театрының тізгінін алдыңыз. Қазір көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарып жүрсіз. Өңірдегі сол өнер ордасы сізге не берді, сіз не бердіңіз?
-Театрға келген соң, осында директор қызметін атқарған талантты режиссер, актер, ақын Рүстем Есдәулеттің жұмысын жалғауға бел будым. «Атымды адам қойған соң…» қойылымын Татарстанға алып бардық. Кейін «Түрксойдың» қолдауымен бұл қойылым Түркияда сахналанды. Театрдың бүкіл ұжымы барды. Кейін қойылымды көрген башқұрт ағайындар «Туғанлық» фестиваліне шақырды. Осылайша, Рүстемнің қойылымы халықаралық дәрежеге шығып, көп жерге даңқы жайылды. Осыған өз басым ерекше қуандым. Бауырымның алдындағы ағалық борышымды өтедім деп есептеймін. Т.Ахтановтың шығармасы бойынша «Күшік күйеу» спектаклін елге ұсындық. 2011 жылдың наурызында орыс труппасы Ресей Федерациясы, Мордовия республикасының Саранск қаласында өткен VI халықаралық фестивальға шақырылып, бірінші орынға ие болды. Сол жылы мамыр айында қазақ труппасы Татарстан Республикасы, Қазан қаласында түркі халықтары арасында өткен Х халықаралық театр фестиваліне барды. 2014 жылдың желтоқсанында Б.Рамазановтың туындысы бойынша қойылған «Шырмауық» спектакліміз халық арасында үлкен сілкініс тудырды. Діни экстремизмге, уахабизмге, сәләфизмге қарсы тұруға шақыратын осы қойылым бүкіл республиканы аралады. Нәтижесінде түрмелердегі 40 шақты адам дәстүрлі исламға қайта оралды. Осы жылы облыстың көрермендеріне Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясын, Б.Ұзақовтың нашақорлыққа байланысты ғасыр дертін ашатын «Жандауа» психологиялық драмасын және А.Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» пьесасын ұсындық, бәрі көрермендердің жоғары марапатына ие болды.
-Сізді театр көрермендері сахнаның қыр-сырын бес саусағындай білетін актер, драма тамырын дөпбасар режиссер, білікті басшы ретінде жақсы таниды. Ал сазгерлігіңізді былайғы жұрт көп біле бермейді. Өмірге қанша ән әкелдіңіз?
-Жалпы, 14 әнім бар. Классикалық әндерді көп жазамын. «Жастық дәурен», «Мөлдір сезім» деген вальстерімді Айжан Мазкенова «Байжігіт» оркестрімен бірге орындап жүр. Шымкенттік әнші қарындасымыз Мөлдір Бақытжанқызы осы қос әніммен Америкаға барып, бес алтын медаль алып қайтқан болатын. Өскеменде неге патриоттық ән жоқ деген әңгімелер шыққан соң, «Менің Қазақстаным» деген патриоттық ән жаздым. Қазір үлкен концерттерде айтылып жүр.
-Сізді жуықта ғана Өскемендегі негізгі көшелердің бірін иеленген Сағадат Нұрмағанбетовпен бірге қызмет істеді деп естідік.
-Қоғам қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов ағамызбен де біраз жыл қызметтес, сыйлас, дәмдес болдық. Ол кісі үшінші әкемдей болып кетті. Министрліктің орталық ансамблін маған сеніп тапсырып, барлық жағынан қолдау көрсетті. Сол кездері ансамбль жанынан «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрдық. Ансамбль жұмысын жандандырып, қазақ кадрларын жинадық. Өзімді орталық ансамбльдің іргетасын қалаушылардың бірі десем артық айтпаған болармын. Сондағы өнерпаздар ішіндегі бірінші қазақ офицері болғанымды да, реті келгенде, айта кетейін. Өйткені оған дейін ансамбльде негізінен өзге ұлт өкілдері жұмыс істеді.
Сағадат Нұрмағамбетовтің жақсылығын көп көрдім. Пәтер алуыма да жәрдемдесті.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы