Экономика

Ірі кәсіпорындардың жұмысына терең талдау қажет

Ірі кәсіпорындардың жұмысына терең талдау қажет

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ орта және ірі бизнес өкілдерімен селекторлық режимде кеңес өткізді.
Кеңесте төрт мәселе қаралды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтов орта және ірі кәсіпорындардағы өнеркәсіп өнімділігі, инвестициялық жобалар мен инновациялық даму қарқыны, әлеуметтік жауапкершілік пен өсімнің қосымша көздеріне бет бұру деңгейі, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өндіріс процесінде отандық мазмұнды ұлғайтуға күш салу көрсеткіштері жөнінде ақпарат берді.

Жергілікті өнімдерді пайдалануға жете назар аудару керек

Өңірдегі ірі кәсіпорындардың сегіз айда өндірген өнімдерінің көлемі 100,5 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 105 пайызға жетуі тиіс. Мұндай межені бағындыру үшін индустрияландыру картасына енген жобалардың бойына қан жүгіртіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан жобаларды ширату қажет. Экономикалық өсімнің қосымша көздерін тауып, пайдаға жарату ісі де көрсеткіштің жақсаруына септігін тигізбек. Шәкәрім Бұқтұғұтов қалған үш айдың ішінде аталған межені бағындыруға әбден болатынын жеткізді.
Орта және ірі кәсіпорындардың өндіріс процесіне отандық өнімдерді пайдалану көрсеткіші 45 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50 пайыздан асыру міндеті тұр. «Самұрық-Энерго», «Қазмұнайгаз», «Қазақстан теміржолы» сынды ұлттық компаниялар өндіріске жергілікті өнімдерді пайдалану көрсеткішін жарты жылдың ішінде еселеп арттырған. Орта және ірі кәсіпорындардың ТМД, Кедендік Одақ елдерімен тауар айналымы мардымсыз күйде қалып отырса керек. Атап айтсақ, «Қазцинк», «ТМК», «Конденсаторы зауыты» тәрізді компаниялар аталмыш елдерге тауар шығару көлемін азайтқан. Ал «Кэмонт» АҚ сыртқы тауар айналымын бес есеге дейін құлдыратып жіберген.
Аталмыш санаттағы кәсіпорындар 34 ірі өндірістік жобаға 261 млр. теңге инвестиция құйған. Алайда, сол 34 жобаның 13-і кестеден кешігуде. Мәселен, «Балум Каз сервис» ЖШС-нің қатысуымен Өскеменде қолға алынған жоба екі жыл бойы тұралап келеді. Облыс басшысы ең әуелі орта және ірі кәсіпорындардың жұмысына терең талдау жасалмайтынын сынға алды.
-Сіз аталмыш кәсіпорындардың жұмысына алты қыр бойынша талдау жасадыңыз. Бірақ соның алтауында да айналдырған он шақты кәсіпорын бойынша ғана мәліметтер ұсынып отырсыз. Тым болмағанда облыс экономикасына ықпалы елеулі кәсіпорындардың тізіміне кірген 40-тан астам компанияның жағдайынан мәлімет беруіңіз керек еді. Бұл аталмыш кәсіпорындардың жағдайына терең талдау жасалмай жатыр дегенді білдіреді, – деген аймақ басшысы өндіріс алпауыттарының еңбекақыны өсіру деңгейі бойынша да нақты талдау жоқ екенін тілге тиек етті.
-Өздеріңіз білесіздер, Елбасының өндіріс орындарында еңбекақыны 10-15 пайызға өсіру жөнінде берген тапсырмасы бар. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш бойынша көршілес Қарағанды, Павлодар облыстарының соңында қалып келеміз. Шындығына келгенде, бұл тұрғыда біздің әлеуетіміз олардан еш кем емес, – деген өңір басшысы орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа аталған мәселені бір айдың ішінде ретке келтіруді тапсырды.
Өнеркәсіп орындарында энерготиімділік бағдарламасының жүзеге асу барысы жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Оразалин баяндады. Облыс әкімі бұл мәселеде де терең талдау жоқ екенін баса айтып, кәсіпорындарда энергия қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын 3-4 өндіріс ошағындағы жағдайға қарап айту мүмкін емес екенін ескертті.
– Біз энергияны тиімді пайдалану мәселесін көтергелі екі жыл уақыт болды. Ал сіз тек төрт кәсіпорын бойынша ғана ақпарат беріп тұрсыз. Сонда екі жыл бойы осы аталған төрт кәсіпорынмен ғана жұмыс істедіңіздер ме? Әлде қалған кәсіпорындарда да жағдай дәл осындай ма? Егер олай болса, облыста энергия тапшылығы болмас еді, -деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы энергияны тиімді пайдалануға қажет қондығылардың көбі жергілікті өндіріс орындарында шығарылып жатқанымен, кәсіпорындардың импортқа әуестігін де сынға алып, оларды «Кэмонт», «Конденсатор зауыты» сынды кәсіпорындардың өнімін алуға шақырды.

