Роза Әлқожа: –Қуаныштың өзінен де қорқатын кездерім болады
Өнерсүйер қауымға сазгерлік қырымен де таныс қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі, танымал әнші Роза Әлқожамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
— Роза, сіздің негізгі мамандығыңыз журналист екен. Білуімізше, «Ақжол Қазақстан» газетінде, «Қазақ» радиосында қызмет атқарыпсыз. Бұл саладан кетіп, өнер жолына біржолата бет бұруыңызға не түрткі болды? Өнер адамына газеттің жұмыстарын атқару қиынға түспеді ме?
— Газетте журналист болып жүрген кезімде айлығымды жинап, әндерімнің аранжировкасына төлейтінмін. Ол кезде бір әнді 500 АҚШ долларына өңдеуші еді. Бірде редакторымыз Нұртөре Жүсіп: «Шын тұлпар бәйгеге түседі. Қойшобыр қойдың соңында жүреді. Әлің келгенше шап!» – деп ағалық кеңесін берді. Содан бұл ойымды марқұм Алтынбек Сәрсенбаев ағам да құптап: «Сенде өнер адамына қажет қасиет бар», – деген болатын. Шынымды айтсам, бар ойы ән деп тұрған адамға газеттің жұмыстары оңайға соқпады. Қанша жерден руханият жағында жүрмін десем де, кей кезде экономикалық, саяси тақырыптағы баспасөз конференцияларына барғанда қиналатынмын. Сөйтіп, бір күні Ақбота Керімбековамен кездесуді ұйғардым. Ақбота маған «отбасылы әйел болсаң да, өнерге бет бұруға қорықпауың керек» деп ақыл-кеңесіе айтты. Сонымен қатар, Ақботаның маған «екі кеменің басын ұстама» дегені де есімде. Сонда да мен журналистика мен өнерді қатар алып жүремін деп, «Қазақ радиосында» да жұмыс істедім. Соңында адам бәрін бірге алып жүре алмайтынын ұғып, өнер жолын таңдадым.
Ақын емеспін, ақынжандымын
— Қазір журналистер әншілердің ән мен стиль таңдаудағы төмен талғамын жиі жазып жүр. Енді, сізге екі сала да жат емес болғандықтан, ақын ретінде сіз бұған қалай қарайсыз?
— «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда…». Өнер саласында ғана емес, өмірде көп нәрсеге тым жоғары талғаммен қарайтын сәттерім болады. Санадағы сан сауалды тіршілік деген қажеттілік келіп жеңеді. «Көш жүре түзеледі» деп жұбатамыз өзімізді. Мен өзімді сол майданда үнсіз күресіп жүрген жауынгердей сезінем.
– «Ақын болу оңай деймісің қарағым» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, ақындық ауыр жол ғой. Сіз неше жасыңызда өлең жаза бастадыңыз?
– Екінші сыныптан бастап өлең жазамын. Есімде қалғаны, үшінші сыныпта оқып жүргенде біздің үйдегі қызыл сиыр жоғалып кетті. Содан малжанды қыз болғаным соншалықты «Қызыл сиыр 1», «Қызыл сиыр 2» деген өлең жазғанмын (күледі). Кәдімгі телехикаяның жалғасы сияқты. Өкінішке қарай, кішкентай күнімде жазған өлеңдерімді жоғалтып алдым. Негізі, барлық жинаған өлеңдерімді жеңгем жинастырып жүретін. Қазір ұлым Бейбарыс пен қызым Ақбота да өлең жазып жүр. Бастапқыда қызымның өлең жазатынын білмеппін. Бірде үйге ақын апасы Бақытгүл Бабаш келіп, содан дастарқан басында шай ішіп отырғанда Ақботаның 33 өлеңі бар екенін білдім. Сол кездегі таңданысым ерекше болғаны рас.
– Әндеріңіз нәзік сырға, қоңыр мұңға толы. Неге? Осының қандай да бір себебі бар ма?
– Исраил Сапарбай өз сөзінде «табиғатынан лирик, кез келген дүниеден жараланғыш адамдар болады. Мен өзім лирикпін» деген екен. Қуаныштың өзінен қорқатын кездерім болады, «Оның арты не болады екен?» деп. Біреудің кішкентай сөзінен ренжитінім бар. Тез күліп, тез жылай салатын, болмашыға мұңайып, титтей нәрсені қуаныш көретін өте әсершіл адаммын.
– Өзіңізді ақынмын деп есептейсіз бе?
– Әу баста марқұм Фариза Оңғарсынова апамыз ақын деп баға берген соң халық солай қабылдап кетті. Негізі, ақын емеспін, ақынжандымын.
– Фариза ақын көзі тірісінде сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдапты. Тіпті, сіз ол кісіге ән де арнапсыз. Алайда, Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне шығарған бірде бір әніңіз жоқ екен.
