Денсаулық сақтау

Репродуктивті медицинаның мүмкіндіктері мол

Репродуктивті медицинаның мүмкіндіктері мол


«Жасым біразға келді, әлі кішкентайымыз жоқ. Күйеуім мен оның әке-шешесі бала асырап алуымызға үзілді-кесілді қарсы. Бір-бірімізді жақсы көрсек те, ажырасудан басқа амал қалмады. Өзімді қойшы, оның ұрпақсыз өткенін қаламаймын», – деп еді бір танысымның қызы осыдан көп жыл бұрын. Дәрігер де, психолог та емеспін, мен не дейін? «Жассың ғой, бәрі жақсы болады» деп жұбатқан болғам сол жолы. Кейін естідім, жасанды ұрықтандыру тәсілінің нәтижесінде бірден егіз бала сүйіп, шаңырақтары бір-ақ күнде шаттыққа толыпты.

Өңірде жеті жүзден астам отбасы перзент сүю бақытына қол жеткізе алмай жүр. Облыс орталығында таяуда өткен репродуктивті медицинаның замануи мәселелері III аймақтық конференцияда осындай жандарға қалай көмектесуге болатыны, бүгінгі медицинаның мүмкіндіктері жайында сөз болды, тың пікірлер айтылды. Жиынға ТМД елдерінің, Израильдің ғалымдары қатысты.

– Бедеулік мәселесі – өткір тұрған әлеуметтік проблемалардың бірі. Отбасылық жұптардың 15 пайызы ұрпақсыз. Бедеулікке әкеліп соғатын факторлар көп: жыныс жолдарының инфекциялық аурулары, алғашқы жүктілік кезінде жасанды түсік жасату, еркектердің белсіздігі, қабынулар. Өкініштісі, осындай жұптардың 50 пайызына қосымша репродуктивті технологияларды пайдаланбай, жасанды ұрықтандыру әдісінен басқа жолмен көмектесу мүмкін емес, – дейді қазақстандық репродуктивті медицина ассоциациясыныңпрезиденті, медицина ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, академик Вячеслав Локшин.

Қазақстанда алғашқы жасанды ұрықтандыру зертханасы 1995 жылы ашылып, бірінші нәресте 1996 жылы дүниеге келді. Бүгінге дейін елімізде жүзден астам сәби осы ЭКО (жасанды ұрықтандыру) бағдарламасы арқылы өмір есігін ашқан. Алғашқы жылдары бұл әдістің тиімділігі 4-5 пайыз болса, қазір 40 пайызға дейін жетті. Репродуктивті медицинаның қарыштап дамығаны соншалықты, Вячеслав Локшин бүгінгі таңда бедеуліктің ең ауыр түрлеріне, тіпті генетикалық, эндокриндік ауруларға байланысты түрлеріне де көмектесе алатындарын айтады. Сонымен қатар жастары келіп қалған әйелдерге немесе ота жасалып, өздері бала таба алмайтын келіншектерге суррогатты ана бағдарламасы бойыншаана болу бақытын сыйлау, донордың жасушалары арқылы жүктілікке қол жеткізуге болады.

– Ең бастысы, бала көтере алмай жүрген келіншектерді емханаларда ұзақ емдеп, уақытты өткізіп алмау керек, – деп ой бөлісті академик В.Локшин,-әсіресе онкологиялық дертке шалдыққан, өмірге бала әкеле алатын жастағы әйелдердің репродуктивті қызметтерін сақтап қалу маңызды. Мұндай мүмкіндіктер қазір кез келген клиникада бар. Тек пациенттер мен онколог-дәрігерлерді дер кезінде құлақтандырған абзал.

Репродуктивті генетика саласында да соңғы жиырма жылда көп ілгерілеушілік байқалады. Қазіргі таңда ұрықты генетикалық тексерулерден өткізіп барып, қолдану шаранада Дауна синдромы, аутоиммундық ауытқушылықтардың болмауына кепілдік бере алады. Елімізде ұрыққа жасалған CGS-диагностикадан кейін 30-дан астам дені сау нәресте өмірге келді.

Репродуктивті медицинаның мүмкіндіктері мол

ЭКО-ның кері әсері ма?

Жыл сайын жаңа туған төрт мыңнан астам нәрестенің денсаулығынан әртүрлі кінәраттар байқалады. Олардың 56 пайызы – фолий қышқылының жетіспеушілігінен болған жүрек аурулары, ерін мен таңдайдың жырығы, орталық жүйке жүйесінің ауытқушылықтары.

