Тарих

ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН ЖАЛҒЫЗ КӨЗДІ ӘЛІБАЙ

ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН ЖАЛҒЫЗ КӨЗДІ ӘЛІБАЙ

Ертеректе Зайсан қаласының қақ ортасында ат шаптырым аумағы бар орталық алаң болды. Кеңес үкіметінің тұсындағы мерекелік шараның барлығы осы алаңда өткізілетін. Сол алаңда орналасқан «Жұлдыз» кинотеатрының дәл іргесінде сырты ағаш шарбақпен қоршалған отыз шақты әскерилер бейіті бар болатын. Көп бейіттің арасында маңдайшасында қызыл жұлдызы бар ортадағы үлкен бейіт бірден көзге түсетін. Балалығымыз болар, «Ол жерде жатқандар кімдер және не үшін барлығын бір жерге жерлеген? – деп ешкімнен сұрамаппыз. Мұның сырын бертін, тағы бір орайы келгенде әңгімеші қария, марқұм Ержанның Төлегені тарқатып айтып берген.

ШАТҚАЛДАҒЫ ШАЙҚАС

– Шығыстағы Алтай, Сауыр тауларын ежелден Керей рулары мекендейді. Солардың бірі – жаугершілігімен, батырлығымен аты шыққан Меркіт руы. Сауырды ен жайлаған осы рудың басшысы әрі ақылгөй қамқоршысы Тұрғанбай деген би болыпты. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін елдің ішіндегі бас көтерер серкелерін тұтқындау, соттау көбейіп, заң күн өткен сайын қатая бастайды. Халық қасқырдан үріккен қойдай үрпиіп: «Енді не болар екен? Ертең кімді тұтқындар екен?» – деген үреймен таңын атырып, күнін батырып жатады.
Күндердің күні ел арасында: «Тұрғанбай бастаған бірнеше ел жақсыларын ұстайтын болыпты», – деген сыбыс шығады. Мұны астыртын біреулер арқылы естіген олар ақпан-наурыз айларында Қытай аспаққа бекінеді. Өкінішке қарай, олардың бұл әрекеттерін ұзынқұлақтан естіп-білген Қызай Іргебаев деген сатқын қарулы отрядқа хабарлап қояды. Шағаноба, Қызылқия, Аққолқа деген шекара заставтарынан 40-50-ден әскер шығып, көштің алдын орайды. Қар қалың, бұлтарыс-қалтарысы көп тау жолынан мал өздігінен өте алмайды. Адамдар асу сайын қардың үстіне киіз төсеп, малдарын зорға дегенде өткізіп отырады. Күн суық, мал арық. Осылайша жүрістері мандымай, ауыр азаппен келе жатқан көшті солдаттар қамап алып, атқылай бастайды. Біраз адам өліп, малдың көбі қырылады. Солдаттардан жансауғалап аман қашып құтылған Тұрғанбай би бастаған 18 адам бір жерге жиналады. Әлгілердің арасында Әлібай мерген де бар екен. Ауыр азаппен Сасық бұғы деген асуға келіп жетеді. Сасық бұғының асуы қыс түгілі жазда атпен жүруге қауіпті, тым шатқалды, қысаң қиялы жер екен. Абырой болғанда барлығының астарында теңдеп алған киіздері бар. Бұған дейін де талай жолсыз жерлерден жол тапқан Әлібай батыр бұл жолы да қия шатқалдан жол тауып, қасына ергендерді терең шаттың ішіне түсіреді. Неше күннен бері арып-ашқан азаматтар келген бетте жотаға бір жігітті қарауылға қойып, өздері шай қамына кіріседі.
