«Дидардың» қонағы

Сағынбек Ақанов, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:  – Тәуелсіздігіміз баянды болса деймін

      Әйгілі Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген екен. Өзінің қара басының қамын ғана күйттеген үлкен кісілерді шал, әулетінің абыройын ойлап, билік жүргізген қартты қария, тұтас бір ауылдың жоғын жоқтап, жыртығын бүтіндеп, айдынын асырған адамды ақсақал, ал елдің қамын жеп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, сыр шертетін қарттарды абыз деп атаған екен. Олай болса, ақылы теңіз дария қарттар біздің өңірімізде де баршылық. Солардың бірі – Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов. Қарттар күні қарсаңында Сағынбек Ақановпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

 Ақсақал – ауылдың қазынасы

     – Аға, Қарттар күні құтты болсын! Қазақ «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді ғой. Айтыңызшы, бұрынғы сіз білетін қарттар қандай еді?

– Иә, біз кішкентайымыздан ауылдағы ақсақалдардың тәрбиесін көріп өстік қой. Ол кезде ақсақал дегеніңіз ауылдың ырысы, қазынасы болатын. Кейін өзіміз қанша оқысақ та, білім алып, ізденсек те, сол ақсақалдардың берген тәлім-тәрбиесінің орны бәрібір бөлек. Мен өзім Тарбағатайдың Жетірал ауылынанмын. Жетіаралдың қазынасы мына Нұразхановтар әулетінің басында тұрған Ыбырайым ақсақал еді. Ол кісі 1946 жылдан 1957 жылға дейін колхоздың председателі болды. Ел ол кісіні «Абай» дейтін. Менің алғашқы еңбек жолымды, еңбек кітапшамды ашқан сол кісінің қолы. Біз 11-класты бітірген 1961 жылы  жоғары оқу орнына түсу үшін екі жыл өндірісте еңбек ету керек деген заң болды. Әкем колхоздың председателіне барасың деді, бардым. Аумағы атшаптырым кең кабинеттің төрінде  Ыбырайым ақсақал отырды.  «Кел, кел, айналайын» деді. Алдына келіп отырғанымда маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Сол кісі учетчик қып мені егіс фермасына жіберді. Осылай мен екі жыл учетчик болып еңбек еттім.  Ыбырайым ақсақалдың қолы бар еңбек кітапшам әлі күнге дейін сақтаулы. Өзімнің әкем де Асусай фермасының меңгерушісі болған көзі ашық, көкірегі ояу адам еді. Мақтанғаным емес, Асусай фермасындағы «Ақан Бозша», «Ақанбұлақ» деген жер әлі күнге дейін әкемнің атымен аталады.

Біздің тұсымыздағы ақсақалдар кең болатын, өте  ұйымшыл еді.  Әлі есімде, бірде ауылда тұратын Сейтолла деген кісінің тайыншасын қасқыр жеп кетті. Ауыл ақсақалдары сонда өзара ақылдасып, ертең ана қасқырдың қайта айналып жемтікке келетінін айтып, сол қасқырды бірігіп соғып алған болатын. Сосын колхоз бастығының үйінде кішігірім  той болды.

1950  жылдары ауылдың қарттары үй тұрғызуға қажетті ағаш дайындау үшін жиналып жазда Шағанобаға, қыста мұз қатқан соң  қамыс дайындау үшін Тұғылға кетеді. Сосын ең алдымен кімнің отбасы үлкен, кім жалғызілікті, соларға қол ұшын созатын. Мысалы, ауылда Төстікбай, Сіркебай деген ақсақалдардың балаларының барлығы соғысқа кетіп, біреуі де оралмады. Сол кісілердің зиратына дейін халық болып, асарлатып тұрғызды.

Қазір ауылдың берекесі қашты, жастар қалаға кетті дейміз ғой. Бірақ қалай десек те қазақтың мәйегі – ауылда. Мысалы,  ауылға барсаң, әке-шешеңнің көзін көргендерді көргенде жүрегің лүпілдейді. Төбесін көргенге қуанасың ғой. Қазір тіпті өзіміздің қатарымыз да сиреп барады. Жыл сайын туған жерім Асусайға, Жетіралға барып тұрамын. Сонда алдымнан кішкентай балалар жүгіріп шығады. «Әй, кімнің баласысың?» деймін. «Рамазанның баласымын», «Тоқанның баласымын» дегенде, әкесі көз алдыма елестеп, «Бері кел, айналайын. Сен жақсы атаның баласысың» деп оларды бауырыма басамын.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрміз

     – Сіздің «Алтын арқау» атты қоғамдық бірлестіктің жетекшісі екеніңізді білеміз. Жалпы, бұл бірлестіктің негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу ғой.

– Иә, зейнетке шыққаннан кейін облыстық Достық үйінің жанынан «Алтын арқау» атты қоғамдық бірлестік құрып, жетекшілік еттім. Бүгінде бірлестіктің 127 мүшесі бар. Сол салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастар тәрбиесімен айналысамыз.

Соңғы жылдарда Шығыс Қазақстанда Қайролла Бақтыбаев дейтін металлург ағамыз  Совет Одағының Еңбек Ері болды,жақында өмірден өтті. Сол кісінің өмір жолына арналған шара өткіздік. Журналист  Шекерхан Әзмұхамбетов, абыз ақсақалымық Бағдәулет Мүрсілімов, Әбілмәжін Беделбек деген күйшінің кештерін өткіздім. Шығысқазақстандық жеті қиссагердің еңбегін Қазақ радиосының алтын қорына жаздырдым.

