Өзекті

ҚҰРЫЛЫСШЫ КЕРЕК

Облыста құрылыстың қыр-сырын білетін құрыш қолды құрылысшы мамандар қалмай бара жатыр. Құрылыс басында механизатор да, малшы да, студент те жүр. Нәпақа табу үшін мамандығы жоқ болса да қара жұмысшы  болып, құрылысқа келеді. Бой көтеріп жатқан құрылыстарда білікті маман түгілі, осы қарапайым  жұмысшылардың өзі де қат болып барады. 

Қазіргі күні КШТ ықшам ауданындағы мемлекеттік бағдарламалармен бой көтерген жаңа үйлердің көбісі сапасыз салынғанын тұрғындар жақсы біледі. Біреуінің төбесі түгілі, терезесінен су кетіп жатса, енді біреуінің пәтераралық қабырғасы жұп-жұқа, қабырғалары қақырап, жиі жарылып жатады, тағысын тағы. Үйлердің сапасы төмен болуының басты себебінің бірі – біліксіз жұмыс күшін пайдаланудан, өндіріс технологиясының бұзылуынан, құрылысшылардың жетіспеуінен екендігі сөзсіз.

Құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс  көлемі өріс алып тұрған шақта шығыста құрылысшыларға деген зәрулік өткір күйінде қалып отыр. Құрылысшы керек. Облыс кәсіпкерлері палатасының аймақтық кеңесі отырысында өңірдегі жол-құрылыс компанияларының басшылары құрылысшы мамандарына, жұмыс күшіне: әрлеуші, сылақшы, тас қалаушы, шатыр салушы, монтаждаушыға, басқа да жұмысшыларға   аса зәру болып отырғандарын жеткізді. Төленетін жалақысының аздығынан ба, жұмыстың ауырлығынан ба, біліксіздіктерінен бе, әлде оқытылмай жатыр ма, ол жағы бөлек әңгіме, әйтеуір, бұл салаға мойын бұрып жатқан мамандар жоқтың қасында көрінеді. Өз жерімізден табылмай отырған құрылысшы мамандарын өзге елден алдыру үшін әр маманды өздеріне тіркеуге өңірлік компаниялар 250 АЕК (694 мың 500 теңге) төлем төлеуі тиіс. Сонымен бірге, шетелдің емес, өз еліміздің азаматтарын жұмыспен толық қамту мақсатында  шетелдік жұмысшыларды алуға беріліп отырған лимит көлемі барлық жұмысшының 10 пайызын ғана құрауы керек. Оған қоса, құрылыс саласы маусымдық кезде келетін шетел жұмысшылары мамандарының маусымдық тізіміне де енгізілмеген екен.

Жылы күнде жұмыстары шатқаяқтап әрең жүрген құрылыс компаниялары нысандарының басындағы құрылыс қазір баяулағанымен, сәуір, мамырда қайтадан басталып, маусымдық кезеңде қарқын алуы тиіс. Сондықтан кәсіпкерлер өздеріне қажетті мамандарды қазірден бастап жинап, даярлауы керек.

– Қыс кезінде құрылыстар түгелдей дерлік тоқтап тұр. Құрылыс компаниялары осы уақытты пайдаланып, өздерінің базаларын, құрылыс нысандарын оқыту орталықтары мен колледждерге  мамандарды тәжірибеден өткізуге беріп, құрылысшылар даярлауға көмектесуге мүмкіндіктері  мол. Бұл – өз болашақтарының қамын жасау, – деді кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінде палата өкілі Әсет Әділхан.

Құрылысшы мамандарын даярлау мәселесінің бір шешімі – өңірдегі жұмыссыздарды, жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген жұмыссыздарды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы құрылыс саласы мамандықтарына көптеп оқыту. «Қазақстан құрылысшылары одағы» бірлестігінің облыстық филиалы, «Қазақавтодор» мекемелері арқылы, басқа да бизнес тұлғалар арқылы құрылыс компанияларының жұмыс күшіне деген сұранысын нақтылау.

