Тылсым дүние

Өрт шалмайтын қарағай

                      Өрт шалмайтын қарағай

Әңгіме үстінде қарсы қабырғадағы әдемі суретке қайта- қайта қараумен болдым. Жапырағын кеңге жайған жалғыз теректің суретін, тегі, сәндік үшін іліп қойған болар деп ойлап отырғанмын. Менің көңілімнің суретке ауып отырғанын үй иесі де сезді білем, әңгіме желісін күрт бұрып жіберді.
–Мына жалғыз қара ағаш несімен қастерлі екен деп ойлап отырған шығарсың. Бұл менің әрідегі бабаларым өмір сүрген дәуірден бері өсіп тұрған қарағай. Өскемен-Самар тас жолымен жүре отырып, Жоғарғы Тайынты ауылынан өте шыққанда сол қапталдан алыстан көзге түседі,–деп Тұрсынғазы ақсақал бір тың әңгіменің шетін шығарды.
Бұл қарағайдың айналасында үш шақырымға дейін бір тал шыбық өспейді екен. Үй иесінің айтуынша, ол осы жерде ықылым заманнан бері өсіп тұрса керек. Бұл сыңсыған орманды өңірде мыңжылдық қарағайлар аз емес шығар деген уәж айтуға болар. Мен де осы ойымды ақсақалға жеткізгенмін. Жападан-жалғыз өсіп тұрған бұл қарағайдың сыры ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып жетіп келе жатқан көрінеді.
Баяғыда осы жерден үш шақырым аулақта Тұрсынғазы ақсақалдың ата-бабасының қонысы болыпты. Әкесінің әкесі діндар, Меккеге барып келген қажы болғандықтан кеңестік жаналғыштардың қырына ілініп, жосықсыз қудалауына түсе бергендіктен атақоныстарын тастап кетуге мәжбүр болыпты.
–Бала күнімде осы қарағайды әкем жиі есіне алатын. Бұл қарағайдың қасиеті бар, мұны ешқашан өрт шалмайды деп отырушы еді. Кіндік қаны тамған жерін сағынғаннан кейін айтып отырған жай әңгімесі болар деп ойлайтынмын. Бірақ шындығы солай көрінеді, айналасын жалмап келе жатқан алапат өрт жалғыз түп ағашқа тақай бере өзінен-өзі сөне бастайды екен. Мен мұны өмірден әлдеқашан өтіп кеткен өтемістің көнекөз қарттарынан жас кезімде сан мәрте естігенмін. Осы таулы аймақта бүгінгі заманда да дүркін-дүркін өрт болып тұрады, солардың бәрінен дін аман қалып келеді. Сондықтан бабаларымыздың көзіндей болған бұл қасиетті де киелі қарағайдың сырын ұрпақтарым біле жүрсін деген оймен фотосуретін үйімнің төріне іліп қойдым,–дейді ел мен жердің тарихына жетік Тұрсынғазы ақсақал.
Жаратылғанынан бері бір бұтағына өрт ұшқыны түсіп көрмеген, оның үстіне маңайында тамырлары нәр аларлық бірде-бір су көзі жоқ, тастақ жерді жарып шыққан жалғыз түп қарағайдың діңі қурап-сембей мәңгі жасап келе жатқаны шынында қайран қалдырады.

Мұрат Әміренов

Осы айдарда

Back to top button