«Дидардың» қонағы

Рим папасы құдіретті үнді естігенде Тәңірмен тілдескендей болыпты

Рим папасы құдіретті үнді естігенде Тәңірмен тілдескендей болыпты

Оның есімі жалпақ жұртқа аса мәлім болмаса да, есесіне түркі әлемі мен Еуропаның мәдени ортасы жақсы біледі. Оның әйгілі Йоанн Павел ІІ-ні «жаратушымен тілдестірген» қобызы Ватиканның мұражайында сақтаулы. Инструменталист, «Тілеп» қобызшылар квартетінің жетекшісі, Президент сыйлығының лауреаты Әлқуат Қазақбаевпен Берел жазығындағы басқосуда сұхбаттасудың сәті түскен.

Алтайға аяғым тимей жатып, дастан арнағанмын

Рим папасы құдіретті үнді естігенде Тәңірмен тілдескендей болыпты

-Әлқуат аға, өткен жазда Катонқарағайдағы Берел жазығы мен Қарақаба қорымдарында болып, екі мың жылға жуық тарихы бар қобыздың үнін қайта жаңғыртқаныңызға куә болдық. Қобызшы ретінде түркілердің алтын бесігінен қандай әсермен қайттыңыз?
– Бұл қобыздың табылуы – шынымен тарихи оқиға. Ертерек табылған музыкалық аспаптардың ішіндегі өзінің пішінін сақтап қалған бірден-бір мұра қобыз болып отыр. Біздің заманымыздың VII-IX ғасырларына жатады.
Бұл қобыздың зерттелуіне және жарыққа шығуына халықаралық Түркі академиясының Президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлінің тікелей мұрындық болғанын айту керек. Қарақаба қорғанындағы ортағасырлық түркі халықтарының құнды жәдігерлерін археолог, профессор Зейнолла Самашев тауып, зерттеп жүргенін білесіздер. Қазба жұмыстары халықаралық Түркі академиясының қаржыландыруынан бастау алып, 2015 жылы Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия археологтарының басын қосқан халықаралық экспедицияға ұласты. Экспедиция теңіз деңгейінен 1750 метр биіктікте, Қарақаба өзенінің табанындағы қорғандардың орналасқан жерінде өтті.
Алған әсерімді айтып жеткізу қиын болар. Алғашқы рет 2014 жылы жаз айында доктор Дархан Қуандықұлы қобызды өз қолымен қазып ашқанын айтып хабарласқанда, керемет әсерде болдым. Қарақабадан келген соң, суретін салып таныстырды. Көп толқыдым. Қарақабаға экспедицияға келмей тұрып, Дархан Қуандықұлының айтқан әңгімелерінен кейін қобыз бен скрипкаға арналған оркестрмен орындалатын дастан жаздым. Менің Алтай топырағынан, көне қобыздың құдіретінен алған әсерім сол шығармада сайрап тұр. Киелі Қарақаба жері мен Берел жазығы адамды өзінің тарихи құндылықтарымен таңғалдырады, табаның тигенде, жүрегің елжіреп, көкірегіңе байырғы түркі жұртына деген сағыныш ұялайды.
-Сіздің арқаңызда әйгілі Рим Папасы қобыз үнінің құдіретін мойындаған деп айтады. Сол оқиғаға тоқталып өтсеңіз…
– Қоғам қайраткері, ғалым, қоңыр күйлер мен әсерлі әндер шығарған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз – дарынды өнер иелерінің, оның ішінде қобызшылардың шын жанашыры. Қобызды әйгілі мейманға таныстыруға мұрындық болған сол кісі еді. Елімізге Рим папасы II Иоанн Павел арнайы сапармен келген кезде сыйлыққа қобыз тарту етті. Қобызды арнайы тапсырыспен жасаған шебер, республикалық қолөнершілердің жарысында I-ші орын иеленген Шу ауданының тұрғыны Қанат Қазақбаев. Пішіні аққу тәрізді қобызды сахнада Рим папасына таныстырып, Қорқыт атамыздың «Қоңыр» атты күйін орындадым. Кейін Ватикан баспасөз беттерінде Рим Папасы қобыз үнін естігенде, Тәңірмен тілдескендей болғаны туралы жазылды. Қобыз құдіретін мойындағаны болар.
-Бүгінде жас қобызшыларға дәріс беріп жүрсіз. Шығыстан шыққан шәкірттеріңіз бар ма?
– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген мақал бар. Аллаға шүкір, шәкірттерім көп. Шығыс Қазақстаннан да бар. Қобызшы шәкіртім Мәдина – осы өңірдің өнеріне үлкен үлес қосып жүрген өнерпаз.
-Қарақабадан табылған қобызды қалпына келтіру қиын болған шығар? Ағаңыз қобызды қайта жасап шықса, сіз онымен күй ойнап жүрсіз. Бұл аспаптың қазіргі қобыздардан қандай айырмашылықтары бар?
– Оңай болған жоқ, әрине. Біріншіден, түркі заманы мен қазіргі заман аралығында жер астында жатқан қобызды қалпына келтіру – өте жауапты жұмыс. Екіншіден, аспаптың үні қандай болады, дауысы шыға ма деген үлкен сұрақтар туындайды. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қуандықұлы бұл қиын шақта да бізге моральдік, рухани көмек көрсетті. Шебер Қанат Қазақбаевты Астанаға алдырып, тарихи оқиғаның мән-жайы мен қобыздың қайта қалпына келтірілуіне байланысты ойларын білдірді. Шығыс Қазақстаннан арнайы ағаш алдырып, жұмыс басталды. Алдыртқан ағаштар екі рет жарамсыз болып шықты. Қобыз жасайтын ағашты шебер өзі таңдап, қобызды қалпына келтіріп, бір нұсқасын жасап бітірді. Археолог Зейнолла Самашев осыған дейін де музыкалық аспаптар мен оның қалдықтарын тапқан болатын. Бірақ ешқайсысын қалпына келтіру мүмкін болмаған. Зейнолла ағамыз қобыздың үні шығып, сөйлегенін естігенде, өз құлағына өзі сенбестей күй кешті. Регистрі төмен, қоңыр үнді қобыз болып шықты. Басқа қобыздардан айырмашылығы да – қобыздың осы қою, қоңыр дыбыс шығаруында. Аспап VII-VIII ғасырлардағы түркі дәуірі қобызының нұсқасы. Қазіргі таңда Азия, Европа, Ресей мен Африкада қолданыста жүрген музыкалық аспаптардың ерекшеліктерін түгелдей бойына сақтаған ыспалы аспаптардың байырғы түрі – қазақтың қобызы.
-Көне қобыздың ендігі тағдыры не болмақ? Мұражайға қойыла ма, әлде сіздің серігіңізге айнала ма?
– Халықаралық Түркі академиясының мұражайында сақтаулы тұр.