Біраз шаруа атқардық. Шығыста «Ғасырлар ескен есілім, Жылдармен жеткен есімің» деген атпен батырлар жыры байқауын ұйымдастырық. Бұл байқау облыстық, республикалық деңгейде өтті. Байқауға тек қазақтар ғана емес, қисса айтатын екі орыс ұлтының өкілі қатысты. Бірі Бозанбайдан, екіншісі Жармадан. Мына Самардағы Болғанбаев атындағы мектепте  «Бабалар сөзі» атты үйірме бар. Сол үйірмеге қатысатын қисса айтуға бейімі бар төрт оқушыны сол байқауға салдым. Қазір бәрі – үлкен азамат. Қазылар алқасының құрамында белгілі фольклортанушы ғалым Сейіт Қасқабасов, ақын Қадыр Мырзалиев, өзіміздің Қанипа Бітібаевалар болды.

Бұл байқауды ұйымдастыруға не түрткі болды?

– Бір кезде Шығыс Қазақстанда қисса айтатын адамдар жоқ, қатары үзілді деген пікір болды. Менің осы пікірді жоққа шығарғым келді. Қисса айтатын жыршылардың әлі де бар екенін дәлелдесем дедім. Сосын бұл менің жаныма жақын.

Біздің тұсымызда ауылда теледидар қайдан болсын, радионың  өзі бағананың басында. Сонда әкелеріміз «Арқалық батыр», «Қобыланды батыр» жырларын әкеледі де, бізге оқытып қоятын. Содан әлгіні мақаммен оқисың. Біраз қиссаны жатқа білдім. Осының өзі үлкен тәрбие ғой. Мысалы, Тарбағатай өңірінде Бекбосын, Кәкеш Әкімбаев, Жақан Әрінов деген таңды-таңға ұрып қисса айтатын ақсақалдар болды. Кейде әкеміздің тізесінде сол қиссаны тыңдап отырып ұйықтап қалатынбыз. Әкемнің өзі де тойдың көркі еді. Домбыра жоқ болса, оқтауды әкел деп отыратын. Бізді жетектеп, осы күнге жеткізген – осындай тәрбие.

    – Бұл байқау қазір неге өтпейді? Неге тоқтап қалды?

– Үш жыл қатарынан басы-қасында жүріп ұйымдастырып, өткіздім. Сосын бір мемлекеттік қызметтің өкілі: «Сәке, осыны қайтесің? Мұндай байқауды ұйымдастыратын арнайы басқарма бар емес пе? Басқа шаруамен шұғылдансаң да жетпей ме?» – деген әңгімеден соң қойдым.

Елбасына бата бердім

    – Сіз батагерлер байқауын да ұйымдастырдыңыз ғой.

– Батагерлердің байқауын 2017 жылы ұйымдастырдым. Қалалық ардагерлер кеңесі қолдады. Ал 2018 жылы облыстық деңгейде өтіп, бас жүлдені  Рашитбек Мұхаметжанов алды.

    – Қазір бата бере алмайтын қариялар да бар ғой…

– Жалпы, жұрттың бәрінің батагөй болуы да мүмкін емес қой. Бұл – табиғаттың берген бір дарыны. Бәрі адамның зейініне, жаратылысына байланысты. Бата алған адамның жан сарайы ашылып, тазарып қалады. Жолың ашылады. Әбіш ағамыздың өзі: «Бағаламасаң, бақ қона ма, қуанбасаң, құт қона ма?» – дейді ғой. Өмірдегі бір жақсылықты бағалай білу керек.

Мысалы, кезінде қажыға барарда Бұтабай қажыға Боз деген ақсақал бата беріпті. «Айтпай сөзің, шаппай қылышың өтсін, Сүйегің Меккеде қалсын» деп бата берген екен. Боз бабамыздың батасының дәл келгені әлі күнге Тарбағатай жұртының аузында айтылып келеді. Бұл да – бір тылсым өмірдің бір құпиясы. Қазіргі жастар үлкен адам  бата берсе, елемейді. Мен бата алдым-ау деп жүрегінен өткізіп алмайды.

    – Сіз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа да бата беріпсіз ғой. 

– Иә, 2011 жылдың 25 наурызында Өскеменге Елбасымыз келді. Сайлау қарсаңы болатын. Спорт сарайында ат нөпір  халықпен бірге облыстық Достық үйінің үлкен-кішісі жиналып, Президентті күтіп тұр. Мәулен Әшімбаев: «Аға, қысқа-қысқа беріңіз», – деді маған. «Нұреке, қош келдіңіз! Қара орман халқыңыз күтіп отыр. Ойға алған мақсаттарыңыз Шығыстан шыққан күнмен нұрланып, оңынан туған аймен оңалсын», – дедім. Бір-ақ ауыз сөз. Жалпы, Президентпен екі рет кездестім. 2005 жылы Семейдегі Абай театрында Елбасымыз Шығыстың зиялы қауымымен кездескен болатын.

– Сіздің «Ғасыр көші», «Азалы кітап» атты кітаптардың авторы екеніңізді білеміз. 

– Достық үйінде жүріп 2011 жылы  «Ғасыр көші» деген кітабымды  қолға алдым. 2013 жылы баспадан шықты. Бұл кітапты жазуға екі жылдай уақытым кетті. Одан кейін  «Азалы кітапты» шығардым. Кітапқа 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккен 4500 адамның есімі кірді.

2014 жылы Достық үйінде жүргенімде Өскемендегі ардагерлер кеңесінің жұмысына көмектесіп, бір жағына шығып беріңіз деген өтініш түсіп, сол жаққа ауыстым.

    – Арманыңыз қандай?

– Ең бастысы, елде тыныштық болса дейсің. Сосын халықтың тәуелсіздікке деген ақжарма көңілінен шығатын жақсы бір саясат болса, тәуелсіздігіміз баянды болса дейсің.

    – Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button