Осы кезде Әлібай:
– Би аға, менің жүрегім тоқтамай отыр. Қарауылға жан-жақты бақылай алатындай етіп үш-төрт жігіт қоймадық па? – дейді. Сонда Тұрғанбай:
– Әй Әлібай, қайдағы жоқты айтпай отыр. Алатын малды да, жанды да алды емес пе? Біз шыбын жанын алып қашқан торғайлармыз ғой. Бізді қуып мына қиын шатқалдан не іздейді? – дейді басу айтып.
Сонда да тыным таппаған Әлібай інісі Әлібекті қасына шақырып алып: «Қаруыңды беліңе іліп сақ отыр. Артымыздан қуса, мына кезеңнен шығады. Онда анау тұрған тасқа жүгіріп жет, сол саған пана болады. Егер алдымызды ораған болса, ана тұрған мойнақтан шығулары тиіс. Онда мына жартастың түбіндегі үстіне тасжарған шыққан үлкен сандықтай тас екі кісіге пана болады. Тез жүгіріп соған жетуіміз керек. Айтқанымды істеп, сақ отыр», – дейді.
Шай да келеді. Бір саптаяқ шайды енді ала бергендері сол еді, алдыдан орап келетін мойнақтың астынан тарс-тұрс мылтық атыла бастайды. Әлібай шалт қимылдап белгілеген жеріне тез жетіп паналайды да, інісі айтқан жерге жете алмай, үш адым жердегі бір сандықтастың түбіне жата кетеді. Атыс басталып, бораған оқ бас көтертпей қалған екен. Арнайы даярлықтан өтіп, сақадай сайланып келген қарулы әскер қоя ма? Арада көп уақыт өтпей-ақ, 16 адам қан жоса боп түгел қырылады. Солдаттар екі жағы терең жыралы жерден жол тауып бір-бірлеп төмен түсе бастайды. Осы кезде Әлібек келе жатқан солдаттардың үшеуін атып түсіреді. Әлібай інісіне: «Бекер ақ кісі аттың-ау, қолға түссек қиын болады ғой», – дейді кейістік білдіріп. Сонда інісі: «Әй аға, ана жатқан 16 адамның біреуі қимылдамайды. Көште қанша адам өлді. Шама келсе, қанға қан ала беру керек. Қолға түссек, бізді тірі қалдырмасы анық. Аналардың қасына апарып, оқ шығармай-ақ шапқылап өлтіре салады», – дейді де, тағы бір солдатты домалатып түсіреді. Артынша дәлдеп атқан оқтың бірі Әлібектің өзіне дөп тиеді де, «Аға қош!» деуге ғана шамасы келген жас жігіт сол жерде жантәсілім етеді. Әлібайдың оң жақ көзі шел қаптаған соқыр адам екен. Жалғыз көзінен қанды жас төгіп бір жылап алады да, кек алуға кіріседі. Жүрегіне кек тұнған ол көзіне көрінген солдатты бір-бірден ата береді. Амалы таусылған солдаттар қашуға бекінгенмен, қалың қардан оңайшылықпен өте алмай, қамалып қалады. Бұл оларды Әлібайға байлап бергенмен бірдей еді. Қардан өтем дегендердің тірі қалғаны жоқ…

