Денсаулық сақтау

Құс тұмауы адамдарда анықталған жоқ

Бесқарағай ауданының Башкөл ауылында құс тұмауы анықталып, елді мекенде 21 күндік карантин енгізілді. Дегенмен, адамдар арасында құс тұмауына күдіктілер мен ауру жағдайлары тіркелмегенін алға тартқан санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары облыста қауіпті дерт бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін хабарлады.

– Құс тұмауын адамдар құстарды күту кезінде, құстар ластаған ортамен тығыз қарым-қатынаста болғанда жұқтыруы мүмкін, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Марат Исмаилов. – Тұмау вирустарының табиғи резервуары суда жүзетін жыл құстары болып келеді. Жабайы дала құстары үй құстарымен жанасу арқылы тұмау вирустарын жұқтырады.

Мамандар бүгінгі таңда облыста құс тұмауы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтады. Әзірге адамдар арасында құс тұмауына күдіктілер мен ауру жағдайлары тіркелген жоқ.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, Бесқарағай ауданының Башкөл ауылында үй құстарының жаппай қырылу жағдайы тіркелген. 30 қыркүйек пен 4 қазан аралығында төрт жеке аулада болған оқиға бойынша ветеринариялық қызмет мамандары патологиялық материалдың сынамаларын алып, Нұр-Сұлтан қаласының ветеринариялық референс-зертханасына жолдаған. Зертханалық талдау нәтижелері бойынша олардан жоғары патогенді құс тұмауының АН5 штаммы анықталды.

– Өлген құстардың денелері арнайы бөлінген жерде өртеу арқылы жойылды. Төрт жеке шаруашылықтың үй-жайларында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Орын алған оқиғаға байланысты Бескөл ауылдық округі әкімінің қаулысы шығарылып, Башкөл ауылында 21 күнге карантин режимі енгізілді. Қаулыға сәйкес елді мекендерден шығуға, құс шаруашылығы өнімдерін шығаруға шектеу қойылды, – деді Марат Исмаилов.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Бесқарағай ауданында барлығы 25 800 құс болса, соның ішінде 1 245-і Башкөл ауылына тиесілі көрінеді. Қазіргі уақытта Башкөл мен оның маңайына жақын орналасқан елді мекендердегі үй құстарына вакцинация жасалды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауылдық округ, сондай-ақ Бесқарағай ауданы бойынша АН5 штаммы адамдарда тіркелмегенін айтады.

– Облыста КВИ-мен ауырған науқастарды емдеу үшін 2988 инфекциялық төсек-орын орналастырылған, қажет болған жағдайда жоғары патогенді құс тұмауы бар науқастарды емдеу үшін осы төсек-орындар пайдаланылады, – деді департамент басшылығы.

Мамандар үй құстарында аурудың белгілері пайда болған жағдайда, құстардың жаппай қырылуы тіркелген кезде құс иелерінің жедел түрде ветеринарлық қызметке хабарласулары қажет екенін айтады. Қолдың, тыныс жолдарының, көздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы киім болуы қажет, себебі індеттің берілу жолдары ауа-тамшылы және тығыз қарым-қатынас арқылы болып табылады. Құстарды күту жұмыстарынан отбасы мүшелері, әсіресе 14 жасқа толмаған балаларды алшақтаған дұрыс. Құс иесінде және отбасы мүшелерінде аурушаңдықтың белгілері пайда болған жағдайда жедел түрде медициналық мекемеге қаралып емделу қажет.

Мамандардың айтуынша, қауіпті вирус термиялық өңдеу кезінде жойылады. Құс етінен ас әзірлеген кезде қайнату температурасы 70 градустан жоғары болуы қажет. Ал құс жұмыртқасын піскен күйінде ғана пайдалануға болады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button