«Дидардың» қонағы

Руслан Меделбек, журналист: Арманым – әлемнің 100 елін аралау

Елімізде биыл Жастар жылы. Осы орайда бірнеше тілді меңгеріп, әлемнің озық елдерінде жұмыс істеп жатқан қазақ жастары да жетерлік. Солардың бірі – «Азаттық» радиосының қазақ қызметінің Прагадағы бас офисінің редакторы Руслан Меделбек. Таяуда редакцияға келген Русланмен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Төменде сол сұхбатты оқырмандардың назарына ұсынамыз.

 Екі жылдай фрилансер болдым

 -Биыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланғанын білесің. Өзің секілді бірнеше тілді білетін, көзі ашық қазақ жастарын көргенде, қуанып қалатынымыз рас.  Жалпы өзің қай жердің баласысың? Қай мектепте білім алдың? Ұстаздарың кім? Аз-кем оқырмандарымызға өзің жайында айтып берсең.

-Мен Тарбағатай ауданы, Жаңаауыл ауылында туып-өстім. 9-сыныпқа дейін сол ауылдағы Қабден Ақынов атындағы мектепте білім алдым. Содан кейін Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатына ауысып, ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаеваның тәлім-тәрбиесін көрдім.  Жалпы өзім төртінші сыныптан бастап балаларға арналған республикалық «Ұлан» газетінің Шығыстағы жас тілшісі болдым. Мақалаларым «Ұлан» газетіне тұрақты түрде шығып тұрды. Бізге «жас тілші» деген куәлік берді.  Жамбыл атындағы мектеп-гимназияға да сол куәлікпен түстім. Өйткені бұл мектепке түсу үшін үміткерлер математикадан, орыс тілінен, ағылшын тілінен тест тапсыруы керек екен. Ал мен орыс тілін нашар, ал ағылшын тілін тіпті білмейтінмін. Сөйтіп, Қанипа апайдың өзіне кірдік. Ол кісі «шығарма жазасың, егер шығарманы жақсы жазсаң, мен үш емтиханнан сені сұрап аламын» деді. Сөйтіп, шығарманы жақсы жазып, мектепке қабылдандым. 10-11 сыныптарда оқып жүргенімде де облыстық «Дидар», республикалық «Ұлан» газеттеріне жазып тұрдым.  10-11-сыныпта оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаға қатыстым. 11-сыныпта сол олимпиададан екінші орын алып,  ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне грантқа оқуға  түстім.   Кейін магистратурасын да бітіріп алдым.

Журналистік жолымды студент кезімде бастадым десем де болады. Бірінші курста оқып жүргенде-ақ «Спорт» газетіне қаламақыға мақалалар жазып тұрдым. Ол кезде біздің шәкіртақымыз 9 мың теңге болса, қаламақыға 20 мың теңге алатынбыз. Одан кейін «Дала мен қала» газетінің  штаттан тыс тілшісі болдым. Мен онда спорт бетін әзірлейтінмін. Ал үшінші курста тележурналистикаға бет бұрып, «Алматы» арнасына орналастым. Бір жарым жылдан кейін «Азаттыққа» ауыстым. Екі жылдай фрилансер болып жұмыс істедім.

-Соңғы кезде кеңседе жұмыс істегеннен гөрі осы  фрилансер болуды жөн көретіндердің қатары көбейіп келеді. Жалпы, фрилансер болу дегенге қалай қарайсың?

– Қазақстанда қандай екенін білмеймін, фрилансер болу Батыста өте тиімді. Офиске барып, жұмыс істеу міндетті емес. Тапсырыспен алған мақалаларыңды жазып жіберіп отырсаң болды.

Арманы жоқ адам қауіпті

-Прагада тұрғаныңа қанша жыл болды?

-Екі жарым жылдай уақыт болды.

-Адам деген көбіне сыртқа шыққанда ғана өз елінің қадірін, қасиетін жақсы түсінеді ғой. Қазақтың өзге елден артықшылығы да кемшілігі де сыртта жүрген жанға жақсы  көрінеді. Айтшы, көңіліңе не түйдің? Біздің елдің артықшылығы неде, кемшілігі қандай?