КОЛПАКОВТЫ ҚАЛПАҚТАЙ ҰШЫРҒАН ҚАЗАҚ

Олардың басшысы капитан Колпаков Ленинградтан бері қарай ат үстінде жүрген, соғыста үнемі жеңіспен аты шыққан өте әккі адам екен. Колпаков бұл жолы да оққа ілінбей, атымен қарғып, өткелден өтіп кетеді. Әлібайдың атқан екі оғы да дарымапты. Енді тәжірибелі орыс офицері мен қазақ мергенінің арасында кәдімгідей аңдысқан атыс басталады. Бір тастан соң, бір тасты паналай жүріп атысқан Әлібай түс ауа шатқалдың түбіне әзер жетіп, сол жерді паналайды. Оқты орынсыз шығындамас үшін екі жақ та оңтайлы сәтті күтіп, ұзақ уақыт үнсіз қалатын көрінеді. Талай сойқанды көрген қандықол Колпаков Әлібайдың тығылған жерін байқап қап, тура үстінен төніп келеді. Мұны көлеңкесінен байқап қалған мерген оқыс айнала беріп атып жібергенде, оқ жеңіліп көрмеген жырындының дәл маңдайынан тиеді. Құдай жар болғанда, Колпаков Әлібайдың үстіне кеп құлайды. Әлібай оның мылтығын, өне бойындағы барлық оқ-дәрісін сыпырып алып, денесін аяқ жағына теуіп тастайды. Оғы көбейіп, жаңа мылтық қолына тиген мерген енді көзіне қылт етіп көрінген солдатты ата береді. Солдаттар бас көтере алмаған күйі тырп етпей жатып, ақыры күн батып, қараңғылық түседі.
Қараңғылықты пайдаланған Әлібай өлгендерді бір жерге жиып, бастарын құбылаға қаратып, беттерін жауып жерлеудің ырымын жасайды. Бір күнде 17 қандасынан айырылып, қан жылап жалғыз қалған мерген ендігі жерде еш нәрседен тайынбасқа бел буған…
Таң біліне солдаттар келген тауға өрлеп, жотаға шықса, бүкіл солдат кетіп қалған екен. Ел шетінде Доланалы деген жер бар. Сонда жетіп бекінген мерген күні бойы айналаны бақылап, қараңғы түсе екі атты арқандап, қажетті заттарын тығады да, қару-жарағын асынып, бір атпен өз ауылына келеді. Өзімен бірге өскен сенімді бір-екі адамына жолығып, қырғынның болғанын, он сегіз адамнан жалғыз қалғанын жеткізеді. «Енді сендер өлген адамдардың денесін жерлеуге кірісіңдер», – дейді. Сондай-ақ, Әлібай отбасын алып кету ниетінде екендігін де жасырмайды. Бірақ өзі қайда бекінгенін, қашан келетіндігін ашып айтпайды. Тек, өзін іздеп әуре болудың қажет жоқ екендігін ескертеді.
Солдаттар өлгендерін түгел жинап әкете алмаса да, Колпаков пен тағы екі офицердің және біраз солдаттың денесін Зайсан қаласының қақ ортасына әкеп жерлейді. Қалған солдаттардың денелерін жиып алып, Жанжігіт деген жерде өртеп жібереді. Осыдан соң орайлы сәті келгенде Әлібай Қытай жеріне өтіп кетеді. Шекараға жақын жерге тоқтамай, арғы Қобда тауын мекендеген моңғолдардың ішіне қарай барады. Біраз уақыт сол торғауыттардың ішінде жүріп, елін сағынып тоқтай алмай, ақыры ел ішіне көшіп келеді. Елде тыныштық жоқ. Оспан батырдың Қытайға қарсы көтерілісінің желігімен күнде қашып, үріккен ел. Гоминданшыл қытайлардың күнде атысып-шабысқанынан халықтың мазасы әбден кеткен. Сонымен, 1944 жылы қазақтар мен моңғолдар совет жеріне көшіп өтеді де, осы көшпен Әлібай да атажұртқа оралып, ежелден ата-бабаларының қонысы болған Сарыбұлақ деген жерге келіп қыстайды.

