Риддердің қысқа әзірлігі бақылауға алынды
Риддердің жылу-энергия орталығындағы жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен қаланың жылыту маусымына дайындығы жөніндегі кезекті кеңесте белгілі болды.
– 1қыркүйекке қарай қаланың барлық тұрғын үйлерінде дайындық паспорттары болуы тиіс, энергетика басқармасы мамандары қалаға барып, паспорттардағы деректердің шындыққа сәйкестігін тексеруі керек. Сондай-ақ мәселе туындамауы үшін басқарма гидравликалық режимді тексеруші компаниямен байланысуы қажет. Біз жабдықтары жөнделіп жатқан Риддер жылу-энергия орталығының басшылығымен кездестік, – деді облыс әкімі.
1-ші және 2-ші турбина жөнделді, 5-ші турбина қыркүйекке қарай аяқталады, 0,7 км жылу трассасы жөнделді, жылыту маусымы басталғанға дейін тағы 2 км трасса жөнделеді.
Аймақ басшысы барлық бюджеттік ұйымдарға жылу ақысын алдын ала төлеуді тапсырды, бұл қаржы ЖЭО үшін отын сатып алуға, жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Күн сайын стансаға 10 вагон көмір келеді.
Қала тұрғындарының қатты отынға қажеттілігі – 5300 тонна, көмір түсірілетін 2 теміржол тұйығы бар. Халықтың 61 пайызы қатты отын сатып алды, ешқандай дүрлігу жоқ.
Облыс әкімінің орынбасары апта сайын Риддерге барып, жылыту маусымына дайындықты бақылайтын болады.
Ержан Әбіш