Риддер ауызсудан тарықпайтын болады
Риддерде біраз жылдар бойы толғандырып келген бір мәселенің шешімі табылды. Бұл – Громотуха өзеніндегі Лениногор ГЭС-і учаскесінде қабыршақ мұздың жиналуы. Салдарынан қаланы ауызсумен қамтитын құбырлар бітеледі. Табиғи құбылыс жылына екі рет, яғни күздің соңы мен қыстың басында және көктемде болып тұрады.
Қазір қалаға суық су толық, ал өндіріс орындарына, оның ішінде Риддер жылу электр орталығына шектеулі мөлшерде берілуде.
– Жұмысшылар өзен бетіндегі ұсақ мұзды сүзіп отыруға мәжбүр, ал біз екі қуатты сорғы әкелдік, олар суды өзеннің түбінен алып, жүйеге айдайтын болады. Бұл өте маңызды, өйткені біз №4 жоғары қысымды қазандықты жөндеуді аяқтадық, ол іске қосылуға дайын. Жүйедегі температура 60 градустан жоғары көтерілді. №5 қазандықтың басқару жүйесі жөнделуде. Осылайша, біз барлық үш жоғары қысымды қазандықты да қалпына келтірдік, – деп атап өтті аймақ басшысы. Айта кетерлігі, Риддер ЖЭО иелері жылыту маусымына жабдықты мүлдем дайындамаған.
Сондай-ақ облыс әкімі Риддердегі медициналық мекемелердің жағдайымен танысты. Оларға жылу жүйесімен бірге жұмыс істейтін қосымша электр жабдықтары орнатылуда. Осылайша, төтенше жағдайда қаланың сегіз ауруханасы өзін-өзі жылумен қамти алады.
Аймақ басшысы қала әкіміне мектептер мен балабақшалардағы жағдайды талдауды тапсырды. Қажет болса, резервтік жылу көздеріне ие болу үшін осындай электр құралдары оларға да қойылатын болады.
Ержан Кеңесұлы