«Дидардың» қонағы

Құралай Камалиева, айтыскер ақын: – Жыр міндетінен, жар міндетін жоғары бағаладым

Құралай Камалиева, айтыскер ақын: – Жыр міндетінен, жар міндетін жоғары бағаладым


Ұлыстың ұлы мерекесінің қарсаңындағы көрісу күнінде көрші ғимаратта тұратын облыстық баалар және жасөспірімдер кітапханасында жұмыс істейтін қызметкерлер біздің редакцияға қонаққа келді. Қолдарына қазақтың қара домбырасын ұстап әндетіп жеткен апайлардың арасында ақын Құралай Камалиева апайымыз бар екен. Бізбен көрісуге келген апайды сіздермен жүздестіруді жөн көрдік. Неге айтыстан алыстап кеткендігін, қазіргі атқарып жүрген жұмыстары жайлы сөз қозғадық. Бір қызығы, жоқ, өкініштісі отыз жыл айтысып, жиырма жыл кітапхана саласында қызмет істеген атағы алатаудай апайымыздың көңіл аулайтын не мәдениет саласынан, не білім саласынан алған бір жапырақ мақтау қағазы жоқ болып шықты. Сұхбаттан оқыңыз.

Өскеменде өткен кей айтыстарды естімей қалдық

– Сіз айтыс әлемінде жасындай жарқ еткеніңізге 20 жылдан асыпты. Ақын Құралайдың басқа атақ-медальдары бар ма? Ең болмағанда, Тәуелсіздіктің, Астананың мерейтойларында алған…

– Жоқ, өз басым ондай дүниелерді ойлап та көрмеппін. Қатардағы кітапханашымын. Жастар шығармашылығына көңіл аударып жүрмін. Үйдегі үш баламның тәрбиесі бар. Шынын айтсам, менің өнердегі ең биік шыңым 1998 жылғы желтоқсан оқиғасының 12 жылдығына арналған республикалық айтыс қой. Сол азғантай жетістігімді бұлдап ешкімнің алдына барып көргем жоқ, барғым да келмейді.

– Сол айтыста Айнұр Тұрсынбаева екеуіңіз қатар бас жүлде алып, қос темір тұлпарды тізгіндедіңіздер. Айнұрдың жұлдызды сәті жалғаса берді. Сізден көрермендеріңіз көз жазып қалды. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Бәлкім Өскемендегі өнерге деген көзқарастың айқын көрінісі шығар бұл?

– Иә, дұрыс айтып отырсың. Біздің Өскемен өнердің өгей анасы екені баяғыдан мәлім. Мен одан кейін де біраз айтыстарға қатыстым. Десе де дәл керекті кезде қолдау таба бермейсің. Кім пысық болса, соның тасы өрге домалап тұрды. Жергілікті жауапты орындардан қолдау көрмедік. Нан тауып отырған жұмысыңды да қайырып қойып, кете алмайсың. Ал біз қатарлы шыққан ақындардың көбі ондай жұмыстарға байланып қалмады. Яғни, жергілікті орындары оларға жұмыс істеткен жоқ, айтыспен айналысуына мүмкіндік жасады. Ал Өскемен үшін өнер өзіңе ғана керек. Біз сол алғаш республикалық айтыстарға барып жүргенде облыстық мәдениет басқармасында өнер жанашыры Анар Құсайынова жұмыс істеп жүрді. Өнерді шынайы қолдап, таланттардың тасада қалып қоймауына мүмкіндік жасады. Шынын айтсам, Анар апай басқармадан кеткен соң Өскеменнің маңында өткен айтыстардың өзінен бейхабар қалып жүрдік. Дәл сол тұста С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды Әбдімүтәліп Әбжаппаров басқарып тұрды. Жас ақындар мектебін ашып, оған сол Анар апай, Серік Құсанбаев ағалар жетекшілік етті. Көп-көрім Өскеменде өнердің ортасы қалыптасып келе жатқан еді. Артынан ректор кеткен соң, әлгі мектепке де қолдау болмай, қалыптасып келе жатқан ортаның ойран-ботқасы шықты. Осы орайда айта кететін тағы бір жағдай, егер басқа жақтың бір ақыны айтысқа қатысса, соңында он-он бес адам бірге еріп жүреді, ал Өскемен өңірінен барған ақындардың сопа басы сопыйып өзі ғана жүреді. Бұл біздің айтысқа деген қолдауымыздың жай ғана бір көрінісі.

Құралай Камалиева, айтыскер ақын: – Жыр міндетінен, жар міндетін жоғары бағаладым

– Өскеменді өнерді өгей анасы дедіңіз. Қазір елімізде ұлттық өнерді қолдауға құрылған жақсы жобалар бар. Сол жобалар неге осы қала кенжелей береді? Себебі неде жатыр деп ойлайсыз?

– Бұл біз тағдырымызды сеніп тапсырған адамдардың санасына байланысты деп ойлаймын. Біз өнерді өлтірмейді-ау деп сенген адамдарымыз басшылыққа келген соң санасын басқа дүниелер билеп кете береді. Мысалы, қазіргі ұлтымыздың ең үлкен қасіретінің бірі – ұлттық тіліміз ғой. Алыстан іздемей-ақ, өзімнің дәл осы наурыз кезінде өткізген, қазақша өткізген шараларымның есебін жоғары жаққа екі тілде тапсыруға мәжбүрмін. Тәуелсіздік алған қаншама жылдан бері дәл осы үрдіс қайталанып келеді. Тілге осындай немқұрайлы қарап келе жатқандар, өнерің өліп кетсе де қыңқ етпес. Тек өз есебі түгел болса болды. Әйтпесе, олар мемлекеттік тілді білмей отырған жоқ. Бұл елге қызмет істеген, әлі істеп жүрген ағаларда бар ортақ олқылық. Әсіресе Өскеменде жібімей тұрған тоң бұл.

