Ауыл шаруашылығы

Өңірімізде жемшөп дайындаудың қарқыны қандай?

Өңірімізде жемшөп дайындаудың қарқыны қандай?

Шалғынға шалғы түскелі де біраз уақыт болды. Мал азығын жазда қамтып қалуға тырысатын облыс шаруалары қазір пішен дайындау қамында жүр. Биылғы жаздың салқындығы мен жауын-шашынның аздығы шөптің шығымдылығына да кері әсерін тигізді. Десек те, шаруалар қол қусырып қарап отырған жоқ. Бүгінге дейін облыста қажетті жемшөптің қанша мөлшері қамдалды?

Өңірде мал басы жыл санап көбейіп келеді. Ірі қараның өзі миллионға таяп қалса, ұсақ мал екі миллионнан асады. Мұның өзі қажетті жемшөп мөлшерін бұрынғыдан да көбірек жинауды талап етіп отыр. Сала мамандарының мәліметінше, қыстамаға 2 млн. 25 мың тонна шөп қажет. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының бізге берген жедел деректеріне жүгінсек, бүгінге дейін 789 мың тонна пішендеме дайындалыпты, бұл – жоспардың 39 пайызы. Былтыр бұл уақытта 47 пайыз болған екен. Сонымен қатар, биыл 20 мың гектар танапқа екпе шөп егілген.

Облыстың аудандарындағы жағдай-ға тоқталар болсақ, ауа райының қолай-сыздығынан биыл Көкпекті ауданында көк көтеріле алмаған. Былтыр көкпектіліктер осы уақытта жемшөптің қажетті мөлшерінің жартысынан астамын жинап үлгерсе, биыл 25 пайызы ғана жиналған. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл ауданның жұртшылығы жемшөптің жетпіс пайызын қамдап алған еді. Сондықтан олардың алдында әрбір ашық күнді, шөбі шүйгін шаппалықтарды ұтымды пайдаланып, қажетті 150 мың тонна шөпті тездетіп жинап алу міндеті тұр. Тек көкпектіліктер ғана емес, шөп жинауда Күршім, Абай,
Аягөз, Жарма аудандары да былтырғы қарқыннан қалып келеді. Аймақтағы ең көп жемшөп әзірлейтін – Үржар ауданы. Малды ауданға жиыны 210 мың тонна шөп керек. Қазірдің өзінде үржарлықтар оның 69 пайызын, яғни, 144,5 мың тонна пішенді жинап алған. Бұл аудан басшылығы мен шаруалардың ұйымшылдығын көрсетсе керек.

Биылғы маусым-шілде айларындағы аптап ыстық облыстың таулы аудандарында жемшөп әзірлеуді ерте бастатқызды. Соның арқасында Зайсан, Зырян, Глубокое, Катонқарағай аудандарының, Риддердің пішеншілері қарқынды қимылдап, былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда ілгері кеткен. Шемонайха, Тарбағатай, Ұлан, Бородулиха аудандарының да көрсеткіштері күн санап өсіп келеді.

– Облыстың әр аймағында шөптің шығу деңгейі әртүрлі қалыптасып отыр. Биылғы мамыр айындағы ауа райының салқындығы, жаңбырдың болмауы айтарлықтай кесірін тигізді. Соның салдарынан әлі жоспардың қырық пайызына жете алмай келеміз. Мәселен, Көкпекті, Аягөз аудандарында жағдай қиындау. Ертістің оң жағалауындағы таулы аудандарда шөптің шығымдылығы жақсы. Сондықтан алға қойған биылғы жоспарды орындап шығу үшін барлық мүмкіндіктерді жұмылдыратын боламыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма-сының егіншілік, өсімдік шаруашылығы және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Тілеуберді Калихин.

Облыстық басқарманың механикаландыру, техникалық инспекция және жаңа технологиялар бөлімінің деректеріне ден қояр болсақ, қыстамаға әзірлік науқанын жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде ешқандай қиындықтар жоқ. Биыл министрліктен облысқа бөлінген жеңілдетілген бағадағы 25 мың тонна дизель отыны арнайы кестеге сәйкес аудан-қалаларға уақтылы жеткізіліп берілуде.

Ал облыстағы сүт өндірумен айналысатын шаруашылықтар үшін пішендеме қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Биыл облыс бойынша пішендеменің жоспары 69 мың тонна болса, оның 32 мың тоннасы арнайы орынға жеткізілген. Шемонайха ауданы межені артығымен орындап, 15 мың тонна пішендемені арнайы шұңқырға бастырып тастаған. Аталмыш жұмыстар Бородулиха, Глубокое, Көкпекті, Катон-қарағай, Зырян аудандарында ойдағыдай жүргізілуде.

Қазір сүрлем әзірлеуге қажетті жүгері алқабы да жайқалып, жылдам көтеріліп келеді. Өңірдегі 10 мың гектардан артық алқапқа егілген жүгері бұл сөзімізге дәлел болмақ. Ал облыс көлемінде сүрлем дайындаудың жалпы жоспары – 210 мың тонна. Сүрлем дайындауға шаруалар алдағы уақытта кіріседі. Сонымен қатар, сала мамандары жемшөп жетіспеген жағдайда, сабанды да кәдеге жаратуға болатындығын айтып отыр.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button