Өзекті

Өңір медицинасы өркендеп келеді

Облысқа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге Өскемендегі №1 қалалық аурухананы, ведомствоаралық бірыңғай ахуал орталығын және басқа да нысандарды аралап көрді.

№1 қалалық аурухана базасында құрылған еліміздегі тұңғыш роботтандырылған хирургия орталығының жұмысымен танысқан Премьер-Министрге ондағы заманауи операциялық-цифрлық кешеннің қызметі туралы кеңінен баяндалды.

Мамандардың айтуынша, бұл ауруханада жылына 23 мыңнан астам науқас емделеді. Емдеу мекемесінің қабылдау бөлімінде науқас адамдарға хирургия, травматология, урология, нейрохирургия, гастроэнтерология, эндокринология, гинекология, инфекция бейіндері бойынша жоспарлы және шұғыл көмек түрлері көрсетіледі. Былтыр ғана ашылған орталықтың жаңа операциялық блогында бүгінгі күнге дейін 2173 операция жасалған, оның ішінде 228-і роботтандырылған операция бөлмесінде жүзеге асырылды. Итальяндық «TransEnterix» фирмасының роботтандырылған қондырғысы аса күрделі оталарды роботтың көмегімен аз уақыт ішінде жасауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұндай операциядан кейін науқастар жылдам жазылып шығады.

Ал ангиографиялық операциялық залда мидың, аяқ-қолдың және іш құрылысының тамырларына ота жасалады. Урологиялық операция бөлмесінде барлық ота эндоскопиялық әдіспен жүргізіледі. Жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықты аралап шыққан Үкімет басшысы мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, жалпы, Шығыс Қазақстанның медицина саласы көш ілгері кеткенін ерекше атап көрсетті.

Сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Мамин өңіріміздің бас шаһарындағы Онкология және хирургия орталығында болды. Озық технологиялық құрал-жабдықтармен қамтылған аталмыш орталыққа биыл қатерлі ісікті ерте кезден анықтай алатын магнитті-резонанстық томограф сатып алынған. Дәрігерлердің айтуынша, мұнда заманауи сәулелі терапияның барлық түрі жүргізіледі және жылына 650-ден астам адам емделеді. Соның арқасында биылдан бастап облыс халқына медициналық диагностиканың қымбат түрлері қолжетімді болды.

Айта кетер бір жайт, заманауи медициналық құралдар сатып әкелінген соң, онымен жұмыс істей алатын мамандар керек, әрине. Осы орайда облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен орталықта кадрларды даярлау бағдарламасы қолға алынған. Нәтижесінде дәрігерлер отандық және шетелдік жетекші клиникаларда арнайы курстан өткізілуде. Бүгінге дейін барлығы 137 маман курста оқып келсе, оның  30-ы шетелде білім-білігін арттырып қайтты.

Өскемендегі ведомствоаралық бірыңғай ахуал орталығының қызметі барлық жағынан тиімді болып тұр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында құрылған орталықта облыс әкімінің қабылдау бөлмесі, бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет, қоғамдық құқықтық тәртіп қызметі, инвестициялық орталық секілді бірнеше сала біріктірілген. Бірыңғай орталықтың жұмысын көзбен көріп, ол жерде қызмет ететін мамандармен тілдескен Премьер-Министр Асқар Мамин бүгінгідей цифрландыру заманында жедел әрі сарапталған ақпарат ұсынатын мұндай орталықтың тиімділігі мен маңызы зор екенін айтты.

Ол рас. Мәселен, осындағы инвестициялық алаң шетелдік инвесторлармен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында биылғы сегіз айда 387,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл аз сома емес.

Бірыңғай кезекші-диспечерлік қызмет – адамдардың қауіпсіздігіне жұмыс істейтін бірден-бір құрылым. Онда «Сергек» камераларынан келіп түсетін ақпарат өңделеді.

Орталықтағы тұрғындардың проблемасын шешуге ықпал ететін құрылымның бірі – облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі. Мұнда барлық мәселе бойынша өтініштер қаралады. Әлеуметтік желі, портал, мобильді қосымша арқылы түскен өтініш-сұрақтарға тиісті жауап беріліп қана қоймай, бұл жерде облыс əкімі Даниал Ахметовпен тікелей кездесуге де мүмкіндік бар. Бүгінге дейін мұнда бес мыңға жуық адам жүгінген. Соның ішінде 4 600 адамның өтініші қаралып, нақты жауап қайтарылған.

“Дидар”-ақпарат.

Осы айдарда

Back to top button