Басты

Сақтық шаралары дер кезінде қолға алынды

Аймақта коронавирус індетіне қатысты  қандай да бір дүрбелең туғызатындай ахуал байқалған емес. Қоғамдық көліктер уақтылы қатынап, сақтық шаралары, алдын алу, түсіндіру жұмыстары дер кезінде қолға алынған. Азық-түлік сататын сауда орындары да әдеттегідей қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен Өскемен қаласында жүргізілген арнайы рейд барысында белгілі болды. Рейдке қатысушылар алдымен қаладағы адам көп жиналатын Абай даңғылының бойындағы автобекетке барып, ондағы ахуалды тексерді. Мұндағы техперсоналдар әр автобусты рейс алдында және келген соң да залалсыздандырудан өткізіп, қауіпсіздік шараларын барынша күшейткен. Автобекет ғимаратының іші де әр үш сағат сайын толық хлормен жуылады. «Өскемен автовокзалы» ЖШС директоры Алмаз Бейсенғазиннің айтуынша, сақтық шараларының аясында қазіргі кезде күнделікті 32 бағытта жүретін жолаушылар ағыны сексен пайызға дейін азайған.

– Біздің медициналық қызмет кез келген жағдайда келген жолаушыға қызмет көрсетуге әзір. Қажетті препараттар жеткілікті. Ең жас деген медициналық қызметкердің еңбек өтілі 13 жыл. Дезинфекциялауға қолданылған заттар артынан біздегі арнайы қызмет арқылы жойылады. Барлық жұмыстар қолданыстағы заңнамалар аясында атқарылып жатыр. Қазір Ресей мен Қырғызстан бағытындағы барлық қатынастар тоқтап тұр. Коронавируске қатысты Нұр-Сұлтан мен Алматы бағыты да жабылды. Жолаушыларға айтарым, барлық билеттер жолаушылар тасымалына қатысты заңға сәйкес қайтарылады. Ең бастысы, қандай жағдай болмасын, біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз, – деді жағдайды аймақ әкіміне баяндаған Алмас Бейсенғазин.

Келесі ретте облыс әкімі Өскемен қаласындағы жолаушы тасымалымен айналысатын ірі автопарктердің бірі  – «VOSCA» ЖШС-нің базасына барып, залалсыздандыру шаралары қалай атқарылып жатқанын тексерді. Мұнда қазір күнделікті 11 қалалық маршрутқа шығатын жетпіске тарта қоғамдық автобус тәулігіне үш мәрте толық залалсыздандырудан өтіп жатыр. Дәрілік заттардың қоры да екі айға артығымен жетеді. ЖШС директоры Қанат  Халеловтің айтқанына сенсек, өскемендіктерге тексеруден өткен «VOSCA-ның»  автобустарына еш алаңсыз отыра беруге болады.

– Облыс әкімі біздің коронавируске қарсы атқарып жатқан шараларымызды оң бағалады және осы қарқында үздіксіз жұмыс істей беруді тапсырды, – деді мекеме директоры Қанат  Халелов.

Өскемендегі жолаушылар көп қатынайтын қоғамдық көліктің бірі – темір тағанды трамвайлар. Ал олар тоқтайтын трамвай паркінде де сақтық шаралары барынша күшейтілген. «Көлік компаниясы» ЖШС директоры Михаил Чайканың айтуынша, арнайы қызметкерлер әр вагонның ішін де, сыртын да хлормен тазартып жатыр.

– Бүгін халық көп қолданатын қоғамдық көлік құралдарындағы залалсыздандыру жұмыстарын қарап шықтық. Өздеріңіз бірге жүріп байқағандай, қандай да бір дүрбелең туғызуға еш негіз жоқ. Мемлекет басшысының арнайы жарлығына, тапсырмасына сәйкес барлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еттік. Өңірде көп рет қолдануға болатын медициналық бетперде өндірісін тез арада жолға қойдық. Азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Сондықтан облыс тұрғындарына айтарым, бізге ең бірінші кезекте сабырлық пен тәртіп және бірлік керек. Сонда ғана біз бүкіл әлемнің үрейін алған коронавирус  індетін жеңіп шығатын боламыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button