Құс еті де молынан сатылды
Бұл жолғы жәрмеңкені Өскемен қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Облыс орталығының Металлургтер мәдениет сарайының маңындағы алаңқайға сатушылар да, сатып алушылар да көп жиналды.
Қазір жәрмеңке саудасын қыздырып тұрған азық-түлік тауарларының бірі – ет. Баға да тұрақты. Қазының келісі 1300 бен 1500 теңге аралығында болды. Сиыр және қой еттерінің бағасы – 1000 теңгеден. Қала тұрғыны Мелс Мағзұмовтың айтуынша, мұндай жәрмеңкелерден қазыны аударылмаған күйінде сатып алған ыңғайлы. Себебі, баға тұрғысынан алып қарағанда, үйде аударған қазы әлдеқайда арзанға түседі.
Бұл күні құс еті де молынан сатылды. Қала жұрты тауық пен үйректің етін бұл жерден қалағанынша алды. Ұлттық дастарқан мәзірі де жәрмеңкенің ең өтімді тауарларының бірі болды. Тары мен талқан, қоспа, құрт бүгінде қала тұрғындарының жеңсік асына айналған. Мұнымен қатар жеміс-жидек, көкөніс, бал мен балық, басқа да тәтті-дәмділер саудаланды. Енді алдағы аптада өтетін кезекті жәрмеңкеге азық-түлігін артынып Зырян ауданы келеді деп күтілуде.