Бұл аспап технологияның көмегіне мұқтаж емес

-Сізді жай ғана қобызшы емес, бақсылық қасиеті бар адам деп естиміз. Қобыздың сиқырын көріп немесе аян түскен сәттер болды ма?
– Бәрі бір Алладан!
-Жалпы, қобызға әуестігіңіз қайдан пайда болды? Қобыз өнері адам таңдап қонады деп жатады ғой…
– КСРО-ның білім үздігі, қырық жыл ұстаз болған әкем – Дота Қазақбаев бала кезімнен ән-күйге жақын болған соң, музыка мектебіне оқуға берді. А.Жұбанов атындағы арнаулы музыка мектеп-интернатында танымал қобызшы, ұстаздардың ішіндегі шоқтығы биік бірегейі Әбдіманап Жұмабековтен дәріс алдым. Қорқыт ата мен қазақ қобызшыларының күйлерін үйреткен ұстазыма шексіз ризамын.
-Жалпы, қобызшы болу үшін міндетті түрде бақсылық жолды қуу керек пе? Бақсылардың қобыз өнері мен дінді қатар ұстауының мәні неде деп ойлайсыз?
– Тарихта қазақ бақсыларының алар орны ерекше. Олар дарынды қобызшылар болған. Бір Аллаға сиынған! Бұл дәстүр Қорқыт бабамыздан бері жалғасып келе жатыр.
-Қобызды заманауи техника жетістіктеріне телу қаншалықты орынды?
– Қобыз аспабы замануи техникалық жаңалықтарды қажет етпейді. Қобыз күйлері – соның куәсі.
-Жай ғана қобызшы емес, күй өнеріне қалам тербеп жүрген зерттеушісіз. Қорқыттың алтайлық тұлға екені жөніндегі нұсқаға қатысты пікіріңізді, ғылыми жұмыстарыңыздың мақсатын білсек деп едік.
– Алтай өңірі – көп ұлттар мен ұлыстарға ортақ өңір. Түркі әлеміндегі алар орны ерекше. Қорқыт ата да – барша түркі тілдес халықтардың ортақ мақтанышы. Қазақ елі мен түркі әлемінің ғылымдағы, өнердегі жетістіктеріне үлес қосу – ортақ міндетіміз.
-Домбыра өнері қазақ даласында бірнеше жергілікті мектептерге бөлінеді. Қобыз өнерінде мектептер жігі бар ма?
– Қобыз өнері Қорқыт ата сарынынан бастау алады. Мектептерге бөліп, жіліктеудің қажеті жоқ.
-Сіздің есіміңіз Астананың мәдени қауымына танымал болғанымен, қарапайым халық біле бермейді. Жалпы, қобызшылардан гөрі домбырашылардың есімі оңай танылуының себебі неде?
– Қобыздың құпиясы көп. Мұнда танымал болу мақсат емес. Болашақта жастардың өнерді өз мағынасында, бәз қалпында келешек ұрпаққа жеткізуі аса маңызды. Біздің барлық зейініміз бен қажыр-қайратымыз соған бағытталған.
-Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button