Сағындым сырлы сазыңды
…Сағындым сырлы сазыңды. Ән іздеген пәк сезім көңіл толқынын тербеп жібергендей. Сағыныш деген құдірет! Оны жүрек жылуы мен санаңда себезгілеген нәзік те құпия сезім ғана тудыра алады. Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді. Бұл – шындық. Жүрекпен жазылған ән ғана тыңдарманның құлақ құрышын қандырып қана қоймай, жұдырықтай жүректі әуезді әуен әлдилеп, шалықтатады. Мұңға батырады, ойға жетелейді. Санаңды сиқырлаған сырлы саз жадыңда жатталады да мәгілік көңіліңді тербеп, көкейіңе құйылады. Ән сүйер қауым содан ләззат алып, әннің бағы жанса, сазгердің бақыты. Есті ән де, есер ән де қатар жүреді. Әлбетте, алғашқысының ғұмыры ұзақ болады. Ал, нағыз талант қарапайымдылау келеді, тіпті күнгейден гөрі көлеңкеде жүргенді жақсы көреді. Оның данқ пен дақпырт қууға уақыты жоқ, есіл-дерті – жұрт айтатын ән жазу. Сондықтан да өмір бойы есеппен, есек дәмемен жүретін есер әннің иесіне қарағанда ән әлемінен басы айналып шыққан оның ерсілігін де, еркелігін де жылуы мол жүректі жұрты көтеріп алады.
…Оралхан Көшеровтің жас кезін де, мас кезін де, шабыты шалқып, қанаттанған шағын да, ауру дендеп сырқаттанған сәтін де, санасын тұмшалаған ауыр мұңға шырмалып, шытырман ойдың тұңғиығына тұншыққан боркемік, күйрек көңіл-күйін де көргенмін. Қай сәтте болса да оның көкірегін күй кернеп, көкейінде ән жұлқынып жататын. Солақай ұстаған қара домбырасының құлақ күйін ұзақ келтіретін, булығып ұзақ жөтелетін, сырлы саз бебеу қаққанда, көзі жасаурап, майда қоңыр дауысқа жүрек дірілі қосылатын. Жүректерді бірден баурап алатын. Неге десем, шаттығынан мұңы басым қазақы әуеннің құдіреті екен ғой. Боздаласы мен Алтайы да, шалқар көлі мен сыңсыған қара орманы да мұңын шағады, тарихтан сыр шертеді. Ана болып аңырайды, ата болып аманат айтады.
«Сағым боп аққан сан жылдар,
Сарсаңға мені салдыңдар
Тағдырлас маған тағдырлар.
Қай жаққа кетіп қалдыңдар», –
деп жалпақ жұрттың жоқтауын жалғыз айтқанына күңіренеді. Жыр да, әуен де табиғи. Қадыр мен Тұманбай, Мұқағали мен Төлеген үн қатып тұрғандай. Оралханды әнші еткен де, сазгер қылған да қазақтың қара өлеңінің құдіреті. Сондықтан да өнерде жаза басып жаңылудан, жасандылыққа барудан қорқады.
Бір көрген адамның мол пішілген сырт бейнесіне қарап, оны сазгерлікке қимағанын да көргенбіз. Құрбы-құрдастары «Сары аю» деп ат қойып, айдар тақса, «ой, аузыңды ұрайын» деп кеңкілдеп күліп, домбыраның шанағынан коңыр әуенді бүлкілдете жорғалата төге беретін. Бітімі кесек, мінезі қандай кең болса, шабыты да сондай шалқар. Домбыра мен гитараның пернесінде, сырнай мен пианиноның клавиштерінде жорғалаған салалы саусақтарында буын жоқ. Оның сырлы да сұлу жан дүниесі мен қауызына мөлдір шық қонған әсем гүлдей пәк сезімі екен ғой жүректерді жаулап алатыны.
– Мені де іздейтіндер бар екен ғой, – деп Орекең ұзақ толғанды. Дауысында майда діріл бар. Босаған көңілін білдіргісі келмеді ме, домбырасының құлақ күйін келтіріп, үнсіз қалды. Бөлме ішін айтылмай жүрген ән әлдилейді. Ол төмен салбыраған басын шалт көтерді де көзін терезеге қадап, сөз бастады. Айтарыңды айтып қал дегендей, домбыраның шанағынан төпелеген майда қоңыр әуен күмілжи қалды.