– Марқұм Фариза апамыз менің поэзияма баға беріп, қазақ әнін аманаттаған еді. Сол кездесуден кейін ақын апамның өлеңдер жинағын қайда барсам да жанымнан тастамай, жастана оқып жүрдім. Алайда, ән шығара алмадым. Өйткені, марқұмның өлеңдері өзі сияқты «асау». Бірақ бір күні кенеттен «Фариза» деген ән кернемесі бар ма кеудемді?! Сөзін Бақыт¬гүл Бабашқа жаздырдым. Басында «Фари¬за деп жазбаңдаршы, ыңғайсыз тіпті» де¬ген ақын апамыз жаңа әнді тыңдап көр¬ген¬нен кейін «Мұқағалидың «Фариза¬сы» мені бір мұңға батырушы еді, мынау керісінше адамға көңіл күй сыйлайтын жақсы ән болып шығыпты, рақмет» деп шын қуана қабылдады.
«Ән салшы, Роза» Роза Рымбаеваға арналған ән
– Репертуарыңыздағы әндердің бірі «Ән салшы, Розаның» тарихы туралы не айтасыз? Сіздің ойыңызша, бұл әннің мәтінінен мақтау, мадақтау лебі есіп тұрған жоқ па?
– Бұл ән осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған. Ол кезде мен бесік тербетіп, бала тәрбиесімен айналысып, шығармашылықтан алыстап қалып жүрген едім. Көрермендердің қошеметін аңсап, сахнаны сағынып жүрдім. Сол сәттерде «Ән салшы, Роза» әнін жазып шығардым. Мен бұл әнімді Роза Рымбаеваға арнадым. Бала кезімнен сол кісіні үлгі тұтып, әнін тыңдап өстім. Есімім де Роза апайымның құрметіне қойылған. Сондықтан ол кісінің өзін де, өнерін де қатты құрметтеймін. Ән әуені дайын болғанда Роза Сейілхан ақын құрбыма хабарласып, сөз жазып беруін өтіндім. Әннің қалай шыққаны туралы да айттым. Роза менің ойымды бірден түсінгенімен, ән сөзін жаза алмай біраз жүрді. Кейін жазып берді. Міне, «Ән салшы, Роза» әні осылай дүниеге келді. Содан тұңғыш жеке концертімде бұл әннің тұсауын кестім. Өкінішке қарай, менің концертіме Роза апайым келе алмады. Бірақ, концерттен соң, ол кісінің өзіне жолығып, әнді тыңдаттым. Роза апайым әнді ұнатып, жылы лебізін білдірді.
«Ән салшы, Роза» әні ешқандай мадақ та, мақтау да емес. Ол бұрынғы «Майра, Майра, қызыл тілім сайра» сияқты әндердің жалғасы іспетті.
— Жолдасыңыз Айдын екеуіңіз студент кездеріңізде шаңырақ көтердіңіздер. Ол кезде әндеріңіз енді шыға бастаған. Өнер мен отбасыңызды қатар алып жүру қиындық туғызған жоқ па?
— Он алты жасымда мамам қалаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға келісіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға тапсыруға келдім. Бірақ келген соң, нағашыма «ең құрыса, өнер адамдарының қасында жүретін журналист болайын» деген арманымды айттым. Сөзімді жерге тастамады. Сөйтіп, журфакқа түсіп, ән салып жүріп ұстаздарымның сүйіспеншілігіне бөлендім. Ерке студентті сол кездегі «Жас Алаштың» тілшісі де ұнатып қалыпты. Алғаш үйленгісі келгенін айтқанда 18 жастағы мен: «Мен журналист емес, әнші боламын. Соған көнсең ғана күйеуге шығамын!» – деппін (күледі). Сонда Айдынның: «Сен әніңмен ғана әдемісің. Әйтпесе көп қыздың бірісің!» – деген сөзі бүкіл тағдырымды шешіп берген болатын. Әрі мамамның оқуға кетер кезімде «жақсы жар, жақсы келін болғаныңды қалаймын» деп айтқаны да есімде.
— Сәбимен отырған кезіңізде де өнерден қол үзбедіңіз. Отбасы мен өнерді бірдей алып жүрген соң қиындықтарға кезіккен сәттеріңіз болған шығар?
— Алғаш рет ана атанған кезімде студент едім. Сол кезде он екі күндік баламды тастап сабаққа кеткенім бар. Енем «алаңдамай бара бер» деді. Екінші баладан соң «екі жақтап табыс тауып, жер аламыз, үй саламыз» деген шешімге келіп, жолдасыма көмек болсыншы деп жұмысқа шықтым. Сосын маған баламен үйде отырмай-ақ шығармашылықты қатар алып жүру қиын емес сияқты боп кетті.
