Өзекті

Сағаттықтар ауызсу мен жолды айта-айта шаршады

Таяуда Сағат ауылына жолымыз түскен еді. Елді мекен халқы өздерінің өтініштерін жоғарыға жеткізуді аманат етті.

Бұл өзі XXI ғасырда қайта рухани жаңғырып жатқан, 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына кіруге талпынып отырған біздер үшін тым ұят-ақ болды. Сасықкөлдің жағасына орналасқан, халқының саны 500-дей ғана шағын ауыл 1997 жылдан бері  Үржар ауданына қарайды. Кент деген атауы ғана. Әйтпесе, бұл жерде балық ауланғанымен, оны өңдейтін, қабылдайтын бірде бір кәсіпорын жоқ. Жергілікті жұрт балықты күнкөріс үшін ғана аулайды. Іргеңде ақ сазан шоршып жатса, аш қалу әлбетте, күнә. Сондықтан, жұрт көлден балық аулап, талғажау етуге мәжбүр. Өкініштісі, билік тарапынан бұл өңірге оң көзқарас болмай тұр. Бұл жерде ауызсу жоқ.

Үржар ауданы әкімдігінің Сағатқа «Таза су» бағдарламасына сай су құбырын тартып беруге шамалары жетпей отыр. Керісінше, билікке жұрт көзінен тасада «өз қотырын өздері қасып жатқан» мұндай ауылдың өркениеттен аулақ үні шықпай жатқаны тиімді секілді. Сағаттықтар өздері шомылып, балық аулап, кір жуып жүрген көлінен су ішуге мәжбүр.  Шамасы жеткендер ауызсуды округ орталығы Қарақол ауылынан алдырады.

Қарақол демекші, тікелей жүрсе 30 шақырым болатын екі ауылдың ортасына қыс түгілі жазда қатынас болмай қалады. Жауын-шашын күндері екі ортаның жолы лай-батпаққа айналып, көлік атаулыны жүргізбей тастайды. Сағаттықтар мұндайда батпақтан ілдебайлап, 18 шақырым жердегі  Алматы-Өскемен тас жолына шығуға талпынады. Онда да жаңбырдан соң екі ортаның лайсаңы дегдігенше екі-үш күн тосуы керек. Одан әрі Қарақолға дейін 40-50 шақырым. Құдай бетін аулақ қылсын, ауырып қалса, ота қажет бола қалған жағдайда жұрт қайтпек деп ойлайсың?! Ойлаудың өзі қорқынышты.

edf

Кентте бірең-сараң жекеменшік үйлер салынғаны болмаса, жаңа құрылыс жоққа тән. Осыдан 60-70 жыл бұрын саман кірпіштен салынған тоқал тамдар мен құлаған, қираған үйлер құдды өткен ғасырда  жүргендей әсер қалдырады.

Шынында да Сағат кентінде жүріп, «қарамағындағы шағын ауыл халқының әлеуметтік жағдайын ойлайтын, жұрт үшін жаны күйетін басшының болмағаны ма?» деген ой мазалады бізді.

Берікхан Тайжігіт

                                                                                      Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button