Домбырамды кітапқа айырбастамаймын

– Бір қызыңыздың айтысқа қатысып жүргенін білеміз. Сол балаңыз бойындағы өнерін әрі қарай дамыта түскенін қалайсыз ба? Айтыстың соңынан түсіп ел кезу әйел адамға ауыр болмай ма?

– Балалардың өнерге жақындығы кішкентай кезден байқалған. Қазір төртінші курс студенті. Олардың қара домбыраға жақындығы тек менің тарапымнан келген қасиет деп айта алмаймын. Әкесі де өнер жолындағы адам. Мен тұрмысқа шыққан кезде сыңарымның өнер адамы болғанына анам қатты қуанды. «Құралай бала кезден сумкасына қуаныш толтырып әкелуші еді. Есейгенде тағы да Қуанышпен табысты» деп еді күйеуімнің аты Қуаныш екенін меңзеп. Сол кездегі анамның күйеу баласына айтқан жалғыз тілегі – «домбырасын тастатпа» деп еді. Сол тілекті бұлжытпай орындады, отағасы тарапынан өнеріме ешқандай тұсау салынбады. Балаларыма да әкенің қанымен, шешенің сүтімен сіңген өнерді мен шектемес едім. Кейде жазған өлеңдерін байқап жүремін. Сондықтан оларды қолдамасам, өнеріне кедергі келтірмеймін деп ойлаймын. Тіпті, қажет болса өз қолыммен жетелеп апарар едім.

– Сіз айтыс сахнасынан алыстағалы біраз уақыт болып қалды. Қыранды бабы келгенде аңға салмаса иесіне түседі екен. Сіз шабытты шағыңызда энергияңызды қайда жұмсайсыз?

Құралай Камалиева, айтыскер ақын: – Жыр міндетінен, жар міндетін жоғары бағаладым

– Кітапханада жұмыс істеп жүрмін ғой. Күн сайын шапқылап жүргендіктен шабытты қайда шығарам деп ширығып отыратын уақыт та бола бермейді. Бұл да руханият саласы болғандықтан жұмысыңнан қажетті ләзат таба аласың.

– Әдетте өнерде үлкенірек жетістікке жету үшін үлкенірек құрбандық беру керек деп жатады. Мүмкін сіз сол құрбандықты бермедіңіз… Өйтіп, атақ шығарып жүргенше жайлы жанұя, тыныш жұмыс керек болған шығар сізге.

– Мен отбасы мен жұмысыма кеткен уақытым үшін әйел ретінде ешқашанда өкінбеймін. Домбырам шертілмесе де, бесігім тербелсін дедім. Жыр міндетінен, жар міндетін жоғары бағаладым. Бірақ, барған жеріңде бағаңды дұрыс білмей жатса, ол да бір кем дүние. Өнер адамдарының онсыз да жаралы жүрегіне ол тіпті салмақ болады.

– Бір жаққа көшуіңіз керек болды. Не домбыраны, не кітапты алу керек болса, қайсысын таңдайсыз?

– Домбыраны аламын. Өйткені ол менің кітапты оқымай тұрған кездегі, мектеп табалдырығын аттамай тұрған кездегі жан серігім.

Арманым жартылай орындалды

– Домбыра демекші, сіз айтыс әлеміне өзіндік мақамымен келген ақынсыз. Қазіргі ақындардың қолынан келмей жүрген жетістік. Бүгінде «Құралайдың әуені» аталып кеткен ырғақты сіз қайдан алдыңыз?

– Ол негізі катондық ақын Әлібек Тойғанбаев ағаның әуені болтын. Сәл өзгешелеу айтылатын. Күйеуіміз Қуаныш екеуіміз ақылдаса отырып, маған ыңғайлы етіп өзгерткенбіз.

– Балалық кездегі армандарыңыз қаншалықты орындалып жатыр?

– Жартылай орындалды деуге болар. Менің бала арманым – әнші болып, сахнаға шығу еді.

– Жуықта жастарды қолдау мақсатында мемлекеттен қомақты қаржы ұтып алыпсыз. Өзіңіз көрген қиянат пен соқпақты жастарға көрсетпеу мақсатында қолға алып жатырсыз ба?

– Біздің Шығыс – тың жобалардың кені болғанымен, төл өнерді қолдау жағы қатты ақсап тұрғанын жаңа айттық қой. Осы олқылықтың орнын толтырар тұсқа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дөп келді. Оның үстіне биылғы жылды Жастар жылы деп атап отыр. Осы орайда біздің өңірде ақын, жыршы, термешілердің ортақ бас қосып отыратын заңды орны жоқ. Ал бұл республикалық деңгейде одақ болып құрылып қойған. Өнерді қолдайтын басқа облыстар баяғыда қолға алған. Сол себепті өзім жұмыс істеп отырған кітапхананың көмегімен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжатта басқармасына өз жобамды ұсындым. Жобамызды басқарма қолдап 13 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Бұл жас өнерпаздарды қолдауға үлкен мүмкіндік береді. Жалпы ұлт пен ұлтты, әлем халықтарын бір-бірне риясыз жақындататын дүние өнер ғой. Жуырда ақындар, жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман ағаға хабарласып, өз ұсыныстарымызды айттық. Бұйырса меморандум жасасатын болдық. Енді тек жұмыс істеу керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Осы айдарда

Back to top button