Өзекті

Қыркүйекте халық санағы басталады

Биылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін елімізде «Қазақстанда әркім маңызды!» ұранымен жалпыұлттық халық санағы өтеді.

– Алдағы санақтың басты жаңалығы заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру болады, яғни азаматтарға сауалнама парақтарын өз бетінше онлайн немесе үй-үйді аралау кезінде дәстүрлі түрде – оффлайн толтыруға мүмкіндік беріледі, – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Осы ретте 1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz сайты жұмыс істей бастайды, ол 15 қазанға дейін санақ сұрақтарына жауап беру үшін қолжетімді болады.

Үй-үйді аралау 1 қазаннан 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді және онлайн санақтан өтпеген респонденттер арасында жүргізіледі.

– Интервьюерлердің электрондық планшеттерді пайдалануы дәстүрлі кезеңнің жаңалығы болмақ. Бұл санақ қызметкерлерінің еңбек шығындарын азайтуға, адам факторының деректер сапасына әсерін кемітуге, жеке сәйкес ЖСН-ді қолдана отырып, халық санағы деректерінің шынайылық деңгейін көтеруге, қағаз бен кеңсе керек-жарақтарын едәуір үнемдеуге, сондай-ақ деректерді жинау кезінде интервьюерлердің ыңғайлылығы мен ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық статистика бюросында.

Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сауал алынатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Бұл мәліметтердің қайталануын болдырмайды.

Сонымен, санақ кезінде азаматтардан не туралы сұралады?

Ел азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады – 67 негізгі сұрақ және 20 нақтылаушы сұрақ. Атап өтерлігі, санақ парақтарына енгізілген сұрақтар тізімі айтарлықтай кеңейтіліп отыр. Бұған 2020 жылғы турдағы халық пен тұрғын үй қорының санағын жүргізу жөніндегі еуропалық статисттердің ұсыныстары және ТМД мемлекетаралық статистика комитетінің әдіснамалық материалдары негіз болды.

Мәселен, 73 сұрақ бойынша сауалнама жүргізілген 2009 жылғы ұлттық санақтан айырмашылығы сол – 2021 жылғы санақта көші-қон, жұмыспен қамту, неке жағдайы, туу және тілдерді білу туралы сауалдар кеңейтілді. Сондай-ақ БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы бойынша вашингтондық тобы ұсынған жаңа сұрақтар да бар, олардың мақсаты – мүгедектік өлшемдеріне назар аудара отырып, денсаулық сақтау статистикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.

Ұлттық санақтың онлайн өтуіне келетін болсақ, sanaq.gov.kz сайты 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады, бұл ретте сайтта бланк толтыруды үзу және кейіннен жалғастыру мүмкіндігі болады.

Egov.kz электрондық үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналасады, сол арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) санақтан өтуге болады.

Мобильді азаматтар үшін Aitu мобильді қосымшасы арқылы ұлттық санақтан өту мүмкіндігі ұсынылады.

Сонымен қатар ұлттық санақ кезінде ұялы және стационарлы телефондарға арналған 1446 бірыңғай колл-орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ 8 8000 800 878 нөмірі бойынша нақтылау сұрақтарын қоюға болады. Колл-орталыққа қоңырау шалу – тегін.

 

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button