Денсаулық сақтау

Өңірдің медицина саласы әлемдік деңгейге көтеріледі

Өңірдің медицина саласы әлемдік деңгейге көтеріледі


Келешекте шығысқазақстандықтар емделу үшін Еуропаның озық клиникаларына ағылмай, керісінше, шетелдіктердің бізге емделуге келетін күн алыс емес. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, өңірдің бірқатар медициналық мекемелерінде қызмет көрсету мен емдеу сапасы әлемдік деңгейге көтеріліп, JCI халықаралық стандартына сай жүргізілетін болады. Онкологиялық және жүрек-қан айналымы жүйесінің аурулары жиі ұшырасатын біздің аймақта алдымен осы бағыттағы емдеу мекемелерін – облыстық аурухана мен облыстық көпсалалы хирургия және онкология орталығын, Семей қаласындағы жедел жәрдем станциясы ауруханасын бірінші кезекте әлемдік деңгейге сай жарақтандыру туралы шешім қабылданыпты.
Осы мәселеге қатысты облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен жиында

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ильяс Мұхамеджан Семей жедел жәрдем станциясы ауруханасы жағдайынан хабардар етіп, облыстық ауруханаға жапсарлас салынбақ операция блогының жобасымен таныстырды. Жапсарлас салынатын ғимараттың жалпы аумағы – 5536 шаршы метр. Алты операция залынан тұратын кешеннің екі блогы кардиохирургиялық бағытқа, біреуі қан тамырлары хирургиясы және тағы үш блок тарвмотолгия-ортопедия, гинекология және хирургияға арналған. Кардиологиялық операция бөлімінің эскизі танымал кардиохирург, Ұлттық ғылыми кардиология орталығының директоры Юрий Пямен келісіліпті.

–Облыстық аурухана жаңа технологиялар орталығына айналуы керек. Юрий Пя облыстық кардиологиялық орталыққа кураторлық жасауға келісті, ең үздік дәрігерлер тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Үш жылдың ішінде кардиологиялық науқастардың кезегі жойылуы тиіс,– деді Даниал Ахметов.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмахановтың түсіндіруінше, қазір әр қабатта шашыраңқы орналасқан операция блоктары бір жерге тоғыстырылып, кешенді операция блогы салынбақ. Оның ішінде кардиохирургиялық блок басымдыққа ие.

–Біздің дәрігерлер қазірдің өзінде күрделілігі 6-7 дәрежелі операцияларды жасай береді. Енді операция блогының жасақталуын еуропалық стандартқа сәйкестендіруіміз керек. Стерильді таза аймақ қалыптастырып, операция бөлмелеріне ламинатталған ауа, яғни қайта тазартылған ауа жібереміз. Заманауи операция блогы салынғанда, біз отадан кейінгі асқынулардан, инфекцияның түсуінен қорықпайтын боламыз, – деді бас дәрігер.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға облыс орталығындағы ана мен бала орталығының, өңірдегі қатерлі ісіктің таралуын ескере отырып, облыстағы онкологиялық саланың емдеу мекемелерінің JCI стандартына сәйкестігіне талдау жасауды тапсырды.

–Алдағы үш-төрт жылда ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді. Бұл – осыған дейін жүргізілген емдеу мекемелерін медициналық құралдармен жабдықтау және мамандардың біліктілігін жетілдіру шараларының заңды жалғасы. Елімізде JCI әлемдік стандарты енгізілген Ұлттық ғылыми кардиология орталығы, нейрохирургия орталығы, ҚР Президент Іс басқармасы медициналық орталығы, республикалық ана мен бала орталығы сияқты санаулы ғана клиникалар . Келесі біз болуымыз керек,– деді Даниал Ахметов.

Облыстық көпсалалы хирургия және онкология орталығына елімізде теңдесі жоқ екі құрал- жабдық: лазерлі қондырғысы бар МРТ құралы және сәулелі терапиямен емдеу үшін қажет соңғы үлгідегі құрал-жабдық – сызықтық үдеткіш орнатылмақ. Салалық басқарманың басшысы Ильяс Мұхамеджанның сөзіне қарағанда, МРТ құралы қараша айының аяғында жеткізіліп, тұрғындарға үстіміздегі жылдың желтоқсан айында қызмет көрсете бастайды. Мұндай лазерлі қондырғысы бар құрал еліміздің бірде-бір клиникасында жоқ.

–Бұл аппарат тек диагностика жасамай, емдеу үшін де қолданылатын болғандықтан, ең алдымен дәрігерлердің біліктілігін арттыруды естен шығармау керек. Алдағы уақытта мамандар білімдерін ұштау үшін бұрынғыдай үш айға емес, алты айлық және бір жылдық курстарға жіберілуге тиіс, – деп ескертті аймақ басшысы.

Облыстың бас онкологы, орталықтың бас дәрігері Гүлмира Сағидолдинаның сөзіне қарағанда, МРТ онкологияны ерте анықтауға мүмкіндік берсе, лазерлі қондырғымен инвазивті емес әдіс бойынша, қуық асты қатерлі ісігіне, кейбір гинекологиялық ауруларға, сүйек дерттеріне хирургиялық операциялар жасауға болады. Мұндай құрал Ұлыбритания, Израиль, Германия мен Американың клиникаларында табысты қолданылып келеді. Осы аппаратта жұмыс істейтін мамандарды аспаптың отаны Израильде оқыту жоспарланыпты.

Сәулелі терапиямен емдейтін жаңа үлгідегі сызықтық үдеткіштің артықшылығы – иондалған сәулені шығармайды, сондықтан сапалы емдеуге, науқастың сау органдарына зиян келтірмеуге мүмкіндік береді.

-Біз әлемдік деңгейге көтерілуіміз керек. Бәлкім үш жыл кетер, қалай да бұл міндетті шешеміз. Нәтижесінде біздің адамдар Оңтүстік Корея мен Германияға емделуге ағылғандарын қояды. Керісінше, бізге шетелден келулері мүмкін, өйткені бізде арзанырақ, – деп сабақтады сөзін облыс әкімі.

Даниал Ахметов облыстық ауруханада операция блогын салу кезінде мердігер ұйымдардың өкілдерін JCI халықаралық стандартының талаптарымен таныстыруды тапсырды. Облыстық денсаулық сақтау және облыстық құрылыс басқармаларына құрылыс жұмыстары осы әлемдік стандартқа толық жауап беретіндей, ертең қайтадан жөндемейтіндей жүргізілуі керектігін шегелеп тапсырды. Сонымен қатар облыстық көпсалалы хирургия және онкология орталығының операция блогын қайта құру жұмыстары кезінде де мұны басшылыққа алуды қатаң ескертті.

-Біз жоғарыда аталған үш емдеу мекемесін әлемдік үлгідегі клиникалардың дәрежесіне жеткізуіміз керек. Жаңа стандарттар еңбекақының да жаңаша төленуін талап етеді. Осы жағын ескеру керек. Әлемдік деңгейге шығу үшін дәрігерлердің, орта буын мамандардың, санитардың менталитеті өзгеріп, мүлде жаңа дәрежеге көтерілуі тиіс. Адамдардың өмірге деген көзқарасы өзгеруі қажет,- деп қорытындылады Даниал Ахметов.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button