Риддерде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды
Риддер жылу электр орталығында болған апатқа байланысты өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Оқиға орнына шұғыл жеткен облыс әкімі Даниал Ахметов сол жерде кезектен тыс кеңес өткізді.
«Бүгін мен қазандығында өрт шыққан Риддер ЖЭО-да болып, кезектен тыс көшпелі кеңес өткіздім. Қуанышымызға қарай зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта екі қазандық қондырғысы жұмыс істеп тұр, тағы екеуі жылыту үстінде. Қаладағы температуралық режим аздап төмендеді, бірақ жағдай кешке дейін қалпына келтіріледі. Станцияның жаңа иелері технологиялық бұзушылықтарға жол бергенін, инженерлік бақылау жүргізбегенін атап өткім келеді. Соның салдарынан осындай келеңсіз жағдай болып отыр», – деп жазды әлеуметтік желідегі ресми парақшасында аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Облыс әкімінің айтуынша, жылу орталығының иелері биылғы қаңтар айынан бастап ақаулы жабдықтарды жөндеуге, дебиторлық берешекті өтеуге және басқа да қажетті жұмыстарды жүргізуге көк тиын қаражат бөлмеген.
«Жылу электр орталығының жұмысында көптеген кемшілік бар, жаңа RNGK компаниясының иесі қаңтардан бастап ешқандай жұмыс жүргізбеген. Осы уақыт ішінде 3 миллиард теңгеден астам берешек жиналды, мазут, көмір, электр энергиясын жеткізуде олқылықтар болды. Сонымен қатар былтырғы қараша айынан бастап шұғыл жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген компанияларға еңбекақы төлеуді де әлі кешіктіріп келеді. Жұмыс барысында барлығы 67 ақау болды. Жуықта ғана 4-ші және 5-ші жоғары қысымды қазандықтарда өрт болды, Кабельдік-өткізгіш өнімдер өртенді, көмір беру жолында ұсақ дисперсті шаңның жарылуы болды» – деп жағдайды түсіндірген облыс әкімі Риддерде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланғанын атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, қазір жылу электр орталығында мазут пен көмірдің жеткілікті қоры бар, қосымша тағы жеткізілмек. Басты міндет – жылыту маусымын апатсыз аяқтау.
«Бүгіннен бастап менің өкімім бойынша станцияда өрт сөндіру машинасы, төтенше жағдай есебі, Риддер әкімінің орынбасары және салалық ведомстволардың өкілдері кезекшілік жүргізеді. Қазір біз жылыту маусымын аяқтауға мүмкіндік беретін режимде тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін станцияның барлық басқаруын өзімізге алуға мәжбүрміз. Мәселеден шығудың жалғыз жолы – Риддер ЖЭО-ны коммуналдық меншікке сатып алу, біз осы бағытта заңнамаға сәйкес жұмыс істейміз және оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз», – деп қосты облыс әкімі.
Кеншілер шаһарындағы апаттық жағдайға байланысты Энергетика министрлігі де ресми ақпарат таратты. Құзырлы ведомство ұсынған мәліметке сүйенсек, 23 наурыз күні таңғы сағат 8.00 кезінде Риддер жылу электр орталығының отын беру желісінде жарылыс болған. Жарылыс толқыны 80 шаршы метр болатын аумақты қиратып кеткен. Зардап шеккендер жоқ.
«Оқиға орнына Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығы аттанды. Комиссия технологиялық бұзушылықтарды зерттейтін болады. Комиссия құрамында комитеттің және Риддер ЖЭО-ның өкілдері, техникалық сарапшылар бар», – деп жазылған министрлік жауабында.
Тексеру нәтижесі он жұмыс күні ішінде дайын болады.
Мадина Амангелдіқызы