– Қайран, Шәмші! Қазақ вальсінің королі! Шәмші – ән, Шәмші – құдірет! Иісі қазақ баласы Шәмшінің әнін айтады. Неге? Өйткені, оның әндерінде қазақтың сырбаз мінезі жатыр. Шәмші қазақ әнінің бесігін түзеп, ән әлдиін ұғындырып кетті. Оның бекзат болмысы – менің темірқазығым. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі. Шәмші ағаның биігіне енді ешкім шыға алмайды. Десек те, әркім өзі шығар тауының биіктігін қалайды. Ал, Шәмші –әсем әуенімен аспанмен тілдескен әннің мұзарт шыңы. Шәмшідей болу ешкімнің қолынан келмейді. Болмасаң да ұқсап бағу бір басқа. Көпшік қоймаса, мақтай алмайтын қазағым жомарт та дархан ғой. Бірақ «Шығыстың Шәмшісі» деген атақ әзірге маған артықтау. Оған ұқсау кез-келген сазгердің арманы. Мен солардың бірі ғанамын.
Ол тағы да үнсіз қалды. Өз кезегінен жаңылмаған домбыра бебеулей жөнеліп, шертпе күйдің керуені жөңкіліп берді.
– Өзім туралы айтсам, өмірбаяным қысқа да қарапайым. Жасым қырыққа келіп қалды. Күршім ауданындағы Топтерек ауылында дүниеге келдім. Әкем марқұм ел басқарған азамат болды. Еліне елеулі, халқына қалаулы жан еді. Қызмет бабымен ауылдан ауылға көшіп жүрді. Мен әуелі Құйғандағы мектептің орыс класына бардым. Одан кейін Қалғұтыдағы мектепте қазақша оқыдым. Сегіз жылдықты Топтеректе бітірдім.
Молшылық пен тоқшылықтың арқасында балалығым еркелікпен өтті. Ешкім маңдайымнан қағып көрген жоқ. Бірақ ерке болсам да ақылды тентек едім. Музыкаға бала кезімнен әуес болдым да белгісіз бір сиқырлы дүние өзіне тартатын да тұратын. Сырнайда ойнадым, домбыра тарттым. Құлағыма бір таныс әуен келіп, көкірегімде тұншығып жатып алатын да соны сыртқа шығара алмай тұла бойым құрыстанып дел-сал күй кешетінмін. Қазақтың халық әуендерінен ғана «дертіме» дауа табатынмын. Қара сирақ ауыл балалары ойын қызығына түскенде, шешем 152 сомға алып берген сырнайды айналдырып үйде отыратынмын. Ауылда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Бақдәулет Тұңғышбаев деген мұғалім болды. Әжептәуір ақын еді. «Сен ән шығарасың, міне сөзін алып келдім», – деді бір күні. Оқып шықтым. Бала махаббат, пәк сезім, бозбала мен бойжеткеннің бір-біріне деген ынтазар сезімі. Күн ойландым, түн ойландым. Ән туды. Сол «Қызғалдақ-Ару» менің тұсауымды кесті. Өнердегі өмірбаяным басталды.
Менің оқуға да, әке-шешемнің оқытуға да шамасы болды. Бірақ еңбек еткім, өмір көргім келді. Кеңшарда комбайншы болдым. Әскери қызметімді өткеріп қайттым. Семейдегі музыка училищесіне түстім, бірақ бітірмедім. Жүргізуші болдым. Аудандық мәдениет үйінде қызмет істедім. Әйтеуір бір құдірет байыз тапқызып отырғызбайды. Өнер ордасына, әнші-күйшілердің ортасына жетелей береді. Қазір ел аузында жүрген ондаған әндерім сол жылдары жазылды. Облыстық радио әндерімді жазып, теледидар жұртқа танытты. Облыс сахнасында өнер көрсеттім. Ән сүйер қауымнан әділ бағамызды алып алайық. Сазгерлік атақты өзің іздемей, өзінің келгені дұрыс қой.
Қазір Өскемендемін. Жанымды түсінер, әнімді тыңдар нәзік сезімді жан таба алмай шарқ ұрып едім. Тағдыр оған да кездестірді. Жұбайымның аты –Наргүл. Өнер иесі болмаса да, өнерді жанындай жақсы көреді. Иә, бойдақ жүргенде «әлеуләйдің» жетегімен сайда санымыз, құмда ізіміз жоғалатын кездің болғанын да жасырмаймын. Жас та, мас та болдық. Аузында әнің айтылатын жұрт сонда іздеп, кейбір қылықтарыңа көңілі толмаса, налитынын кеш түсініп жүрдім. Соны ойласам арымның ұятына күйіп өлердей қысыламын. Үйлену оңай, үй болу қиын екен. Күнделікті күйбең тірлікке алаңдайтын болдық. «Абаш-думанның» концерттеріне қатысамын, жұмыссыз жүргендердің өмір сүру дағдысына да үйреніп келемін. Ал, өнер – өмірім. Одан ажырау – мен үшін тірі өлік-ғұмыр кешкенмен бірдей…
Оралхан түтінге көміле темекі тартып отыр. «Қазақтың жақсы да жат мінезін Қадырдан артық жырлаған ақын жоқ», – деді де «Боздаласын» аңыратты. Боз жусанды, ақ селеулі дала бірде ішін тартып өксіп жыласа, бірде шаттықтан шалқып, шалықтап күлетіндей.
