Президент тапсырмасы

Ұрпақтар  сабақтастығының маңызы зор

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деген міндет қойды.

«Ұлттың жаңа сапасының» негізгі құндылықтары қандай? Бірінші кезекте, бұл – білім және үнемі оқу қабілеті, кәсіби өсуде тоқтамау, еңбек, жауапкершілік және жасампаздық қызметке белсенді қатысу, ұйымшылдық. Адалдыққа, үнемділікке және әлеуметтік әділеттілікке деген ұмтылысқа үлкен мән беріледі.

Мақсат анық, бірақ нақты өмірде оған қалай қол жеткізуге болады? Менің ойымша, біздің қоғамдағы ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасты талдау өте маңызды, өйткені бұл өмірлік тәжірибені аға буыннан кішіге беруді анықтайтын диалог. Қазіргі қоғамда біз осы процестегі сәтсіздіктер мен қайшылықтарды байқаймыз. Бұл құбылыс – жедел әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық және технологиялық жаңғырулардың нәтижесі, қазіргі аумалы-төкпелі заманда маңызды тәжірибе тез ескіріп, өте қысқа мерзімде, яғни бір-екі ұрпақ ғұмырында жаңартылуда.

Бүгінде түрлі жастағы адамдар «түрлі тілде» сөйлеп қана қоймайды, олар түрлі ақпараттық кеңістікте өмір сүреді және қажеттіліктері мен құндылықтары да мүлдем бөлек. Мысалы, егер «цифрлық ойыншықтар», айталық, телефондардың соңғы моделі жастар үшін тартымды болса, олардың ата-аналары үшін тұрмыстық техниканың жаңалықтары әлдеқайда маңызды.

Бұрын-соңды ақпараттық кеңістік осыншалық алшақтанбаған, қазір түрлі ұрпақ түрлі нәрселерге қызығушылық танытып қана қоймайды, олар туралы мүлдем басқа көздерден ақпарат алады. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын бүкіл халық үшін ең танымал ақпарат көзі теледидар болды. Бүгінгі жастар теледидар көрмейді, жаңалықтарды әлеуметтік желілерден біледі. Тіпті, бүкіл отбасының экран алдына жиналып ап, кино көру әдеті кешегі уақытқа айналды.

Мәселе жастар субмәдениеттерінің көп болуымен және олардың тез өзгеруімен күрделене түсуде. Яғни, тіпті белгілі бір жастар тілінің пайда болғанын айтуға болады. Ата-ананың тәжірибесі олар үшін маңызын жоғалтып барады.

Сонымен қатар, бұл процестер нақты негізге ие. Қазіргі жастар көптеген кәсіби қажетті дағдыларды – компьютерлік сауаттылықты, шет тілдерін жетік біледі. Кәсіби салада аға буын өкілдері жастардан ақыл сұрауға мәжбүр. «Жұмыртқа тауыққа ақыл айтпайды» деген де бар, бұл ұрпақтар арасындағы қақтығыстарға тағы бір негіз жасап отыр.

Қазіргі кезеңде аға ұрпақ беделінің төмендеуі байқалады. Шынын айтсақ, біздер – орта және аға буын өкілдері кемел емеспіз, жастарға тек жақсы ғана емес, жаман да үлгілер көрсетеміз. Сыбайлас жемқорлық, непотизм, кланшылдық сияқты әлеуметтік аурулар жастарды «ақыл-ой, адалдық және еңбекқорлық – табыстың кепілі емес» деген ойға жетелейді. Бұл қоғамның дамуына кедергі келтіреді.

Жастарға жиі қолданылатын сөз тіркесі – «елдің болашағы». Бірақ, дәл қазіргі кезде жастар өзінің ақыл-ой икемділігімен, инновацияларға ашықтығымен және өзгергіш қабілетімен қоғамды дамытуда ерекше маңызды рөл атқарып отыр.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін біз қарама-қайшылықпен күресуіміз керек. Бір жағынан, біз жастарға үміт артамыз, екінші жағынан, оларды жаман деп айыптаймыз. Жастарға кінә артпас бұрын, аға буын өкілдері өздерінің күнделікті өмірінде басшылыққа алатын шынайы қасиеттері мен құндылықтарын объективті бағалауы қажет және жастарға күн сайын үздік үлгі көрсетуі керек деп санаймын.

Элеонора Столярова,

С. Аманжолов атындағы ШҚУ «Алтайтану» ҒЗО-ның бас ғылыми қызметкері,

әлеуметтану ғылымдарының кандидаты.

 

Осы айдарда

Back to top button