– Әрине, жасанды ұрықтандыру әдісі бүгінгі таңдағы ең озық технология, алайда бұл өте қауіпті процедура екенін естен шығармау керек, – дейді Алматы қаласындағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Гүлнар Святова. – Тек акушерлік тұрғыдан алғанда ғана емес, генетикалық жағынан да. Мультиорталықтардың зерттеулері ЭКО бағдарламасынан кейін жүкті болған әйелдердің нәрестелерінде іштен туған ауытқушылықтар екі есе, таңдай мен еріннің жырығы екі есе, асқазан-ішекжолдарының кінәраттары 3-4 есе жиі кездесетінін көрсетеді. Аутизм дерті тіпті 4-5 есе жиі ұшырасады. Бұл кез келген жүктілік үлкен қатер екенін, генетикалық жағынан терең зерттеуді қажет ететінін, әсіресе осы генетикалық асқынулардың алдын алу қажеттігін көрсетеді. Молекулярлық медицина орталығының мәліметтері бойынша, жасанды ұрықтандыру екі-үш рет сәтсіз өткен жұптардың 85 пайызында жағымсыз генотиптер табылған. Яғни, болашақ аналар фолий қышқылын қабылдамаған. Генетиктердің ассоциациясы жүкті әйелдердің арасында жүргізген сауалнамалардың қорытындысы тіпті алаңдатады. Әйелдердің 68 пайызы жүктілікті жоспарламағандарын, тез арада бала көтере қоятындарын білмегендерін айтқан.

Биыл 65 квота бөлінді

Қазақстан бойынша жасанды ұрық әдісін қолданатын 25 клиника бар, 2010 жылдан бастап олардың кейбіреуі бюджеттен бөлінген квоталармен жұмыс істейді. Өйткені, бұл бағдарламаның құны 800 мың теңгеден асып кетеді, мұндай шығынды мұқтаж отбасылардың барлығы көтере алмайды.

-Біздің облысқа ЭКО бағдарламасына биыл 65 квота бөлінді. Бұл әрине өте аз, аймақта 700-ге жуық отбасы осы қызметке зәру. Қазіргі таңда пациенттердің 55 пайызында жүктілікке қол жеткізілген. Оның қаншасы өмірге нәрестенің келуімен аяқталатынын дәл қазір болжау мүмкін емес, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Қай клиниканың қызметіне жүгінуді отбасылардың өздері шешеді. Көбінде таңдау Алматыдағы репродуктивті медицина институтына, Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология орталығына, Астанадағы Ұлттық ана мен бала орталығына, «Эколайн» клиникасына түседі екен. Пациенттер ең алдымен жүктіліктің қай емдеу мекемесінде сәтті аяқталғанына мән береді. Облыс орталығында осыдан бес жыл бұрын ашылған репродуктивті медицина орталығынабиыл алғаш рет мемлекеттік тапсырыс аясында 15 квота бөлініпті. Әзірге олардың тоғызы ғана пайдаланылған.

Репродуктивті медицинаның мүмкіндіктері мол

-Біз квота бергеннен кейін және өте қымбат қызмет түрі болғандықтан, оның қалай қолданылып жатқанына, тиімділігіне он күн сайын талдау жасап тұрамыз. Квотаның мерзімі өтіп кетпеуін қатаң бақылауда ұстаймыз. Биыл жиырма отбасы Астанадағы клиникаларды таңдады. Облыс орталығында да, өңірдің аудандарында да ЭКО бағдарламасымен дүниеге келген балалар бар, – дейді Райфа Сафиоллинова.

– Конференцияда жасанды ұрық әдісімен туған балаларда әртүрлі ауытқушылықтар көп болады деген деректер келтірілді. Сіз бұған қалай қарайсыз?

-Статистикалық мәліметтер баланың денсаулығындағы кінәраттар тек ЭКО бағдарламасымен туғандарда ғана емес, табиғи жолмен өмірге келгендерде де аз еместігін көрсетеді. Конференцияда бұл мәселенің көтерілуі – ең алдымен осындай жасанды әдіспен жүкті болған әйелдерді бақылауға алған кезде гинеколог дәрігерлерді қырағы болуға шақырады. Нәресте әртүрлі ауытқушылықтармен тумас үшін, қазір ұрықты генетикалық жағынан зерттейтін технологиялар бар. Жаңа технологиялар хромосомдық ауытқушылықтардың 23 түрін генетикалық деңгейде, бала бойға енді біткен кезден анықтауға мүмкіндік береді. Бұл болашақ аналарды тоғыз ай көтеріп, аяғында мүгедек нәресте не болмаса өлі шарана туудан сақтайды. Бір перзентке зар болып жүрген әйел үшін одан өткен қасірет жоқ. Сол себепті қауіпті жүктілікті дер кезінде үзіп, емделген дұрыс.

-Мұндай озық технологиялармен барлық клиникалар жабдықталмаған шығар?

-Керісінше, жасанды ұрықтандыру тәжірибесін қолданатын кез келген орталық заманауи құрал-жабдықтармен, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Облыста репродуктивті медицина орталығының ашылуы да үлкен жетістік. Бұл пациенттерді көп шығыннан сақтайды. Өйткені, аталмыш әдіс болашақ ананың дәрігердің бақылауында ұзақ уақыт болуын талап етеді. Басқа қалада қонақүй жалдау, жол шығыны, дәрі-дәрмек сатып алу – барлығы пациенттердің қалтасына салмақ салары сөзсіз. Біз әріптестерімізге тек алғыс айтамыз және қызметтеріне сәттілік тілейміз.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button