Еңбекақыны еселеу жөнінде тапсырма берілді

Өндіріс алпауыттарының облыс бюджетіндегі үлесі мен салық түсімдері жөнінде салық департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков мәлімет берді. Облыста орта және ірі бизнес өкілі санатына жататын 211 кәсіпорын салық төлеуші ретінде тіркелген. Оладың тарапынан республикалық бюджетке түсетін кіріс мөлшері азайғанымен, жергілікті бюджетке түсетін кіріс көзі артып отыр. Бөлінген субсидиялар мен мемлекеттік қолдаудың қайтарымы нашар кәсіпорындар тізімінде «ТМК» кәсіпорны да бар. Әсіресе, «Корунд» ЖШС мен «Секисовка» тау-кен кәсіпорны салық есептілігінің шарттарына бағынбай, еңбекақыны көтеру жөніндегі міндеттемелерді аттап өткен. Бауыржан Айнабеков осындай кәсіпорындардың кесірінен салық берешегі 1,2 млрд. теңгені құрап отырғанын атап өтті.
Экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин кәсіпорындардың экологиялық қауіпсіздікті сақтау деңгейі және рұқсат етілген концентрацияны мөлшерден тыс асырғаны үшін төленген айыппұлдар жөнінде ақпарат берді. Өңір басшысы экологиялық қауіпсіздікке зиян келтірген кәсіпорындардың ісін аяғына дейін жеткізудің маңызы зор екенін ерекше атады.
– Салған айыппұлдарыңызды толық өндіріп алмағандарыңыз дұрыс емес. Айыппұл қағаз жүзінде қалғанын көрген кәсіпорындар талабыңызға пысқырып та қарамайтын болады. Олар жіберген қателігін қайталамас үшін, айыппұл міндетті түрде өндіріп алынуы керек, – деді облыс әкімі.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ барлық талқыланған мәселелер бойынша тұрақты әрі терең талдаулар жасалып тұруы керектігін айтып, бұл істі орынбасарлары мен басқарма басшыларына жүктеді. Ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес өкілдеріне қарайласу деңгейіне көңілі толмайтынын айтқан аймақ басшысы «ҮМЗ», «ТМК», «Өскемен арматура зауыты», «Өскемен конденсатор зауыты» сынды кәсіпорындарды осы тұрғыдағы жұмыстарға көңіл бөлуге шақырды. Ал жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың мемлекет тарапынан қазба байлықтарын барлауға бөлінген қаржыны тиімді игеруін қадағалау Шәкәрім Бұқтұғұтовқа жүктелді. Аумағында орта және ірі кәсіпорындар орналасқан аудан, қала басшыларына еңбекақы мөлшерін арттыру бойынша жұмыстар жүргізу тапсырылды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button