– Ресми ақпарат бойынша,  облыста тек 1 қазанға дейін 34,2 мың жұмыссыз тіркелген. Жұмыспен қамту орталықтарына тіркелмеген қаншама адам жүр. Сол адамдардың бәрін жұмыспен қамту керек, қайта даярлап, басқа мамандықтарға оқыту керек. Бұл ретте «Еңбек» бағдарламасының алатын орны, маңыздылығы арта түспек. Алайда бұл бағдарламаның түйткілді тұстары да бар. Кәсіпкерлер палатасы оқыту орталықтары басшыларын жинап, сол өзгертуді қажет ететін тұстардың тізімін жасады. Олар: жұмыс берушілердің өтінімін қарауға, жұмыс берушіге қойылатын талаптарға, тыңдаушыларды қызықтыру, тарту деңгейінің төмендігіне, оқуға, тыңдауға қабылданатын тұлғамен әңгімелесуге, оқып шыққан маманның жұмысқа тұруына, шәкіртақыға, тыңдаушылар тобының санына қатысты өзгерістер енгізуді қажет ететін мәселелер, – деп түсіндірді Әсет Әділхан өңір кәсіпорындарына аса қажет жұмысшы кадрларды даярлаудағы кедергілер мен  мүмкіндіктерді. «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін арттырады деген үмітпен жасалған жоғарыдағы ұсыныстар бағдарламаны жасаушылардың қарауына ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданған.

Өңірдегі «Авто-форт» ЖШС құрылыс компаниясының басшысы, кәсіпкер Олег Беляев  жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан тұтынушы сұранысынан, заман талабынан кейін қалып қалмас үшін құрылысқа арнайы жаңа техника сатып алуға ауыл шаруашылығына, шетелдік инвесторларға  көрсетіліп жатқандай, осы салаға бағытталған, бейімделген мемлекеттік қолдаулар, бағдарламалар керек дейді. Әйтпесе, жергілікті құрылыс бизнесінің болашағы бұлыңғыр болып қала бермек.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы құрылыс департаментінің басшысы  Назира Үсенованың қатысуымен онлайн форматында өткен облыс кәсіпкерлері палатасы аймақтық кеңесі отырысында «СК» Зайсан» ЖШС бас директоры Ғафур Нұрасыл құрылысшыларға  құрылысқа қажетті битум материалының жетіспеушілігі  де өзіндік кедергі келтіріп отырғанын баяндады. Оның сөзінше, құрылыс қызатын маусымдық жазғы уақытта битум бағасының күрт көтеріліп кетуіне, битумның қат болып кетуіне Ресейден елге әкелінетін мұнай өнімдеріне тыйым салынғандығы себеп болып отыр.

Облыстың құрылыс саласы кәсіпорындары жол битумын Павлодардағы мұнай өңдеу зауытынан алып келеді. Зауыт жөндеуге жабыла қалса, бірнеше мың шақырымдағы Ақтаудан таситын көрінеді. Айтуларынша,  құрылыс маусымында битум бағасы аспандап кетеді немесе мүлде жоғалып кетеді. Биыл маусым басында тоннасы 105 мың теңге болған битум бағасы құрылыс маусымының соңында 165 мыңға жеткен. Осы орайда құрылысшылар Ресейден келетін жол битумына салынған тыйымды  ішінара алып тастаса, оны жеткізуге квота бөлсе деген тілекте.

Облыс құрылысшыларының кеңесте көтерген мәселелерінің бірі – құрылыс материалдарының нарықтағы және сметалық құжаттардағы бағаларының бір-бірімен сәйкес келмейтіндігі. Екі арадағы баға алшақтығы құрылыс сапасына кері әсер етіп, шығынның артуына соқтырып отыр. Биыл облыста 900  нысанның құрылысы жүргізілген, 817 нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында салынған.

Жобалау-сметалық құжаттарын жасап, келіскенге дейінгі, конкурс өткізілгенге дейінгі уақытта құрылыс материалдарының құны екі, кейде үш есеге дейін қымбаттап кетіп жатады. Ақыр соңында құрылысшы компаниялары материалды сметада көрсетілмеген бағаға, одан әлдеқайда қымбат бағаға сатып алуда.

– Мысалы, сметалық құжатта құм бағасы текше метріне 1 912 теңге деп көрсетілген, ал  құрылыстың нақты басталған кезінде құм бағасы 3 800 теңге болып тұрды. Айырмашылық – 1 888 теңге. Құрылысқа қажетті жалпақ металл прокаты түрінің құны сметада 235 884 теңге деп көрсетілген болса, нарықтағы бағасы 293 мың теңге болып тұрды. Айырмашылық – 57 116 теңге, – деген мысал келтірді кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесіндегі құрылыс комитетінің төрағасы кәсіпкер Айдос Бахтұбаев. Құрылыс компаниясының басшысы инфляциялық коэффициенттерді жобалау-сметалық құжаттарына қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Бұл ұсыныс еліміздің Индустриялық даму министрлігіне бұрын да жолданған екен.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button