– Өнер жайлы ойласам, Бақдәулет ұстазым, менің әнімді айтар әншілер, ән сүйер қауым алдындағы қарызым мен парызымды қалай өтеймін деген сауал санамда сұңқылдайды. Өнер халықтікі десек, сол халықтың қақ ортасынан шыққан хас таланттар ғана танылады. Өнердің ұлттық болмыс-бітімі, мінезі болуы керек. Шәмшіні хан көтеретініміз сондықтан. Сазгер біткеннің бәрі Мұқағалидың өлеңіне неге жармасады. Өйткені, онда қазақтың қара өлеңінің құдіреті жатыр. «Ескі әнді, шеше, қозғама» әнімді жазғанда мұқым Мұқағали әлемін шарлап шықтым. Талай түндерім ұйқысыз өтті. Ақынмен бірге толғандым, толғаттым. Қайран Мұқағалидың ордалы ойын шашыратып, сол қалпында жеткізбесем, сөз өнері алдында кешірілмес күнә жасаған болар едім. Құдайға шүкір, ән жылы қабылданды.
Былайғы жұрт біле бермес, мен үнемі ой үстінде жүремін, көңілімді күй тербеп, жүрегім ән салып тұрады. Бар шыным осы. Шалқыған шақта да, мұңайған сәтте де, масаң күйде де ән туады. Бірде былай болды. Атақты Бошай Кітапбаев Одақтық Кеңестің депутаттығына кандидаттыққа түсіп, Күршімдегі сайлаушылармен кездесті. Мәдениет үйі лық толған халық. Бошекең кездесудің соңына таман арынды ақын Арғынбек Апашбайұлының «Жер – адамның анасы» атты Алтай термесін оқыды. Төртуыл руынан шыққан арқалы ақынның жат жерде – Қытайда жатып, елін, жерін сағынғанда жазған жыры екен. Жырдың керемет әсер етіп, тебіренгенім сондай, Бошекең оқып тұрғанда, көкірегімде бұлқына ән туып, қосыла айтып тұрдым. Асығыс жүрген Бошай аға алды-артына қарамай аттанып кетті. Жырдың сөзі қолыма тимегеніне күйініп мен қалдым. Күндердің күнінде ақындар мектебіне бас сұқсам, ақын да сазгер ақсақалымыз Қабдолла Тұраров пен музыкант Жомарт Әміренов ерекше толғаныс үстінде екен. «Бошекең Алтай термесін «Қазақ әдебиетіне» бастырыпты. Халықтық мақаммен ән жазып, Алматыда өтер жыршы-жыраулар сайысына Еркін Қыдырхановты жіберу керек», – дейді. Көктен іздегенім жерден табылғандай болды. «Мен жазам, шығыстың жырына жазылған өз әні барсын», – дедім. Келісті. Топтеректегі үйіме бардым да, жыр шумақтарын жол-жолға бөліп алып, сонау кездесуде туған әнге салдым. Ән қабылданды. Ән мен жырды арқалап Еркін Алматыға аттанды. «Терме айтылғанда Республика сарайы демін ішінен алып, ән аяқталғанда қара ормандай халық аяқтарынан тік тұрып қошемет көрсеткенде, қуаныштан басым айналып кеткендей болды. Сахнаның сыртына шықсам, «әлгі Алтай қайда, Алтай қайда» деп Асанәлі Әшімов іздеп жүр екен. Арқамнан қағып, маңдайымнан иіскеді. Алтайға менен сәлем айт! деді», – деп еске алушы еді жарықтық Еркін досым. Бұл термені марқұм Серік Рысбаев та нәшіне келтіріп орындайтын. Жақсы жандардың ғұмыры неге қысқа болады екен, осы?! Өнердегі қос қанатымнан айырылғандай болып жүрмін. Абаш пен Хасенге, Есен мен Әрияға рахмет, әндерімді орындап, насихаттап, қанаттандырып отырады. Біреулер мені әуесқойсың десе, енді біреулері кәсіпқойсың дейді. Айта берсін. Әрбір сазгердің табиғаты бөлек, өз үні, әуезі бар. Ән сүйер қауым қажетін өзі екшеп алады. Кейбіреулер бір-екі ән жазады да халқымның рухани қажетін өтеп жүрмін деп жар салады. Ал, кейбіреудің жүз әні бар, бірақ ешкім айтпайды. Екеуі де сорлылық. Құдай одан сақтасын!
