Ауыл шаруашылығы

Сүт өндіруді ұлғайтпақ

Ауданда ет бағытындағы ірі қара мал өсіріп отырған шаруа қожалықтары баршылық. Аудан басшылығы енді сауылатын малдың басын молайтып, сүт пен одан өндірілетін өнімдерді өзімізде шығаруды жолға қоюға талаптанып жатыр.

Осы мақсатпен 2019 жылы Ресейдің Алтай өлкесіндегі бір шаруашылықпен келісімшарт жасалып, Күршімге симменталь тұқымды 42 құнажын сатып әкелінген болатын. Осы асыл тұқымды түліктің иесі, Күршім ауылдық округіндегі «Тіршілік» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Мәселов аталған сиыр табынын биыл екінші мәрте төлдетіп отыр.

– Мен бұл түлікті Ресейден қысқа қарсы сатып әкелдім ғой, – дейді Бақытжан Жеңісбекұлы. – Ол кезде Күршімге жеткізілген құнажындардың барлығы бірдей ұрықтандырудан өткен, буаз малдар болатын. Келесі көктемде қолымдағы табын түгелдей бұзаулады. Ал биыл бұлардың жартысы көктемде бұзаулады, ендігі жартысы осы күзде төл береді деп отырмыз. Асыл тұқымды алты бұқа бар, ал табынымызды арнайы маман жалдап, қолдан ұрықтандырамыз.

Сарыөлең ауылына таяу жердегі «Сарыкөл» қыстағын мекендеп отырған Б.Мәселов шөпті Күршім ауылының маңындағы өзінің бұрынғы шабындығынан тасып жатыр екен. Өйткені төңіректің бәрі егістік пен жергілікті тұрғындарға тиесілі шабындық жерлер. Барлығының ежелден меншіктенген иелері бар, сондықтан жазда мал жаятын өріс жоқтың қасы.

Бұл жерде қазіргі кезде небәрі 15 сиыр сауылуда. Олардан алынған май мен кілегей аудан орталығында сенбі сайын өтіп тұратын жәрмеңкеге жөнелтіліп отырады. Ал қалған 150 бас ірі қара Шірікаяқтың арғы жағындағы Қарағаш деген жайлауға шығарылып, жаз бойы сол құнарлы да салқын өңірде бағылады. Олардың ішіндегі симменталь тұқымды сиырдың саны сексенге жетіп отыр.

– Мен қазір төрт адамға тұрақты жұмыс беріп отырмын, – дейді Бақытжан. – Малды бағатын бақташылар жайлауда, олар осы айдың 25-інен кейін түседі. Ал шөп шауып, жинауға өзім қатар жүріп, атсалысамын. Құдайға шүкір, тіршілігіміз бар, жыл сайын жетпіс-сексен өгізшені етке өткізіп, пайдасын көріп отырмыз. Сауын сиырлар механикаландырылған аппаратпен сауылады. Бұл жұмыспен жолдасым Арай өзі айналысып, бәріне үлгереді.

Бізге қолбайлау болып тұрған – жердің тапшылығы. Әдейілеп маңымыздағы аумақтан жайылымдық, шабындық жер бөлініп, іргеміз кеңейер болса, ауданға барынша мол пайда әкелер едік. Сондай-ақ сауғанымызды сүттей өткізетін болсақ, жұмыс ауқымы да әлдеқайда кеңіп, жаздай жүзге тарта сиыр сауған соң, өнімді де көбірек өндіруге мүмкіндік туар еді. Мал шөпке тұрған кезеңнен бастап, табынымызды түгелімен сауатын боламыз. Сол кезде сүт қабылдайтын пункттер жұмыс істеп тұрса, біздің де қарқынымыздың арта түсері сөзсіз.

Бұл аталған мәселелердің барлығы шешімін жергілікті жерде табатын жайлар ғой. Ендеше, Б.Мәселовтің тауарлы-сүт фермасының қанатын кең жайып, төңіректегі қауымды сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін күніне де куә болармыз. Жемшөп қоры жеткілікті, мал қорасы барлық талаптарға сай, электр қуатымен жұмыс істейтін сауын аппараттары сақадай сай. Ендеше, келешектегі барша үміт – ел басқарған азаматтарда. Солардың тікелей қолдап-демеуінің арқасында аталған ферманың көп ұзамай аяғын нық басатынына сенім мол.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button