Денсаулық сақтау

Радиологиялық орталық белгіленген мерзімде іске қосылады

Радиологиялық орталық белгіленген мерзімде іске қосылады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансердің жанынан тұрғызылып жатқан радиологиялық орталықтың құрылысымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының мамандарымен және бірқатар тиісті мекеме басшыларымен жиын өткізді.
Жиында полигоннан зардап шеккендерді емдеуге бағытталған радиологиялық орталыққа қажетті жоғарғы технологиялық қондырғылардың жеткізілуі, орналастыруы жайында сөз қозғалды. Айта кету керек, орталықтың құрылысы мерзімінен кешеуілдеп жатқанына біршама уақыт болған. Жиында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталмыш нысанда бірнеше рет болғанын, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін бас мердігер «ИртышГэсСтрой» ЖШС-нің бас директоры Александр Изотовтың жұмысты әлі де болса кешіктіріп жатқанын айтып, ескертті. Бұған қоса облыс басшысы осы уақытқа дейін нақты кемшіліктер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндауды сұрады. Мердігер компания «ИртышГэсСтрой» ЖШС-нің бас директоры А.Изотов облыс әкіміне ағымдағы жылдың сәуір айында нысанды тапсыратындығын айтып, уәде берді. Ең алдымен, әрине, бөлмелер іші жабдықталуы тиіс.
– Сіздің тапсырмаңызбен тәуелсіз сараптама тобы жұмыстар жүргізіп, бірқатар мәселелер анықталды, – деді Александр Изотов. – Негізгі кемшіліктер құрылыс жұмыстары мен қондырғыларда болып отыр. Оларды қалпына келтіру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол топтың ұсынысымен аталған нысандағы жұмыстарды аяқтау үшін қызмет көрсететін ұйыммен келісімге келдік. Бүгінгі күні желдеткішті тексеру жұмыстары аяқталды. Бір ай көлемінде желдеткіш бойынша орын алған кемшілік қалпына келтірілетін болады.
– Осы радиологиялық орталық проблемалары нақтыланған 5-наурыздағы жиыннан бері қарай біршама уақыт өтті, осы аралықта қандай жұмыстар атқардыңыздар, – деген аймақ басшысының сауалына облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Юрий Шматко жауап берді. Оның айтуынша, «Медтехника» АҚ келісім бойынша 116 техникалық жабдықты бүгінде толық жеткізген. Бірақ оларды таза әрі құрылысы толық аяқталған жерлерге орналастыру керек.
«Медтехника» АҚ бас директоры Наталья Храмченко да бұл сөзді растап, өздері келісімшарт бойынша 116 жабдықты жеткізгенін, бірақ ПЭТ-64 қондырғысының қаражат мәселесі шешілмегендігін айтты. Онкологиялық диспансер директоры Марат Сандыбаев барлық жабдықтар орналасатын бөлмелердің ішкі жағындағы дайындығы аса маңызды екендігін атап көрсетті. Себебі, олар әлемдік стандарттағы жабдықтар, сондықтан оларды кез келген жерге қоя салуға болмайды.
Берілген тапсырмалардың орындалуын және сын-ескертпелердің қалай түзетіліп жатқанын сұрастырған облыс әкімі алдағы уақытта радиологиялық орталық құрылысының әрбір мәселесін қадағалап отыратындығын жеткізді. Әсіресе, терапия және радионуклидті диагностика бөлімінің құрылысын жылдамырақ аяқтап, сәуір айы туысымен медицина мекемесінің айналасын абаттандырған жөн. Облыс әкімі «ИртышГэсСтрой» директорына шетелден әкелінген бөлме желдеткіштерін және тағы басқа құралдарды орналастыру үшін қажетті хорватиялық есіктерді тездетіп жеткізуді тапсырды. Хорватия елінен әкелінетін арнайы есіктер радиологиялық орталық бөлмелеріне орналастырылуы аса қажет. «Медтехника» АҚ бас директоры Наталья Храмченкоға басқа да қажетті техникаларды жеткізуі үшін өзара келісімге келу қажеттігі тапсырылды. Қорыта айтқанда, жақын аралықта радиологиялық орталық іске қосылуы тиіс.
Облыс әкімі іссапар барысында гематологиялық орталықтың құрылыс орнын көріп, бекітті. Мұнымен қоса, аймақ басшысы болашақ орталықтың медициналық қызметкерлеріне арналған тұрғын үй құрылысын қарастыруды да тапсырды.
Нысан қарағайлы орманда орналасатын болады, онда климатреттегіш функцияны атқаратын 1-топтағы айырықша құнды ормандар бар.
Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімдігі Семей қаласында 150 төсек-орындық гематологиялық орталық құру бойынша жұмыс жүргізуде, бұл тұрғындарға гематологиялық көмек көрсетудің қолжетімдігі мен сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Орталықта емдеудің және қан жүйесі ауруларын диагностикалаудың жоғары технологиялық әдістері қолданылады, оның ішінде жілік майын алмастыру да бар.
Орталық қан және лимфоидты жүйе ауруларына шалдыққан науқастарға медициналық қызмет көрсететін Қазақстандағы және Орталық Азия аумағындағы бірден-бір клиникалық кешен болмақ. Жобаны іске асырудың нәтижесінде ел тұрғындарының гемобластоздардан өлімін орташа әлемдік деңгейге дейін төмендетуге болады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button