Өңірде коронавирус өршіп кетті
Өңірде қауіпті індетті жұқтырғандар саны өршіп кетті. Бүгін таңертең облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырған 23 адам анықталған. Олардың 19-ы – Семей, 3-еуі – Өскемен, 1 науқас Риддер қаласының тұрғыны.
Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 21 науқас бұрынырақ КВИ ауруын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған тұлғалар, қалған екеуі шет елден (РФ) келген бетте тексеруден өткен Қазақстан азаматтары. Қазіргі уақытта қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың барлығы инфекциялық стационарға жатқызылған. Риддер қаласының тұрғыны карантин және тексеру орны бойынша Шемонаиха ауданына жатқызылды.
Байланыста болған адамдарды эпидемиологиялық тексеру және медициналық тексеру жүргізу үшін ТКҚСҚБ аумақтық басқармасының мамандары мен медицина қызметкерлерінен құралған мобильді топ ұйымдастырылып, ошақтарға қорытынды дезинфекция жүргізілуде. Эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда.
Айта кетсек, 97 КВИ жағдайдың 12-сі сырттан әкелінген, 85-і жергілікті жағдай, оның ішінде Өскеменде 11, Семейде 76, Шемонаиха ауданында сырттан әкелінген 5, Глубокоеда 2, Абай, Тарбағатай және Аягөз (сырттан әкелінген) аудандарында 1 жағдайдан тіркеліп отыр.
Дәурен Аллабергенұлы