Денсаулық сақтау

Құс тұмауына жеңіл-желпі қарауға болмайды

«Дүние дамыған сайын түрлі дерттер де дамиды» деген нақыл бар екен ғалымдар арасында. Соңғы 15 жыл көлемінде белгісіз себептермен пайда болып, әлі күнге нақты шығу көзі анықталмай отырған бір дерт – құс тұмауы. Оның қоздырғышы Н5N1 штамымен тарайтын жұқпалы аурушаңдық көрінеді.

Құс тұмауына жеңіл-желпі қарауға болмайды– Ол құстарда, соның ішінде кейбір үй құстарында пайда болып, оларды күту мен етін бөлшектеу кезінде адамға да жұғуы мүмкін. Індеттің негізгі таралу көзі жабайы құстар, әсіресе, суда жүзетін үйрек-қаздар болып табылады, – дейді облыстық санэпидқадағалау департаменті аса қауіпті және карантиндік жұқпалы аурулармен күрес бөлімінің бас маманы Жанай Біржанов. – Ал үй құстарында бұл індетке тез шалдығатыны – тауықтар мен күрке тауықтар. Олар тұмауды тез жұқтырады және тез арада жаппай қырылып қалады. Ең ауыры, құс тұмауының жұқпасы адамдарды қауіпті ауруларға шалдықтырып, өлім-жітімге әкеп соғатыны.

Бұл індет дүниежүзінде алғаш рет 1997 жылы Үндіқытай түбегінде тұратын адамдар арасында тіркеліп, одан бері оған 596 адам шалдыққаны белгілі болып отыр. Бүгінде олардың 354-і қайтыс болған көрінеді.

Бас маманның деректеріне сүйенсек, құс тұмауы бойынша біздің облыста эпидемиологиялық және эпизоотикалық жағдай қолайлы болып табылады. Адамдар мен құстар арасында құс тұмауы аурушаңдығы тіркелмеген. Жағдайдың көңіл көншітерліктей болуына салалық министрліктердің қадағалауымен су көздеріне, құс фабрикаларына, жеке аулаларға, сондай-ақ, аңшылар мен балықшылардың денсаулығына қатысты мониторинг жүргізілгені өзіндік көмек болып отырған көрінеді.

Облыста құс тұмауының алдын алу шаралары облыс Әкімі бекіткен кешенді жоспарлар негізінде жүргізіліп, ол шаралармен барлық ауыл шаруашылық мекемелері, малдәрігерлік қызметтер, әкімдіктер, құс фабрикалары, аңшылар, егерьлер және балық қорғау инспекциясы негізді қамтылып келеді. Ең бастысы, әр жыл сайын жұқпалы ауруларды диагностикалау, індетке қарсы шараларды ұйымдастыру мақсатында медицина қызметкерлерімен тақырыптық семинарлар мен жаттығу сабақтары өткізіліп келе жатқанын айтады Ж.Біржанов.

Біраз жылдан бері бірқатар елді дүрліктірген осы бір індеттің әуелгі белгілерін білгіміз келген бізге маман оның үй құстарында байқалатын белгілерін жіліктей атап шықты. Мәселен, құстардың тәбеті жоғалып, жемнен бас тартатын көрінеді. Бұлшық еттерінің жансыздануына (параличке ұшырауына) байланысты қанаттары салбырап, жүргенде шатқаяқтап, сүріне береді. Мойындарын ұстай алмай, бастары 180 градусқа бұрылып кетуі мүмкін екен. Тамағы мен айдары ісініп, мұрындарынан су ағып, түшкіре береді.

– Ал оның адамдардағы белгілері кәдімгі маусымдық тұмауға ұқсас болып келгенімен, әлдеқайда ауыр өтеді. Дертке ұшыраған адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, жөтел пайда болып, тамағы ауырады, бұлшық еттері қақсайды, көзі мен мұрнынан су ағып, тыныс алуы қиындайды. Бұл жерде адам өміріне қауіпті асқынуларға жүректің, бүйрек пен өкпенің қабынуы жатады. Өкпеге су толып, адамның көз жұмуы да мүмкін, – дейді маман.

Індеттің жұғу жолдарын сұрағанымызда, маманның қайтарған жауабы мынадай болды: адамдар ауру құстарын күту барысында, яғни, қораны тазалау кезінде ауа тамшысы арқылы көздің шырышты қабығына, тыныс алу жолдарына шаң-тозаң түсіп, құс етін бөлшектеу мен мамығын немесе жүнін түткенде, сонымен қатар етін өңдеу кезінде жұғуы мүмкін. Оның айтуынша, абырой болғанда жұқпаның адамнан адамға берілу жағдайлары әзірге тіркелмеген екен. Бұған қоса маман: «Сақтансаң, сау боласың» демекші, әрбір адам індеттен қарапайым сақтану шараларын білуі қажет.

Ал құстар арасында ауру белгілері байқалған жағдайда, жедел түрде жергілікті ветеринарларға, медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына хабарлап, ауырған құсты дереу оқшаулау керек» дей келе, ауырған құстар мен өлекселерді жедел түрде өртеп немесе терең көміп тастап, тұрған орындарын тазалап, залалсыздандыру шараларын жүргізу, құс еті мен жұмыртқадан тағам даярлағанда оларды әбден пісіріп жеу керектігін ескертті.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button