-Басында шетелге кеткен кезде, «кеттім, енді келмеймін» деп ойлағанмын. Бірақ қазір Қазақстанға қайтадан оралуға болатынын түсіндім. Қазақстанда да  жағдай жақсы деп ойлаймын. Иә салыстырмалы түрде Еуропа елдерінің артықшылығы көп. Ол жақта адамның жайлы өмір сүруі үшін  барлық жағдай жасалған.  Тәртіп бар. Қылмыс деңгейі өте төмен, Қоғамдық көлік уақытымен жүреді, кептеліс деген жоқ. Адамдардың да өзін дамытуға, жетілдіруге уақыты көп. Жұмыс кешкі сағат алтыда аяқталса, алты жарымда үйде отырасың. Артық жұмыс істеп қойсаңыз, оған ақы төленеді.

Ал Қазақстан Еуропа мемлекеттеріндей болып кетпесе де, бәрін  өзіміздің менталитетке сай жасауға болады деп ойлаймын. Мысалы, Еуропада көлік дегеніңіз қажеттілік, бір жерден екінші бір жерге жету құралы ғана болса, Қазақстанда ол  байлық болып табылады. Міне, бізге осы психологияны өзгерту керек.  Содан кейін ата-аналар балаларымен жұмыс істеуі керек деп санаймын.  Еуропа елдерінде балаларға айғайлау, ұрсу деген көзге жат нәрсе.  Содан кейін Еуропа мектептерінде үйге тапсырма бермейді. Мысалы, бала мектепте бірге оқитын қатарласының нешемен оқитынын  білмейді. Ол өзінің жеке бас құпиясы болып саналады. Ол – ата-анасы мен баланың, мұғалімнің арасындағы ғана ақпарат. Менің математикадан төртпен оқитынымды басқа бала  білмеуі мүмкін. Балалардың арасында бәсеке жо

Ал біздің елде 11-сынып оқушысы  грантқа түсіп, бітіріп алсам, ата-анама салмақ салмасам болды деп қана ойлайды.  Бала мамандық таңдауға дұрыстап мән бермейді.  Ата-анасы да  «әйтеуір оқуға түссең болды» дейді. Ата-ана мен баланың арасында байланыс жоқ. Кезінде қатар оқыған сыныптастарым да  «физиканы таңдасақ болды, грант көп» дейтін. Ал оны бітірген соң қолынан келе ме, жоқ па, оған  көп бас қатырмайды. Баланың арманы жоқ. Ал арманы жоқ адам өте қауіпті. Жалпы қазақтың «баланың көйлегі көк, тамағы тоқ болсын» деген ұстанымы қате деп ойлаймын.

-Еуропа елдерінде қалай?

-Еуропада диплом маңызды емес. Колледж бітіріп те IT саласында   табысты жұмыс істеп жүргендер бар. Ал бізде екі дипломы болса да, жұмыс таппай сенделіп жүргендер   жетерлік. Ең бастысы кәсіпті жақсы меңгеру керек. Кәсібіңді жақсы көрсең, жемісін де жейсің.

Бағдарламаны қайта қарау керек

-Ал енді журналистикаға келейікші. Қазіргі журналист мамандарға көңілің тола ма?

-Шынымды айтсам, толмайды. Мен журналистика факультетінде ештеңе де үйренген жоқпын. Шынымды айтсам, теорияны да дұрыс үйрендім деп айта алмаймын. Өйткені журналистика факультетінде редакцияда бір күн журналист болып істемеген оқытушылар бізге сабақ берді. Соған қатты ренжитін едік. Бізге Есей Жеңісұлы мен Амангелді Сейтханов деген практик журналистер дәріс оқыды. Кейде  ол кісілер біздің группаға дәріс бермей қалған кезде  шу шығаратын едік. Кәкен Қамзиннің сабағын таңғы сағат алтыда қойса да баратынбыз. Өкінішке қарай, ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде мұндай оқытушылардың қатары өте аз болды. Шынын айтсам, педагогикалық құрамның ішінен екі-ақ адамның ғана сабағына сыйлап баратын едік. Сол кісілердің дәрісінен  бірдеңе үйренетін едік. Иә, мен грантта оқыдым, ал ақша төлеп жатқан студенттерге обал ғой. Университетте алты жыл оқығаныма өкінбеймін. Ұтқаным  – мен  орта таптым. Мен қалыптасқан журналистерден үйрендім, өзімнің қателіктерімнен сабақ алдым.

