Денсаулық сақтау

Радиологиялық орталық келер жылы іске қосылады

Радиологиялық орталық келер жылы іске қосылады

Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен жиында Семейдегі радиологиялық орталықтың болашағы сөз болды. Жиынға қатысқан облыстық денсаулық сақтау, сондай-ақ, құрылыс және сәулет басқармаларының басшылары, медициналық нысанның құрылысын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды жеткізген компаниялардың өкілдері, арнайы жұмыс тобының мүшелері бүгінге дейін атқарылған іс жайында баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ биылғы сәуір айында Семейге жасаған сапары кезінде құрылысы ұзаққа созылған нысанның ісімен айналысатын тәуелсіз жұмыс тобы құрылуы керектігін айтып, осыған қатысты тиісті тапсырмалар жүктеген-ді.
Естеріңізге салайық, Семейдегі радиологиялық орталықтың құрылысы 2013 жылы пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда, құрылыс жүргізген, сонымен қатар, медициналық аппаратураны жеткізуді мойнына алған компаниялардың жіберген қателіктері салдарынан жұмыс екі жылға кешеуілдеді. Және орталықтың биыл да ашылмай қалатын түрі бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянниковтің мәліметіне қарағанда, радиологиялық орталықты дәл қазір іске қосу мүмін емес. Себебі, радилогиялық корпуста ең алдымен орын алған олқылықтарды жою жұмыстары жүргізілуі қажет.
– Қазан айының 20-сына дейін бас мердігер осы жұмыстардың желілік кестесін ұсынуы тиіс. Ал орталықтың пайдалануға берілетін уақытын шамамен келесі жылдың сегізінші айына белгілеп отырмыз. Біздің есебімізше, медициналық мекеменің сұйық радиоактивті қалдықтар бөлімшесіндегі кемшіліктерді жоюға дәл осынша уақыт кетеді, – деді Вадим Овсянников.
Ал құрылыс және сәулет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәди Отарбаев өз сөзінде жойылуы қажет олқылықтарға жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда, олар орталықтағы вентиляциялық жүйеге, ішкі әрлеу мен сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтауға, сондай-ақ, құрал-жабдықтың техникалық ерекшелігіне қатысты.
– Бұған қоса, орталықтың қызметкерлер құрамын оқытуға бірнеше ай кететін де естен шығармаған жөн. Онысыз аппаратураны іске қосу мүмкін емес, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ орталықтың қазіргі жағдайымен таныса келе, құзырлы мекемелер басшыларына бірқатар сұрақ қойды. Атап айтқанда, аймақ басшысын неге сұйық радиоактивті қалдықтармен жұмысты кейінге шегере тұрып, басқа жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды, мәселен, позитронды-эмиссиондық томографтарды іске қосуға болмайтыны қызықтырды.
Бұл сұраққа жауап берген тәуелсіз сарапшының бірі Сергей Лысухин аталмыш аппаратураны іске қосқанмен, онымен ары қарай жұмыс істеу мүмкін болмайтынын жеткізді. Себебі, ол үшін орталықта радиофармпрепараттар шығаратын арнайы техникамен жабдықталған бөлмелер болуы керек. Бұған қоса, нысанның вентиляциялық жүйесі де ондай жұмыстарды бастауға әзір емес.
Семейге арнайы шақыртылған мамандардың сапалы сараптамалық жұмысы нәтижесінде нысанда орын алуы мүмкін болған бірқатар олқылыққа жол берілмеді.
– Мердігер компанияның жауапсыздығы кесірінен нысанның пайдалануға берілу уақыты үш жылға кешіктірілуде. Қазір орталықтың бір ғана бөлімшесіндегі аяқталмай қалған жұмыстың салдарынан бүкіл мекеме іске қосылмай тұр. Мұның үстіне, дәл осы сұйық радиоактивті қалдықтар бөлімшесіне сапасыз, яғни, жинақталмайтын құрал-жабдықтар жеткізілген. Осындай үлкенді-кішілі қателіктер жинала келе жүйелі проблемаға айналған. Дәл қазір нысанды іске қосу мүмкін болмай тұрғандықтан, денсаулық сақтау басқармасына екі күн ішінде атқарылуы тиіс жұмыстың тұжырымды кестесін әзірлеуді тапсырамын. Ең бастысы, қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс. Жаңа техника әзір. Мамандар онымен жұмыс істеуге болатынын айтып сендіруде. Енді нысанды тездетіп іске қосу ғана қалды, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ радиологиялық орталық келесі жылдың соңына дейін ашылып, қызмет көрсете бастауы керектігін қадап ескертті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button