Сабаншы мен арқар фототұзаққа ілінді
Күршім мен Зайсан ауданының таулы аймақтарында құрылған фототұзаққа сабаншы, арқар сынды сирек кездесетін жануарлар түскен.
Шығыстағы таулы аймақтарды мекендейтін жануарларды зерттеумен айналысатын Сібір экологиялық орталығының ғылыми қызметкері Игорь Смилянскийдің айтуынша, сабаншының мекендейтінін фототұзақ арқылы анықтау – сирек кездесетін жағдай.
– Биологиялық анықтамасына келер болсақ, жыртқыштар отрядының мысық тұқымдастарына жататын аң латынша – Otocolobus manul, моңғолша мануул деп аталады. Құлақ қалқандары кішкентай, самайында сақалы бар. Інін жартас арасына, кейде ірі бос апандарға салатын манул сәуір-мамыр айларында күшіктейді. Жемін ымыртта, түнде аулайды. Сабаншы далалы жазықта, жоталы, жартасты жерлерде, сондай-ақ, теңіз деңгейінен 1000 метр биіктіктерде кездесуі мүмкін. Ресей мен Моңғолия елдерінің экологиялық жағдайымен салыстырғанда Аягөз, Абай, Тарбағатай, Күршім аудандарын мекендейтін сабаншылардың жағдайы жақсы, – дейді Игорь Смилянский.
Ажар Сағатбекова