Мақалам газетке шыққаннан соң,  сол мақаламды алғашқы нұсқасымен  салыстырып отыратынмын. Түзеген жерлері болса, редакторға барып, «мынаны неге өзгерттіңіз?» деп сұрайтынмын. Журналист ретінде мен осылай қалыптастым.

Менің ойымша, журналистика факультетінің бағдарламасын қайта қарау керек. Иә, сабақтың аты күшті, сөз жоқ. Мысалы, «Телехабар дайындау технологиясы» деген сабақ тұрады. Айтыңызшы,  мен оны неге бос аудиторияда оқимын. Неге мен оны телестудияға барып оқымаймын? Камераны неге көрмеймін? Содан кейін «Газет дизайны» деген сабақ бар. Ал неге мен дизайнын, макетін өз қолыммен жасамаймын? Тіпті журналистика факультетінде дұрыс компьютерлер де жоқ.

Қазір СММ мамандарын даярлау өте маңызды. Әлеуметтік желіні  сауатты жүргізуді сабақ етіп енгізу керек. Мысалы, «Азаттықта» бір команда бар, тек инстраграмға ғана жұмыс істейді. Иә, біз журналистика тарихын да, публицистиканың жанрларын да білуіміз керек, бірақ балансты сақтау керек. Жаңа технологияны, интернет журналистиканың алға шығып бара жатқанын мойындайтын кез келді. Осы саланы жақсы білетін оқытушылардың  екінші құрамын  жасақтау қажет. Содан кейін жас журналистерге көп тәжірибе керек.

-Руслан, сенің ағылшын тілін жетік білетініңді жақсы білеміз. Ағылшын тілінде еркін сөйлеп кету үшін неше жыл керек?

– 2011 жылы 15 күнге Парижге бардым. Ол екінші курста оқып жүрген кезім. Екі жігіт «Нұр Отан» партиясының бір конкурсына қатысып,  300 мың теңгені ұтып алдық. Сол кезде  тіл білмейтінім қатты жаныма батты. Тілсіз, ешқандай мәселе шешілмейді екен. Адассаң да ешкімге ештеңе түсіндіріп айта алмайсың. Сөйтіп Парижден келген соң, ағылшын тілін үйренуді қолға алдым. Шәкіртақымның бір бөлігін тіл үйренуге жұмсап, курсқа жазылдым.  Бәрін нөлден бастадым. Алғашында қатты қиын болды. Кейін төселдім.  Ағылшын тілінде сөйлеп кету үшін кемінде үш жылдай уақыт керек. Өзім үш жылдан кейін  ағылшын тілінде ойлай бастадым. IELTS тапсырып, 7,5 балл алдым. Бұл дегеніңіз  кез келген әлемнің университетінде оқуға болады деген сөз.

-Біліміңді ары жалғастыру ойыңда жоқ па?

– Жоқ. Қазір карьерамыз басталып кетті. Қазір «Азаттықтың» қазақ сайтының редакторымын, тілшілерден келген мақалаларды тексеріп сайтқа шығарып отырамын.

-Руслан, осы уақытқа дейін әлемнің неше елін араладың?

-41 елде болыппын. Арманым – әлемнің 100 елін аралау. Бұрын Қазақстанда тұрған кезде бір шыққанда үш елді аралайтынмын.  Еуропада  саяхаттау жеңіл. Тек Париждің өзіне   жеті рет барыппын.  Түркияға да 5-6 рет бардым. Италияға барғаннан кейін тарихты зерттей бастадым.  Америкада да болдым.

-Бәріне қалай үлгересің? Күніңді жоспарлайсың ба?

– Иә, жоспарлаймын. Тайм-менеджмент керек.  Демалысқа шыққан кезімде  ғана жоспар  құрмаймын. Жұмыс уақытында жоспармен жүремін. Таңертең 15 минут ерте тұрып, күні бойы не істейтінімді блокнотқа жазып қоямын.

-Елге оралу жоспарда бар ма?

-Бар. Әрине, ораламын. Туған жерге еш жер жетпейді.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button