ҰЛЫҚТАРДЫҢ ЗӘРЕСІН ҰШЫРҒАН ЕКІ ОҚ

Содан ақпан айының аяғына таман Әлібайдың үйіне төрт атты адам сау ете қалады. Олар екі орыс, екі қазақ офицері. Екі қазақты мерген бірден таниды. Олар Ментаев Серікболсын мен баяғы сатқын Қызай Іргебаев (Сіргебаев болуы да мүмкін) екен. Сол жерде Серікболсын Әлібайға:
– Әй, сен кімсің? – дейді жорта танымағансып.
– Иә, танымай тұрсың ба? Сен Серікболсын, анау Қызай, ал мен Әлібай. Үшеуіміз де шынтағымызға дейін қанға малынған қандықолдар емеспіз бе? Табыспайтын жеріміз жоқ екен-ау, сірә. Бәріміз де елге белгілі адамдар емеспіз бе? – дейді Әлібай. Серікболсын:
– Тіліңе шоқ түскір Әлібай, мына кісілер сенімен әңгімелеспек. Атыңды ертте, бізбен бірге жүресің, – дейді сөзін нығарлай сөйлеп.
– Е-е, бұлар менен кек қайтаруға келген екен, – деп топшылаған Әлібай үйдегілермен тегіс қоштасып, үстіне жаман-жұтық киімін киіп, таяу жерде тұрған арық биесіне ескі ерді ерттейді де, алқалай тұрған елімен қоштасып, келгендерге ілесіп кете береді. Ауылы түгел шулап, қош-қош айтып қалады. Бұлар сол жүргеннен мол жүріп, Зайсан қаласына келеді. Қаланың ортасында Колпаковқа орнатылған ескерткіш-бейітке жақын келгенде Серікболсын:
– Әй, Әлібай мынау не, білесің бе? – дейді, мұртына мысқыл үйіріп.
– Бұл естуімше, маған мылтығын сыйлаған Колпаковтың жерленген жері болса керек, – дейді мерген де мән бермегенсіп. Сол беті бұлар отрядтың аумағына енеді. Екі офицер Әлібайды бір үйге әкеп кіргізеді де, сыртынан бекітіп кетеді. Үйдің іші жарық, жылы екен. Бұрышқа бір кішкене стол қойылып, төсек салыныпты. Аздан соң есік ашылып, бір қазақ жігіті әкелген ыстық шай мен тамақты үстелге қойып: «Ақсақал, кел шай ішіңіз, ештеңеден қорқып, сескенбеңіз. Бүгінше осында боласыз, ертең біраз сөз сұрап, үйіңізге қайтарады. Ертең сөзіңізге аудармашы мен болам. Өткен оқиғадан бір сөз қалтырмай немесе қоспай нағыз шындықты айтыңыз. Сол уақыттағы оқиға книгада түгел жазулы тұр. Сөзіңіз сонымен бірдей шықса, қайталап сұрамайды», – деп мән-жайды түсіндірген тілмәш үлкен кісіге алаңдамай жатып, демалыңыз деп шығып кетеді.
Ертеңгісін Әлібайды тергеуге шақырады. Ортадағы үлкен үстелді айнала отырған өңшең сары ала киімді офицерлерге басын иіп сәлемнің ишарасын жасаған Әлібайға есіктің аузындағы солдат үстелдің бір жақ шетінде тұрған орындықты нұсқап, «Отыр!» дейді.
Офицерлердің бірі сөз бастап:
– Біз сізді соттайық немесе жазалайық деп шақырған жоқпыз. Онсыз да 15 жыл жер ауып, сотталып жүрсіз. Біз тек болған оқиғаны өз аузыңыздан естігіміз келеді. Қандай оқиға болғанын бүкпей айтып беріңіз, – дейді.
Әлібай әуел баста елдің шошынып көшкенінен бастап, үтір-нүктесіне дейін қалдырмай баяндай келе, ақыры елге көшіп келіп, қазір Сарыбұлақта қыстап отырғанына дейін түгел айтып береді. Өз тілдерінде өзара біраз сөйлескен орыс офицерлері тарапынан қосымша сұрақ болмайды.
Осы кезде офицерлердің тағы бірі:
– Жарайды, бәрін еш қоспасыз түгел айттыңыз. Ол кезде қателесу көп болған. Басшыларда да қателесу көп болды. Халық та түсінбестіктен ауа көшіп, осындай арандатулар жиі орын алды. Сіз болған істі түгел айтып бердіңіз, енді түстен кейін үйіңізге қайтасыз. Қазір сізді нысана ататын жерге апарса, нысана атуға қалайсыз? – дейді. Сасқалақтап қалған мерген:
– Кәртейіп қалдым ғой, дегенмен көрейін, – депті амалы таусылып. Өзі ішінен: – «Е, бұлар мені нысана көздейтін жерге апарып ататын болды-ау, шамасы», – деп ойлайды.
Солдаттар жаттығатын жердегі орындықтарға біраз ұлық жайғасқан екен. Олардың бірі Әлібайға келіп: «Анау тұрған кісідей тақтайды, ортасындағы қарайғанды көрдіңіз бе? Сол қарайғанды көздеп атыңыз!» – дейді.
Мерген қолындағы бесатарға бес оқ салады да, отыра қалып, көз ілеспес шапшаңдықпен қатарынан үш оқ атады. Атқан оқтарының үшеуі де нысананың дәл ортасына тиеді. Бір сәт тыныштық орнағанда орнынан түрегелген батыр бүкіл денесімен бұрылып артына қарайды. Сөйтсе, қаз-қатар тізілген ұлықтардың өңдері қашып, тілдері байланып қалыпты. Олардың арт жағында тұрған тілмәш ернін жымырып алып, басын шайқай беріпті. Қалған екі оқты далаға ата салған мерген: «Неге өйттіңіз?» – деген орыстарға, «Мынау жалғыз көз жасаурап, буалдырланып көре алмай қалдым», – депті.
Орыс офицерлері Әлібайдың мергендігі мен шыншылдығына разы болып, батырға 50 келідей бидай, бір келі шай және 15 метр бұл беріп:
– Ақсақал, ренжімей қайтыңыз! – деп, ауылына шығарып салған көрінеді.
P.S. Тарихта құралайды көзге атқан мергендігімен аты қалған сол Әлібайдың сүйегі қайда жерленгенін көп ешкім білмейді. Ал қандықол Калпаков осы күнге дейін Зайсан қаласының төрінде жатыр.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button