— Сахнада жүрген кезіңізде және гастрольдік сапарларға кеткен кезіңізде балаларыңызға кім қарайды?
– Отбасы тірлігінен шыға алмай қалсаң, өнерің ақсап қалатыны рас. Дегенмен де, екеуін қатар алып жүремін деп, «көштен қалып қойдым» деп те айта алмаймын, жоспарларым бәрі өз ретімен іске асып жатыр. Осының барлығы енемнің арқасы. Ол кісі болмаса, бүгінгідей «жұлдыз» болмас едім. Себебі, кейде жолдасым концерттерге жібермей қойған сәтте анамыз жібереді. Балаларға қарайды. Сондай сабырлы, көзі ашық адам.
Жанашыр адамдар ғана кемшілігіңді түзейді
— Өнерде жүрген, елге танылған әнші-сазгердің көпбалалы болуы қиын ба?
— Анам мені ұзатарда: «Қызым, Алладан он бала сұра! Қайсысы саналы, қайсысы санасыз болады, қайсысы ғұмырлы болады, Алла біледі!» – деп еді. Әрі баланың анасы-әкесі, ағасы-інісі болуы қажет деген ойда болдым. Жағдайымыз көп жастардың басындағыдай болғанымен, ішкі ойым Құдайдың бергеніне қарсы шықпауды құптады. Ал осы балапандардың мені күллі алашқа сүйкімді ана ететінін ол кезде ойламаппын да!.. Сапарларға байланысты дер кезінде қастарынан табыла алмай қынжылатын сәттерім көп. Бірақ ұшақпен тез арада барып-қайтуға тырысамын. Дегенмен оңай емес. Өйткені, балалар әлі кішкентай. Балаларды барынша қарапайым етіп тәрбиелеп жатырмыз. Себебі, көпшілік арасында эгоист болуға болмайды. Не жесе де бөліп жеуге, барға қанағат етуге үйретеміз. Елден асып кетпеу қажеттігін айтып отырамыз.
— Көпбалалы ана ретінде айтыңызшы, бүгінгі қазақ отбасылары балаларының бойына қандай құндылықтарды сіңіргені дұрыс?
— Балалар ұяда көргенін істейтіні сөзсіз. Сондықтан еңбекке баулу керек. Үйде қонақ күтудегі салт-дәстүрлердің өзі-ақ олардың жадында мәңгі үлгі боп қала алады. Бар тәрбие отбасынан басталады. Әкенің рөлі, ана қадірі, әулет дегеніміз не, соның бәрін бала титтейінен бағалап өседі. Сол үшін әр адам өзінің біреуге үлгі екенін ұмытпауы қажет.
– Сіз қандай келінсіз?
– Оны жолдасымның анасынан және ағайын-туыстардан сұрау қажет шығар (күледі). Әйтпесе, «мен мынадай келінмін» деп айта алмаймын.
– Үйде кім сабырлы?
– Екеуіміз де сабырлымыз. Отбасында сабырлы болу алтын қасиет. Отбасы – бір мемлекет.
– Балаларыңыз әкесіне көбірек тартқан ба, әлде шешесіне ме? Жалпы, өнерге жақын ба?
– Балаларым мінез жағынан бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсының өзіне тән еркелігі бар. Барлығына жеке-жеке көңіл бөлу қажет. Біздің Алматыда «Ақбота» деген шағын ән жазатын студиямыз бар. Сонда Хамит деген маман жұмыс істейді. Содан бір күні сол Хамит маған Роза апа қызынңз сізге хат жазыпты демесі бар ма. Әлгі хатты оқысам, қызым «Бауырымда бар өнер менде де бар. Бірақ мамам Бейбарысты қатты жақсы көреді» деп жазыпты. Сөйтіп, хатты оқып, жылағаным бар.
– Шынайы достарыңыз бар ма?
– «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген заман ғой қазір. Достарымның көбісі журналистер мен әншілер. Керісінше, мен оларды іздеймін (күледі). Өйткені, достарсыз өмір сүре алмаймын.
– Сіз үшін тұлға кім?
– Асанәлі Әшімов, Фариза Оңғарсынова. Ал қазіргі аға буыннан Бекжан Тұрыс ағамды жақсы көремін.
– Адамдардың қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Жанының тазалығын. Осыдан бес-алты жыл бұрын бір жағдай болып, саябақта жалғыз өзім жылап отырғанмын. Сырттай зиялы көрінетін жандардың бәрі кекесінмен қарап өтіп кетті. Бір кезде қасыма екі қаңғыбас келді де: «Айнаға қараңызшы», – деді. «Қойшы» десем де, сөмкемдегі айнамды алып қарадым, бетім айғыз-айғыз екен. Еріксіз күліп жібердім. Шын жанашыр адамдар солай кемшілігіңді түзеткісі келіп тұрады екен.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ажар Сағатбекова