Жұбайы Наргүл айтады: Оралханның мінезі қызық, бала сияқты, тым қарапайым. Өнерін жұрт бағалайды, облыстьқ мәдениет басқармасы да, филармония да сазгер, әнші екенін жақсы біледі. Жұмысқа тартуға болады ғой. «Жыламаған балаға емшек бермейтіні де» белгілі. Беті бір қайтса, барған есігін екінші рет ашпайды. Әндерін жинап, нотаға түсіретін де уақыт болды. Алматыға барғанда, қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасындағылар Орекеңнің әндерін тыңдап, жылы қабылдады. Жарты сағаттық хабар жасамақ болды. Күнделікті күйбең тірліктен оған да уақыт таба алмады. Өлеңдері әнге айналған Тұманбай мен Қадыр ағаға барса да артық болмас еді. Кім біледі, «сабақты ине сәтімен» дейді. Соны тосып жүрген шығар. Бірде Әрия «Орамал» әнін айтып тұрғанда, Орекеңнің «Ойбай, мынау менің әнім ғой» деп орнынан ұшып тұрғанын да көргенбіз. Түн ортасында атып тұрып, ән туды деп, домбырасына жармасатыны да бар. Қалай жазса да, қалай танылса да жағдай жасауға тырысамын. Өнер біткен киелі, оны қадірлесең ғана қасиеті артады.
– Өмір жайлы толғансам, болашақ елестейді. Заман өзгеріп барады. Соған орай жастардың мінезі де қызық. Тілдері шәлдүр-шүлдір, тыңдайтын музыкасы даңғұр-дұңғыр. Орыс тілін жете меңгермей жатып, европалық мәдениетке ұмтылады. Әжесінің әлдиін, ертегісін тыңдамаған баланың бойында ұлттық болмыс қалыптаспайды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп қандай тамаша айтылған.
Мен өмірді өнерден бөліп қарамаймын. Өмір ағымына сай өнер де тығырыққа тірелді. Өнерді демеу қорының құрылып, Президенттің өз қалтасынан қаржы бөлуі тегін емес. «Заманың түлкі болса, тазы болып шалатын» уақытта өмірде де, өнерде де жолбикелер көбейіп кетті. Өнерде күндестік басым. Қазақ эстрадасын алыңыз. Кейбір әндер үлкен сахнада бірақ рет айтылады да қалады. Соған сыйлық алып жатады. Оны сахналауға қаншама қаржы кетеді. «Азия дауысы» ұлттық ерекшеліктен жұрдай, шетел әншілерін хан көтереміз. Қазақтың ән-күйінің жұлдыздары Секен мен Бекболатты неге әлпештеп, алақанда ұстамаймыз, солар арқылы қазақты неге шетелге апарып, танытпаймыз. Айта берсек, сөз көп. Менен басқалар да айтып жатыр ғой.
«Ойлаңдар достар, өнерде жарыс болмайды,
Өресі жетпей, күндестік қылған оңбайды”, – деп Мұқағали да күйінгеннен айтқан. Өз басым өмірде де, өнерде де біреудің алдына түсемін деп тыраштанбаймын. Жақсы ән жазсам, ойым да, бойым да сергіп, керемет бір бақыт құшағында жүремін. Әрине, еңбегің еш, тұзың сор болмағанына не жетсін!
Мен бұл жолы Оралханның сазгерлігіне емес, шешендігіне, ойының алғырлығына таң қалдым. Орталық базарда сатылып жатқан кассетасынан жаңа бір әнін тыңдағанымды айттым. Ол – «Ақ тілек» екен. «Айтып берейін бе?» – деп ол енді сырнайын қолға алды. Ойнақы әуен кұйқылжи төгілді. Сол әуен әлі күнге дейін есімнен кетпей жүр…
***
Ошанның да бұл дүниеден озғанына үш жыл болды. Ол туралы естелік жазуға отырсам, қолым дірілдеп, көңілім босап, көзімнің алды бұлдырайды. Әлде, тума талантты өлімге қимағандықтан болар…
Уәлихан Тоқпатаев
16 қазан, 1998 жыл